Қазақстанға «креативті тап» келе жатыр
Бүгінде Батыс елдерінде креативті тап жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Бұл ұғым Қазақстанда бар ма? Болса, қай деңгейде? Оны қалай сипаттаймыз? Бұл сауалдарға жуырда Саяси шешімдер институтының ұйымдастыруымен өткен отырыс барысында қазақстандық сарапшылар жауап іздеді.
Креативті тап теориясын америкалық экономист Ричард Флорида ұсынған болатын. Ол экономиканы өрлету үшін креативті сана керек екенін айтып, түрлі қызметтерде жүрген америкалықтардың 30 пайызы креативті класқа жататынын айтқан болатын. Ол креативті таптың негізгі күшіне ғылым, техника, архитектура, дизайн, білім, өнер, музыка және басқа да шығармашылықты қажет ететін салалардың мамандарын жатқызды. Сондай-ақ осы ұғымды бизнес, қаржы, заң, денсаулық сақтау салаларында жүрген мамандар да толықтырып отырады екен.
Бұл бастаманы Британия мемлекетінің ғалымдары іліп әкетті. Олар «креативті тап» ұғымына салмақты қарап, мұндай тапты құрауға себепкер болып отырған мамандық иелерін де жариялап үлгерді. Олардың тұжырымына сәйкес, архитектура, кинематография, БАҚ, киім үлгісін құрастырушылар, музыка және компьютерлік бағдарламашылар жатқызылды.
Соңғы жылдары Ресейде де «креативті тап» ұғымы жиі сөз болып, бірқатар зерттеулерге арқау бола бастады. Дегенмен өткен жылы Мәскеудің Болотная алаңындағы билікті қолдаушылардың митингінен кейін бұл ұғымның беделі айтарлықтай түсіп кетті. Себебі Владимир Путин алаңға жиналғандарды «қоғамымыздағы креативті тап» деп атаған болатын. Нәтижесінде аталған ұғым Ресейде «билікті қолдаушылар» деген түсінікпен астасып, қолданыстан қалып барады.
Ал Қазақстанда қалай? Әзірге елімізде бұл тақырыпты тереңірек қозғап, ғылыми, әлеуметтік зерттеу жасағандарды атай алмаймыз. Дегенмен отандық сарапшылардың қай-қайсысы да креативті қауым туралы бір ауыз пікір айтуға бар. Қазіргі әлемде Қазақстан қоғамында «зиялы қауым» (интеллигенция) ұғымы келмеске кетті десе де болады. ХХ ғасырда қоғамдық қатынастарда беделді рөл ойнаған «зиялы қауымнан» айырылып қалғымыз келмей, оның жұрнақтарына көп жармастық. Осы күнге дейін еліміздің БАҚ беттерінде «бізде зиялылар бар ма, зиялы қауым қайда кетті, зиялы қауым неге үндемейді» деген сыңайдағы тақырыптарда жарық көрген мақалалардан аталған тапқа деген қимастық сезім байқалды. Алайда қазір интеллигенцияны «жоқтаушылар» тынышталып қалды, яғни көндігіп келеміз.
Бір кездері кеңестік қоғамда жиі айтылған «жұмысшы тап» қазіргі қоғамда мүлде айтылмайды. Белгілі бір сала мамандарының наразылығы туындап жатса, оларды жеке-жеке бөліп қарастырамыз, мәселен, мұнайшылар, құрылысшылар, диқандар дегендей. Ал біртұтас тап ретіндегі жұмысшылар қазір жоқ. Сол сияқты бір кездері еңбеккерлер дедік, артынша ақжағалылар мен көкжағалылар көп айтылды. Қуатты күш буржуазия болды, енді қазір менеджерлер мен топ-менеджерлер келді. Қазір олар жоқ. Ұғымдар алмасуда. Арасындағы өзгешелік тек атауларында ғана деп айта алмаймыз, заты да бір-біріне келіңкіремейді. Сол секілді «креативті тап» ұғымын да бір кездегі таптардың ешбіріне дәл сыйғызуға болмайды. Аталған тақырыпты қозғап жүрген әлемдік сарапшылардың көбінің пікірі бір мәселеде түйіседі. Алдағы уақытта «креативті тап» өкілдері дегеніміз интеллигенттіліктің баламасы болып шығады. Дегенмен ол бір кездегі «зиялы қауым» деген ұғымнан бөлек.
