Қазақ тарихы әлемдік тарихи үдерістердің ажырамас бөлігіне айналуы керек
Ұлт тарихына қатысты зерттеулерді кеңейту, тереңдету туралы Елбасының бастамасынан бері бұл істе сең қозғалған-ды. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин төраға болып, арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Осы топтың екі отырысы өтіп, тарихшыларға қадау-қадау тапсырмалар жүктелді. Ғылыми-тарихи қоғамдастықпен бірлесе іске кіріскен жұмыс тобының үшінші отырысы кеше Ақордада өткен болатын. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин жетекшілік еткен жиында бұған дейінгі атқарылған істер айтылып, алға жүктелген бағыт сараланды.
Билік партиясының «Атқарылған істер аз емес» деп келетін ұраны бар еді. Дәл осы қанатты сөзді ұлттық тарихты түбірімен зерделеуге кіріскен ведомствоаралық жұмыс тобына қаратып айтуға да келеді. Шындығында, атқарылған істер аз емес. Алқа жиынын ашқан Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин жас тарихшылар қауымдастығы құрылғанына, жоғары оқу орындарында білімді кадрларды және тарих мамандары бойынша докторларды даярлауға қажетті мемлекеттік тапсырыс көлемі едәуір артқанына назар аударған болатын.
Бұдан бөлек, Елбасы бастама жасаған «Халық – тарих толқынында» атты бағдарлама әзірленуде. Оның аясында көптеген тың дүниемен де танысып жатырмыз. Ал мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, «Халық – тарих толқынында» айдары аясында қазақстандық БАҚ-та 2170 материал жарық көрген. Жыл басында тарихшыларға Қазақстан тарихының арғы-бергі кезеңінде жинақталған және ұлт тарихының шынайы тарихи оқулықтарын жазу үшін тапсырмалар беріліп, біраз шаруа тындырылған. Дегенмен ғылыми зерттеуде шапшаңдық бірінші мәселе емес. «Әрине, тарихта жазылатын дүние бір жылдың не болмаса бірнеше айдың арасында еншісімен жүзеге аспайтындығы белгілі. Қазір тарихқа жылдам қосылған тарихшылар бүгін сақ тарихына, ертең ғұн тарихына, бүрсігүні түркі тарихына, арғы күні қазақ тарихына әмбебап шығармаларды топырлатып жаза береді. Олардың барлығы ғылыми айналымға түспейді және ғылым тарапынан үлкен баға да алмайды», – дейді атқарылған шаралар туралы баяндаған министр Мұхтар Абрарұлы. Министрдің пайымынша, сондықтан да тарихшылар бүкіл өмірін бір тақырыпты бастан-аяғына дейін зерттеуге арнайды. Ал оны жазып шығу үшін шетелдік мұрағаттардағы қазақ тарихына қатысты құжаттарды алдырып, ғылыми айналымға түсіріп зерттеп, жүйелеу қажет. Онсыз нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Мінеки, сондықтан да Мәдениет және ақпарат министрлігі «Халық – тарих толқынында» деген айдарға Қазақстанның барлық бұқаралық ақпарат құралдарын жұмылдырды. Аталған қысқа мерзімнің ішінде, 5 маусымнан бүгінге дейін 2100 материал жарық көрді.
