Қазақстан-Қытай: Ұлы Жібек жолы жаңғыра түспек
Өткен аптаның соңына қарай Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин елімізге мемлекеттік сапармен ат-басын бұрды. Бұл – оның Бүкілқытай басшысы ретінде қазақ жеріне алғаш аяқ басуы. Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өткен G-20 саммитінен кейін Қазақстанға арнайы сапарлап, Елбасы Н.Назарбаевпен жеке және кеңейтілген құрамда болған кездесуде екі ел басшылары қазақ-қытай байланыстарын кеңінен талқылап, бірқатар нақты келісімдер рәсімдеді. Сөйтіп, үш күн бойы қазақ жерінде аялдаған Қытайдың жаңа басшысы бізбен тығыз қарым-қатынас жасауға мүдделі екендігін танытты. Бұған Қазақ жағының да ықыласты екені бесенеден белгілі. Сөйтіп, Қытай елінің басшысы Қазақстаннан соң Өзбекстан мен Қырғыз елін сапарлай отырып, өз еліне қайтуды жоспарлаған.
Қытай Қазақстанды «ұлы көрші» ретінде қарастырады
Алып көрші – Қытай басшысының сапары бейресми шарадан басталды. Алдымен Си Цзиньпин елордадағы еңселі білім ошағы – Назарбаев университетіне бас сұғып, студенттер мен оқытушылар алдында дәріс оқыды. Оның дәрісі де ресми баяндамаға еш ұқсаған жоқ. Си Цзиньпин қарапайым тілде сөйлеп, қазақ-қытай достығын нақты әрі айшықты мысалдармен көрсете білгендей көрінді. Осының өзі әккі басшының төрағалық тізгініне ие болар тұсындағы «саясаттан емес, халықтан шыққандығы» туралы имиджін растай түсетін тәрізді. Сосын бұған бірінші басшы Си Цзиньпиннің өмірбаяны да дәлел болатындай. Айталық, Қытайдың болашақ басшысы шенеуніктер отбасынан шыққанына қарамастан, тағдыр тәлкегімен біршама қиыншылықты бастан өткерген. Әкесі Си Чжунсюн бүкілқытай халқына реформатор ретінде танымал болды. Мао Цзэдунның билігі кезінде қамауға алынып, Дэн Сяопиннің келуімен ғана ақталып шықты. Сол кезді Си Цзиньпиннің өзі бүгінде былай деп еске алады: «Мен ауырған күндерді санамағанда, жылына 365 күн жұмыс істедім. Жаңбыр мен шалшық суға қарамастан, жергілікті халықпен бірге шөп шауып, мал бақтым». Осылайша, қарапайым «қара баспалдақпен» Қытай төрағасы қызметіне дейін көтерілген Си Цзиньпиннің тағы бір ерекшелігі кітапты көп оқитындығында болса керек. Аспан асты елінің білдей басшысының бұл білгірлігін Назарбаев университетінде оқыған дәрісінен анық байқадық. Ол тек қазақтың мақал-мәтелдерін ғана емес, ұлы Абай атамыздың ұлағатты сөздерімен де жақсы таныс екен. Сөз арасында Ұлы дала тарихын да біліп, оған құрметпен қарайтынын да сөз етті.
