Қаһарлы Мао Цзедунды мойындатқан КГБ полковнигін білеміз бе?
Иісі қазақтың атажұрты шырғалаңға толы Шыңжаң... Қазақ тарихының қалтарыста қалған қасіретті һәм өр ерлікке толы парақтары, Алаш жұрты үшін әлі күнге дейін ашыла қоймаған ақтаңдақ беттері екені даусыз. Шындығы айтылмаған Шыңжаң тарихы Қытай мен Ресей империялары өңмеңдеп қос бүйірден қысып, күш көрсетсе де өр кеудесі басылмаған, намысын таптатпаған қазақтың «тар жол, тайғақ кешуі» еді.
Атам заманнан қазақтың ен жайлаған Іле, Алтай, Тарбағатай аймағын шарпыған ұлт-азаттық қозғалыс дүркін-дүркін бұрқ етіп отырды. Қытай отаршылдығына, Гоминьдань, Шыңшысай өкіметтерінің адам төзгісіз қысым-қиянатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың басында Демежан, Бөке, Зуха, Оспан, Елісхан, Әкбар, Сейіт, Бүркітбай, Сұлубай, Байкенже, Шетікбай, Нұрсапа, Жақыпжан, Арқалық секілді ереуіл атқа ер салған, егеулі найза қолға алған батыр, қаһармандардың қатарында КГБ полковнигі болған Сансызбай атамыздың есімі аталады. Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің кәусар бұлақтай мөлдірлігін сақтап қалған көшпелі жұрттың көшіндегі соңғы бұлқынысы, алапат арпалысы көрініс тапқан «Соңғы көш» романының шынайы өмірдегі кейіпкері, тарихтағы қаһарманы осы Сансызбай Иісұлы еді. Ол кісінің ұрпағы Мұхамедкәрім Иісов пен Фариха Иісованың «Өмір-өткел» деп аталатын ғұмырнамалық кітабында сол бір күрделі кезеңнің күрескері, екі империя тарапынан езгі көрген ұлтына араша түскен КГБ полковнигінің ерлікке толы өмірі баяндалады. Осыдан 100 жыл бұрын Мақаншы өңірі Көктал елді мекенінің Ескі Қоныстау аталатын ауылында дүниеге келген Сансызбай Иісұлы жеті жасынан бастап молдадан арабша оқып, сауатын ашады. Аудан ортасындағы орыс мектебінен білім алып, жасынан зеректігімен көзге түскен Сансызбай жер-жерде жаңадан орнай бастаған Кеңес өкіметінің комсомол ұйымының хатшысы болып сайланады. Алайда большевиктер заманының ылаңы салдарынан қазақ даласының берекелі тіршілігінің шырқы бұзылып, дәстүрлі шаруашылығының жүйесі күйреп, күштеп меншігінен айыру, тап жауы ретінде қуғындау, осының бәрі елді аштыққа, босқыншылыққа ұшыратады. Жас Сансызбай елден ауа көшкен жұртпен бірге Шыңжаң аймағына бет алып кетеді. Сансызбай атамыздың:
...Баласы Байғананың мен Сансызбай,
Жүруші ем еш нәрсені парық қылмай.
Бір «Алла» тілегімнен қабыл қылғыл,
Дұшпанның табасына шалдықтырмай.
Жасымда, дәл он жетім, міндім атқа,
Дәм тартып келіп едім осы жаққа.
Ішінде мен баласы, Байғананың,
Артық емес білгенім, ел мен жатқа», – деп күңірене жазғанындай, жастайынан Шыңжаңдағы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысып, Керей, Мәмбет, Сайболат, Дөртуіл елдерінде партизандық ұйымдарға басшылық етеді.