Тарихшы қауым сынап-мінеуді қойып, жұмысқа төтенше кіріссе игі
Қазақтың мәдени мұрасына қатысты деректерді шетелдік мұрағаттардан жинақтау жұмысы да жанданып еді. Жалпы, қазақстандық ғалымдар он елдің қорларына ғылыми іссапармен арнайы барып, құнды дүниелерге кезіккен. Нәтижесінде экспедицияға қатысушылар тарихи естеліктерді қалпына келтіру, Түркі қағанатының қалыптасуы мен даму тарихы бойынша түркі тас жазулары жөнінде ауқымды жұмысты қайырған. Шыңғысхан дәуірі кезеңіне дейінгі түркі тайпаларының тарихи сабақтастығы мен бірыңғай этнографиялық байланыстары болғаны туралы том-том мәліметтер айқындалған. Моңғолиядан, Қытайдан, Германиядан көне дәуір, түркі руналық тас жазба, көне Үнді, Қытай дерекөздерінің негізіндегі ежелгі көшпенділер тарихы бойынша тарихи куәліктердің көшірмелері әкелінген. Олар түркі, ішінара қазақ халықтарының ата-бабалары тарихының прото-көне және орта түркілік кезеңдері туралы түсініктер береді. Ал Египетке, Иранға, Түркияға, Өзбекстанға, Қытайға, Үндістанға, Ресей мен Ұлыбританияға сапарлар барысында түркі хорезмшахтар тарихы, моңғолдар, ұйғырлар, мұсылман билеушілері тарихы, сондай-ақ Бодлеан және Британ кітапханаларындағы шығыс қолжазбалары көшіріліп әкелінген. «Әсіресе Иран архивінде қазақ хандығы екеуінің ортасындағы жазысқан хаттар, түрік архивтеріндегі қазақ хандарымен жазысқан хатта, Қытай архивіндегі Қытай императоры Цян Лунның кезіндегі Абылаймен екі ортадағы жазысқан хаттар бар. Олардың барлығы қазір қазақ архивіне келе бастады. Бұл жөнінде мүмкін жылдың аяғында үлкен көрме өткізіп, сонда көрсетерміз деп ойлаймын», – деді М. Құл-Мұхаммед.
Жиын барысында білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов өз саласында атқарылған шаралар туралы есеп берді. Оның айтуынша, биылдан бастап барлық мемлекеттік жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедралары ашылған. Тарих мамандығы бойынша PhD докторларын дайындауға мемлекеттік тапсырыс артыпты. Жалпы, Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің атқарған шараларын Мемлекеттік хатшы оң бағалады. Бағалап қана қойған жоқ, кейбір кемшіліктерге ескерту айтты. Ең бастысы, тарихшы қауымды ортақ іске жұмыла кірісуге шақырды. «Біз бірінші отырыста мұрағаттармен жұмыстарға байланысты дәстүрлі қадамдардан бөлек, жаңа заманауи құрылымдар туралы айттық. Кейде қайсыбір сыншылар «біраз уақыт өтті, түк жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрткенді жақсы көреді, кейбірі біткен іске сыншы болғанды ұнатады . Шындығында, бұл – 100 күн емес, жылдар, тіпті он шақты жылдар бойы атқаратын шаруа. Сондықтан да мен біздің тарихшы қауымды өз жұмыстарына баға бергенде мұқияттылыққа шақырғым келеді. Жылдар бойы атқарылатын шараларды аз күнге жоспарлап, соған ұмтылып жатырмыз. Түптеп келгенде ұлттық тарихымызды жаңғыртуды аз уақытта шеше алмаймыз, мұрағат ісінде де революция жасау қолымыздан келмейді. Дегенмен айналдырған 100 күннің ішінде заманауи төрт зертхана ашу екінің бірінің қолынан келер ме екен?» – деп атап өтті Марат Тәжин. «Біз министрліктер құрған зертханалар арқылы енді ғана тереңге бойлап келеміз. Әлбетте, кемшіліктер жоқ емес. Алайда қазір қолға алған дүниелер біздің тарихымызда ешқашан болған емес. Мен осы тұста кейбір тарихшы қауымды түсінбей қаламын. Мынадай ауқымды жұмыс қолға алынғанда оны қос қолын көтере қолдауы керек емес пе? «Анау дұрыс емес, мынау мынадай!» деп асүйдегі әңгімені айту сол қауымға керек емес деп ойлаймын. Тарихшы қауымнан атқарылып жатқан жұмысты шынайы бағалауды сұрар едім», – деді Марат Тәжин.