«Мен Қытайдың ұлы көршісі – Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуіме аса қуаныштымын. Алдымен барша қазақстандықтарға Қытай халқының шын жүректен жолдаған сәлемін жеткізгім келіп отыр», – деп бастады өз сөзін Си Цзиньпин. Сосын ҚХР төрағасы сөзін былайша сабақтады: «Құрметті достар, осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын Қытайдың Хань династиясының елшісі Чжан Цянь достық пен бейбітшілік миссиясымен Орталық Азияға екі рет барып, дипломатиялық қатынастарды орнатуға күш салды. Содан Ұлы Жібек жолы ашылып, шығыстан батысқа қарай, Азиядан Еуропаға сауда көштері бет алды. Жібек жолының өзі Шаньси провинциясынан бастау алады. Бұл – менің туған жерім. Осы жерде тұрып, сол тарихи байланыстарды еске алған қандай жақсы. Мен тау бөктерімен келе жатқан көштердің сыңғырлаған дауысын естігендей боламын. Себебі тоғыз жолдың торабында жатқан Қазақстан шығыс пен батыстың араласуына, халықтар мен мәдениеттердің жақындасуына қомақты үлес қосты. Ал бәріміз бірге біз адамзат өркениетінің дамуына атсалыстық. Осылайша Ұлы Жібек жолындағы елдер мәңгілік достық шежіресін жазды». Бұдан кейінгі сөзін Орталық Азия елдеріне арнаған Қытай басшысы Қазақстанның мінберінен аймақтағы барлық мемлекеттерді өзара ықпалдасуға шақырғандай болды. Мұның өзі Қытай секілді алып державаның Қазақстанға деген құрметін көрсетсе керек. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» демекші, Қытай және Орталық Азияның ортақ өзен-сулары, орман-таулары көп. Сондықтан біз аймақтағы мемлекеттермен ықпалдасуға ерекше мән беріп келеміз», – деді ҚХР төрағасы. Осы орайда ол Қытайдың сыртқы саясатты бейбіт жолмен жүргізуді қалайтындығын жеткізіп, Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жұмыстарына еш араласпайтынын ерекше атап өтті. «Қытай аймақтық мәселелерде өз ықпалын жүргізуге тырысып жатқан жоқ», – дейді Си Цзиньпин. Оның ойынша, экономикалық дамуға бет алған Қытай мен Орталық Азия елдері бірлесіп, өзара тиімді шарттарда жұмыс істеуі тиіс. Ал, ең бастысы, әрбір халықтың ұлттық болмысын сақтап қалған маңызды.
Қытай доллардан бас тартуға шақырып отыр
Назарбаев университетінде оқыған дәрісінде С.Цзиньпин Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыстарды орнатуға қатысты өзінің ой-пікірлерін жеткізіп қана қоймай, нақты ұсыныстарды да ортаға салды. Оның сөз астарынан ұққанымыз, жаһанданған заманда көне Ұлы Жібек жолының нақты экономикалық бағыттарын құрудан көршілес елдер тек ұта түседі. Яғни бір кездегі Жібек жолын жаңғырту оның бойындағы барлық мемлекеттерге тиімді болмақ. «Біріншіден, саяси деңгейдегі диалогті күшейтіп, экономикалық алмасу төңірегінде үнемі кеңесіп отырған жөн. Осы салада тиісті бағдарламаларды қабылдап, аймақтық интеграцияға барынша жол ашу қажет. Екіншіден, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бірыңғай жол желісін құру жұмысын күшейту керек. Қазіргі уақытта автожол тасымалдарының тиімді шарттары бойынша арнайы келіссөздер жүргізіліп келеді. Осыны тез арада атқарып шықсақ, Тынық мұхиттан бастап Балтық теңізіне дейінгі үлкен автомагистральді ашуға болады. Ал әрбір елдің трансшекаралық мәселелерін шешу арқылы біз шығыс, батыс пен оңтүстік Азияны қосатын көлік тасымалын жасай аламыз. Осының өзі бір жүк тасымалын оңтайландырып қана қоймай, азаматтардың барыс-келісін де жеңілдете алады. Үшіншіден, сауда байланыстарын күшейту керек. Бүгінде Жібек жолының бойында 3 млрд-тан артық халық тұрады. Мұның бәрі – ауқымды нарық. Сондықтан біз сауданы барынша жеңілдетіп, қажет емес кедергілерді алып тастауымыз қажет. Сол арқылы экономикалық операцияларды жылдамдатқан дұрыс», – дейді ҚХР төрағасы. Экономикалық ынтымақтастық мәселесінде екпін валюта мәселесіне келгенде де ерекше болды. Си Цзиньпин осы тұрғыда өзара сауданы ұлттық валютамен жүргізген тиімді екенін бірнеше рет меңзеді. Қытай Ресеймен, сондай-ақ өзге де елдермен солай жұмыс істейтінін айтып, осы тәжірибені ары қарай жалғастырудың ауадай қажеттігін түсіндірмек те болды. Оның пайымынша, сауда-саттықта ұлттық валюталарды қолдану арқылы екі ел арасында болатын қаржылық операциялардың шығындарын біршама азайтуға болады. Сосын бұл қадам аймақтық экономиканың бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етеді. Сөз соңындағы тобықтай түйінде төраға халықтар арасындағы достық байланыстарды дамыту секілді маңызды мәселемен тоғытты. «Себебі жоғарыда аталған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін, ең алдымен, халықтың қолдауы қажет», – деп атап көрсетті ҚХР-дың төрағасы.