Осы күнге дейін жинақталған белгілер бойынша креативті тап өкілдеріне сипаттама берер болсақ, былай болып шығар еді: олардың алғашқы сипаты – бастамашылдық. Кез келген істе, кез келген саладан жаңалық іздеуге әуес болатын, адам ізін салмаған жаңа жолдарға түсуден қорықпайтын адамдар. Екіншіден – еркіндік. Еңбек етіп, табыс көргісі келеді. Соған қарамастан, жұмыс берушінің, биліктің ырқына көнгісі жоқ. Біреулер мұны батыстық индивидуализмнен туындаған сапа деуі де мүмкін. Алайда еркіндікке ұмтылу – кез келген қауымның табиғатында бар нәрсе. Үшіншіден – ұйымшылдық. Шұғыл түрде ұйымдасу қабілеті – бұларға интернет арқылы дарыған қасиет. Әлемнің әр нүктесінде отырып, бір бастаманы бірдей игеріп әкету, тәжірибе алмасу заманауи ақпараттық технологиялардың арқасында ғана мүмкін болады. Батыс елдерінің сарапшылары әлемнің әр нүктесіндегі «оккупайшыл» митингтерді ұйымдастырушыларды осы креативті топқа жатқызады.
Дегенмен «креативті тап» атауының дұрыстығына қосылмайтындар да кездеседі. Олар «креативті тап» дегеннен гөрі «креативті топ» дегенді қолдайды. Вisam Central Asia ЖШС басшысы Леонид Гуревичтің айтуынша, «креативті тап» ұғымы ғылымда уақытша ғана тұрақтайды. Бұл жай ғана сән қуғандардың үрдісі болуы мүмкін. «Жеке басым «креативті тап» деген ұғымды зерттегеннен гөрі, бізде креативті бағытта дамуға мүмкіндік бар ма деп мәселе қояр едім немесе креативті қауымдастық бар ма дер едім. Оны тапқа жатқызғаннан гөрі, қауымдастық дегеніміз дұрыс болады», – дейді ол.
Сарапшы пікірі
Юрий ДОРОХОВ, Insight коммуникациялық агенттігінің директоры:
– Меніңше, «креативті тап» ұғымын Батыс басқаша, Ресей басқаша, Қазақстан басқаша түсінеді. Аталған ұғымды ұсынған Ричард Флорида оның негізгі анықтаушысы ретінде үш «т»-ны ұсынады: технология, талант және толеранттылық. Бізде әзірге технологияның деңгейі біршама төмен. Ал толеранттылықтың деңгейін Флорида біржыныстылардың индексі бойынша анықтайды. Оның ойынша, қоғамның жаңашылдықты қалай қарсы алатыны біржыныстыларға деген көзқарасымен анықталады. Дегенмен бұл – оның жеке көзқарасы. Тағы бір америкалық саясаттанушы Адам Пшеворск осыдан 20 жыл бұрын «демократия табалдырығы» деген ұғымды ұсынып еді. Сол бойынша, адамдардың табыс көзі белгілі бір деңгейден асқаннан кейін олар демократия мен еркіндікті талап ете бастайды.
Ринат ШАЯХМЕТОВ, RBK Bank банкі төрағасының кеңесшісі:
– «Креативті тап» деген ұғымға синоним жоқ. Өйткені бұл термин жастардікі, оны жаңа ұрпақпен ғана байланыстыруға болады. Ғалымдар алдағы 10 жылдың ішінде болатын өзгерістер бұған дейінгі 200 жыл уақытта болатын өзгерістермен тең дейді. Менің түсінігімдегі «креативті тап» дегеніміз – батыл адамдар. Бастамасын батыл түрде ұсына алады. Дегенмен мұндай тап әзірге Қазақстанда жоқ дер едім. Мұны қоғамдағы жағдай көрсетіп отыр. Мәселен, қазіргі жастарды Марк Цукербергтің замандастары деп те атайды. Оларға 1984 жылдан кейін туылғандарды жатқызуға болады. Қазақстанда да осындай жаңашыл әрі бастамашыл жастар пайда болып келеді. Алайда әлі тап құрай алатындай деңгейде емес.