Ешкім айтып, түсініп болмайтын күрделі кезеңдегі оның күрескерлік жолы өзгеше еді. Кеңес Одағының КГБ-сі қатарында басын қауіп-қатерге тігіп, талай-талай қаракөз қазағын дұшпанның ажал тырнағынан аман алып қалып, босқын атанған халқының жоғын жоқтап, әлсіздерді әлділермен теңестірген ұлтшыл жанның өмір жолы аңызға бергісіз. Әр сапарға жаназасын өзі шығарып, аттанатын Сансызбай атамыз Құдайдың құдіретімен, ақыл-парасат, амал-айласының арқасында дұшпанның қолынан босап, өлімнің аузынан талай аман-есен оралып отырғаны ғажап хикмет дерсіз. Сансызбай атамыздың естелігіндегі: «...бірер солдаттарыммен шығып, олардан 3-4 метр алға жылжып, Жайтөбені көруге асығамын. Алыстан бұлдырап көзіме оттай ыстық басылған Жайтөбені көргенде көзімнен ыстық жас төгіліп-төгіліп кетеді. Жауынгерлеріме көрсетпей, көз жасымды сығып-сығып алушы едім. Жайтөбеден көз алмай тұрып бір Алладан тілеген тілегім: «Өзің жаратқан Сансызбай болсам, дұшпанның найзасына іліндірмей, Жайтөбенің топырағынан бұйырта гөр» деп жалбарынатын едім», – деген сөзінен оның Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігіне көз жеткіземіз. «Орысқа бағынбаймын, Қытайға табынбаймын» деп өткен есіл ер Оспанның баласы Шертиманның басшылығымен Түркияға кетпекші болған қазақтарды бейбіт келіссөз арқылы қаруларын тапсыртып, жергілікті өз жерлерінен кетірмеу үшін елші болып барып, райынан қайтарған да, ізіне түскен жауларын сан соқтырып кеткен де, екі елдің ортасында құпия қызметте жүріп, ұлтына игі пайдасын тигізген де, сырттағы ағайынды Қазақстанға көшіруге зор еңбек сіңірген де осы Сансызбай Иісұлы еді. Қытайдың қаһарлы басшысы Мао Цзедуннің өзі қабылдауында болған Сансызбай Иісұлына қытай тілінде: «Әй, қара бала, қара бала! Менің қасымда дәл сенің басыңдай басы бар үш жігіт болса ғой, шіркін!» – деп басын шайқап, тамсанған екен. Оның бүкіл тағдыры сол сәтте қылышынан қан тамған Маоның қолында еді. Өмір бойы Қытай өкіметіне қарсы күрескен Сансызбай атамызды миллиондарды қырған Мао Цзедун да өлімге қия алмады. Ақыл-парасаты, амал-айласы асқан қазақтың ер ұлы Сансызбай Иісұлы атамыздың миллиард халқы бар елдің басшысын мойындатқанының өзі неге тұрады?
1954 жылы орталығы Құлжа қаласы болған Қазақ автономды облысы құрылып, Сансызбай Иісұлы сонда транспорт бөлімінің бастығы болып тағайындалып, қазағына көп қарасады. 1956 жылы Қазақстанға қайтатын кезде Шәуешекке келіп, Тарбағатай аймағындағы 1916-1932 жылдары қоныс аударған қазақтардың басшыларымен жолығып, оларды Отанға қоныс аударуға шақырады. Сөйтіп, Сансызбай Иісұлының тікелей араласуымен 1962 жылдың сәуір айында қалың қазақ көші елге оралады. Семей облысы, Мақаншы өңіріндегі Сансызбай атамыз елге оралғаннан кейін негізін қалаған көк майса Көктал ауылы сол кісінің ерен еңбегінің жемісі екенін ауыл-аймақ жыр ғып айтады.
Тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздік комитетінің мүшел тойының белесінде қос империяның қыспағындағы халқына қорған болған, полковник шенінде КСРО-ның әскери құпия қызметінде халқына өлшеусіз еңбек сіңірген Сансызбай Иісұлының 100 жылдық мерейтойы елеусіз қалмауы керек-ау.