Шеттен әкелінген көшірмелер тарихтан тың тәлім береді
Жиын барысында Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі Меруерт Әбусейітова қазақстандық ғалымдардың шетелдік мұрағат орталықтарындағы жұмысының алдын ала нәтижелерін де жариялаған. Сенсацияға толы болмаса да, баяндама барысында «селт» еткізер дүниелер аз болмады. Мәселен, қазақстандық ғалымдар шеттен әкелген тәберік-көшірмелер арасында Саларджанг мұражайының қолжазбалар қорынан алынған Абдурахим ханның Тәуке ханға жазған жауап хаты табылған. Шамамен 1717-1718 жылдары Тәуке ханға жазған жауап хатында ол: «Сіздің Шыңғысханның ұрпағы екеніңізді жақсы білемін. Сол үшін құрметтеймін. Мен өзіңіз сұраған өтінішіңізді, сондай-ақ сыйлық ретінде бірнеше семсер қылыш жіберіп отырмын», – деп жазған екен. Ал Иранда Қазақ хандығының Орталық Азиядағы тарихи оқиғаларға етене араласқаны туралы деректер аршылыпты. Иран кітапханаларынан алынған бес қолжазбада Қазақ хандығы мен қызылбастар елі арасындағы өзара қарым-қатынас нақты көрсетілген. Онда Қасым ханның өзбек билеушілеріне өз әскерін беріп, қызылбастармен соғыстар жүргізгені туралы жазылған. «Сенсация деуге болады: Қытайдың Бірінші мұрағатынан ғана біздің ғалымдар маңызды құжаттар әкелді. Олар хандарымыздың сыртқы саясаты, әлеуметтік экономикасы, дипломатиясы туралы сырларға тұнып тұр. Оның ішінде Абылай ханның Цин императорына дәрі-дәрмек сұрап жазған хаты да бар. Яғни екі ел басшылары тек экономикалық, саяси сипатта ғана емес, өзара сенімділік негізінде де хат жазысқан», – дейді Меруерт Әбусейітова.
Сонымен қатар жиын барысында Mangi el халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи жұрналының сүйінші нөмірі таныстырылды. Жұрнал Қазақстаннан бөлек, таяу және алыс шетелдердегі түркі тілдес елдерге таралады. Сосын ведомство «Қазақстан тарихы» веб-порталының да тұсауын кесті. e-histori.kz порталында әрбір тарихи кезең үшін жеке беттер мен тұтастай айдарлар ашылған.
Ал жиынды қорытындылаған Марат Тәжин мемлекет тарапынан ғылыми-тарихи қауымдастықтың толыққанды кешенді қызметі үшін барлық жағдайлар жасалатынын мәлім етті. «Ауқымды жұмыс атқарылды. Ендігі кезек зиялы қауымның, тарихшылардың арқасындағы жүкте. Олар «не істеу керек?» дегенді қоюлары тиіс, мұрағатшылар секілді нақты іске кіріссе игі. Енді ғалымдардың міндеті – қазақ тарихын әлемдік тарихи үдерістің ажырамас бөлігі ретінде көріп, ұғынуға мүмкіндік беретін терең және объективті ғылыми зерттеулер мен байыпты талдаулар жүргізу. Қазақтың ұлттық тарихы – бұл әлемдік тарихтың бір бөлігі, соны барынша ертерек көрсете алсақ, жаһандық тарихқа да жақындай түсеміз», – деді жиынды түйіндеген Мемлекеттік хатшы. Сонымен қатар Марат Мұханбетқазыұлы ұлт тарихы жұмысында нақты бағдар беруші «Халық – тарих толқында» ғылыми зерттеулер бағдарламасын даярлау қарқынын жылдамдатуды тапсырды. Алдағы жоспарларға келсек, қазанның 5-інде Көкшетауда Абылай ханның 300 жылдығы аталып өтіледі. Ал 25 қазанда Төле бидің мерейтойы Тараз қаласында өтіп, онда атақты биге еңселі ескерткіш ашылады. Сосын келер айда ауқымды міндеттерге арналған Қазақстан тарихшылар конгресін академиялық деңгейде ұйымдастыру көзделіп отыр.