Қытайдың төрағасы Абайдың қара сөздерін біледі
Өз дәрісін қорытындылай келе, Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытайдың арасындағы бүгінгі достықты құрғақ статистикамен емес, нақты өмірлік мысалдармен суреттеп берді. Бірінші мысалда Қытайдың ер-азаматы және Қазақстан әйелі арасындағы махаббат туралы баяндалса, екіншісі Руслан есімді қазақ жігітіне арналған. «Білесіз бе, Қытайда теріс резусты факторы бар қан сирек кездеседі. Оны халық арасында «панда қаны» деп атайды. Осындай қаны бар ауру-сырқаттарға донорды табу аса қиын. Ал Қазақстаннан келген Руслан есімді Хайнань университетінің студенті дәл сол сирек кездесетін қан тобына кіреді екен. 2009 жылдан бері ол өз еркімен жылына екі рет қан тапсырып отырады. Бұнымен ауырып жатқан Қытай азаматтарына үлкен көмек береді. Русланның «қан тапсыру арқылы адамға көмектесу – менің міндетім» деген сөзі мені қатты қуантады. Бұл кішігірім болса да, қазақ-қытай достығының жарқын мысалы бола алады», – дейді Си Цзиньпин. Осы орайда ол бүгінгі жастардың Қазақстан-Қытай достығын ары қарай дамыта алатындығына сенім білдірді. «Қазақ халқының ұлы ақыны әрі ойшылы Абай атқандай, «дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер». Қазіргі жастар бір-бірін жақсы түсінеді. Себебі олардың мақсат-міндеттері бір. Біз екі ел жастарының бүгінгі достығымызды жалғастырып, оны ары қарай нығайту жұмысына өз үлестерін қосады деп сенеміз», – деді Си Цзиньпин. Ал жастардың бүгінгі байланысын күшейту үшін Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің азаматтарына 30 мың үкіметтік білім беру стипендияларын бөлетін болды. Оның 10 мыңы Конфуций институттарында жұмыс істейтін оқытушыларға арналған. «Сондай-ақ мен осы университеттің (Назарбаев университеті — авт.) 200 оқытушысы мен студенттерін келесі жылы өтетін жазғы лагерьлерге шақырамын», – деп атап көрсетті ҚХР-дың басшысы.
Мұндай дәріс барлық жиналған қауымның көңілінен шықты. Президент Н.Назарбаев та Қытай төрағасын ерекше ілтипатпен тыңдап, дәріс аяқталған соң, университеттің құрметтi профессоры атағын салтанатты түрде табыс етті. Мемлекет басшысы: «Ендi сiзге Назарбаев университетiне жиі келіп, дәрiс оқып тұруға тура келедi», – деп қалжыңдап та қойды.
