Қазақстан санкциялар "соғысына" қатыса ма?
Ілияс Исаев, экономист-сарапшы:
– Кеше Ресей Еуропа елдеріне жауап санкциясы ретінде Еуропаның бірқатар импортынан бас тартты. Іле-шала Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті. Негізінде Ресейдің жауап санкцияларына Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістіктің басқа мүше елдерін тарту көзделіп отырған жоқ. Дегенмен, бұл жерде біз осы мүмкіндікті қарпып қалсақ, түсімімізді еселей түсер едік. Мысалы, Ресей бұған дейін өзіне қажетті тұтыну заттарын Еуропадан алып келді. Енді Еуропаның тауарынан Ресей бас тартып отыр. Ал бұл арада біз қамтып қалуымыз тиіс үлкен мүмкіндіктер бар. Ол дегеніңіз – егер біздің кәсіпорындар, тауар өндірушілер Ресей нарығын жаулап алуға барын салса бұдан біз үлкен пайда көріп шығар едік. Жалпы, қазірде Ресейге жақын орналасқан аймақтағы отандық кәсіпорындарға ауқымы кең нарық ашылғалы тұр. Осы жайтты сауатты пайдалана алса, біздің кәсіпорындар ұтып шығар еді. Санкциялар «соғысының» бізге осындай пайдасын барын ескеруіміз қажет. Сондықтан Ресейге салынған санкциялардан біз қалайда пайда көруді ғана ойластырғанымыз абзал. Ресейге салынған бұл санкциялар еліміздің ауыл шаруашылығы саласына серпіліс беруі тиіс. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері ендігі кезекте Ресейдің нарығын жаулап алуы тиіс. Бұрын көрші ел «Еуропадан аламыз» деп Қазақстанның тауарын аса менсіне бермейтін, тіпті қайсыбір ет-сүт өнімдеріне «талапқа сай емес, Кедендік одақтың регламенттеріне келмейді» деген желеу тағып базарына мүлде енгізбейтін. Ал енді олар бізден мұның барлығын сұрай бастайды. Егер ауыл шаруашылығы саласы бұған дайын болса нақ осы санкциялар «соғысы» бізге үлкен пайда әкелер еді.
Марал Төртенова, Қазақстан-Ресей университеті, халықаралық экономика факультетінің магистрі:
– Санкциялар соғысына келер болсақ, Ресей біздің негізгі сауда серіктесіміз. Батыс сарапшылары қазірде Ресей экономикасын нөлдік өсім деп бағалап отыр. Сондай-ақ сарапшылардың бағамдауынша, санкциялар қысқа мерзімде Ресейдің жалпы ішкі өнімнің 5 пайыз төмендеуіне алып келмек. Бұл санкциялардың Ресей экономикасына қайткен күнде де ықпал ететіні сөзсіз және бұл біздің өзара сауда айналымымызға әсер етеді. Ресейге салынған, Ресей оған қарсы жауап қатқан әрбір санкция бізді елеңдетуі тиіс. Мысалы, бұл жерде басымдық беріп айтатын нәрсе Қазақстан мен Ресей арасында кедендік шекара жоқ. Осыны пайдаланып Ресей өз тауарын Қазақстанға әкеліп, осы арқылы біз жақтан қазақстандық тауар ретінде әлемдік нарыққа шығаруы да мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Ал егер Батыс мұны түсініп қойса, онда Ресейдің Қазақстанмен де «шекарасын» жабуға тура келеді. Санкциялар соғысы ешуақытта пайда әкелмеген. Сондықтан бұл жағдайдың Қазақстанға еш ықпалы жоқ деп бейтараптыққа салынуға тағы болмайды.
Дәурен Арын, «Барометр» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының маманы:
– Қазір бірқатар саясаткерлер «Ресей мен Украинадағы жағдай барлық елге кері әсерін тигізе бастады» деген тұжырымға келіп отыр. Бұл сөздің жаны бар. Мысалы, Еуропа Ресейге қарсы санкция жарияласа, Ресей оған бірден жауап қатады. Бұл текетірестің арты тіптен ушығып кетті. Мұның барлығы Еуропа елдерінің экономикасына да, Ресей экономикасына да әсер ете бастады. Әлем елдері қазірде Ресейге басқаша қарай бастады.
Жалпы, санкциялар «соғысына» қатысты «Кеден Одағы және Еурозиялық Экономикалық Одақ аясына біріккен елдер санкциядан сырт қалады. Бұл санкциялардың оларға қатысы жоқ» деуге тағы болмайды. Мұның бізге әсері сөзсіз болады. Қазірде саясаттанушылар, саясаткерлер «Ресей мен Украинаның ахуалына байланысты халықаралық тәуелсіз комиссия құрылуы керек, осы арқылы істің нәтижесін күтуіміз қажет» деген пікірлер айтып жүр. Аңғарғанға, дипломатиялық келісім орнату үшін мұндай әрекеттер жасалғаны дұрыс. Себебі қазірде Ресей-Украина арасы тым ушығып, бақылаудан шығып кетті. Ал бұл дегеніңіз – Ресейге салынар санкциялар легі болашақта да өсетінін көрсетеді.