«Қарағанды - еліміздегі урбанизация деңгейі ең жоғары облыс»: Президент
Қала халқының тіршілігі ондағы ірі кәсіпорындарға тәуелді екені жасырын емес. Шағын қалалардан халық көшіп жатыр. Бұл – өзекті мәселе.
Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды, деп хабарлайды Борт N 1 телеграмм арнасы.
Тоқаев: «Қарағанды табиғи байлығымен ғана қазыналы деп аталмағаны анық. Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан аймақтың рухани қазынасы да орасан зор.
Талай тарихи оқиғаның куәсі болған шежірелі аймақтан қазақтың көптеген біртуар тұлғалары шыққан. Қарағанды өңірі – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер».
Тоқаев Қарағанды өңіріндегі бірқатар автожол құрылысы бойынша тапсырма берді. «Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтеді. Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық.
Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын.
Сонымен бірге, «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек.
Сондай-ақ, «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет».
«Қарағанды – еліміздегі урбанизация деңгейі ең жоғары облыс. Өңір халқының 80 пайызы қалада тұрады. Мұндағы өндірістің едәуір бөлігі 5 моноқаланың еншісінде. Облыс тұрғындарының 40 пайызы осында қоныстанған.
Қала халқының тіршілігі ондағы ірі кәсіпорындарға тәуелді екені жасырын емес. Шағын қалалардан халық көшіп жатыр. Бұл – өзекті мәселе», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Тоқаев таза су мәселесін де тілге тиек етті: «Облыстағы 176 ауылда таза су жоқ. Биыл 37 елді мекенге таза су беріледі. Басқа ауылдарды көп созбай сумен қамту қажет. Соңғы жылдары Балқаш көлі күрт тартылып барады. Еліміздің орталығын сумен қамтамасыз ететін Сәтбаев каналының техникалық жағдайы мәз емес. Білікті мамандармен бірлесіп, осы екі мәселені мұқият зерттеуді тапсырамын.
Көлді сақтау және каналды қалпына келтіру үшін барлық шаралар қабылдануы керек. Қазір суды тазартып, тұшытатын заманауи технологиялар баршылық. Қандай шөлді жер болса да, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге болады. Әкімдік ірі бизнес өкілдерімен бірге бұл жұмысты мықтап қолға алуы керек».