Айта кететін тағы бір мәселе, Қытайдың төрағасы Си Цзиньпиннің Назарбаев университетінде оқыған дәрісін елорда студенттері ғана емес, бүкіл қытай халқы тыңдады. Осы мақсатта Назарбаев университетінде арнайы спутниктік құрылғылар орнатылып, ол арқылы Қытайдың халықаралық радиосы және CCTV телеарнасы өз елінің басшысы Си Цзиньпиннің дәрісін тікелей эфир арқылы бүкіл Қытай еліне таратқан. Демек, Си Цзиньпин өз сөзін қазақ пен қытай жастарына бірдей еткізуді көздепті. Бұл да ҚХР-дың жаңа төрағасы жүргізіп жатқан салиқалы саясаттың бір көрінісі болса керек.
Қытай Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі
Ал Ақордада Н.Назарбаев пен Си Цзиньпин жеке және кеңейтілген құрамда кездесті. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту туралы бірлескен декларацияға қол қойылды. Бұдан басқа, дипломатиялық ғимараттар салу үшін жер учаскелерін бөлу, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, Қорғас өзені бойындағы «Достық» су торабын бірлесіп пайдалану, көмірді тереңдетіп өңдеу және тағы басқа ынтымақтастық туралы келісімдер рәсімделді. Осыдан кейін екі елдің басшылары бірлескен мәлімдеме жасады.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз ортақ шекараны бекітіп, сауда айналымын ұлғайттық. Бүгінде екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 26 млрд долларға жетті. Жақын жылдары бұл соманы 40 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Газ бен мұнай құбырлары құрылысын қоса алғанда, біздің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық қарқынымыз ойдағыдай дамып келеді. Достық–Алашанькоу және Қорғас–Алтынкөл теміржол өткелдерінің ашылуы біз үшін әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік бермек. Си Цзиньпин мырзамен біз Қазақстанға қажетті мұнай өңдейтін зауыт құрылысы туралы уағдаластық. Қытай Ляньюньган портында қазақстандық терминалды салуға да келісімін берді. Осылайша Қазақстан Қытай арқылы Тынық мұхитқа шыға алады.
Си ЦЗИНЬПИН, Қытай Халық Республикасының төрағасы:
– Меніңше, 2015 жылға қарай біздің сауда-саттығымыз 40 млрд долларға жетеді. Бүгінде біз энергетика саласындағы бірлескен жұмысымызды ары қарай жалғастырып, трансшекаралық мұнай және газ құбырларын тарту, энергия ресурстарын барлау, өндіру және өңдеу бойынша ортақ іс-қимылды арттыра аламыз. Ал трансшекаралық суларды пайдалану келіссөздері өзара түсіністік пен сенімнің негізінде жүргізілуі тиіс. Қытай мен Қазақстан осы саладағы барлық мәселелерді бірлескен комиссия аясында екі елдің мүддесі үшін шешіп отыратын болады. Біздің трансшекаралық өзендеріміз достық пен ынтымақтастық өзендеріне айналады деп сенемін.
Сондай-ақ келіссөздер барысында Қытайдың Қашаған кен орнын игеру жұмысына қатысу жайы да талқыланды. Соның нәтижесінде қытайлық CNPC компаниясы Қашаған жобасының 8,33% акциясын сатып алатын болды. Осыған орай, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінде CNPC және «ҚазМұнайГаздың» арасында тиісті келісімшартқа қол қойылды. Бұдан басқа, Іле өзенінде контрреттеуші Кербұлақ су электрстансысын салу жобасын іске асыру келісімі рәсімделгенін ерекше атап өткен жөн. Ал екі елдің президенттері Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырын салтанатты түрде іске қосты.
Жалпы, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары аясында 20-дан астам келісімшартқа қол қойылды. Бұған дейінгі 20 ірі жобаның құны 30 млрд доллар болса, жаңадан қолға алынған 30 жобаға тағы 30 млрд АҚШ доллары құйылады. Сөз жоқ, бұның барлығы Қытайдың жаңа басшысы Си Цзиньпиннің Орталық Азиямен, оның ішінде Қазақстанмен қаншалықты тығыз жұмыс істеуге мүдделі екендігін көрсетсе керек.