Қазақстанның бастамасы әлемдік бақ назарында
Әлемдік «Нью-Йорк Таймс», «Уолл Стрит Джорнел», Foreign Policy, «Вашингтон Пост», «Рейтер», «Ассошиейтед Пресс», «Политико», «Ажанс Франс Пресс» сынды жетекші бұқаралық ақпарат құралдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәуірдің 12-13-і күндері Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысуына орай, бұған ерекше назар аударып, Қазақстанның ядролық қарусыздану бағытындағы тарихи шешімдері мен жаһандық бастамаларына қолдау білдірген мақалалар жариялады. Сәуірдің 13-і күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың беделді «Вашингтон Таймс» газетінде «Қазақстан – ядролық қауіпсіздікте және Ауғанстанды тұрақтандыруда басты ойыншы» деген тақырыппен жарияланған сұхбаты жарық көрді. Елбасы «Вашингтон Таймс» басылымының Қазақстандағы инвестициялық ахуал, ядролық отын, халықаралық банкі, Қазақстанның Иранға қатысты ұстанымы, Ауғанстанның жағдайы, аймаққа лаңкестік топтар қауіп-қатерлері туралы сұрақтарына жауап берді. Ал жоғарыда аталған әлемдік деңгейдегі жетекші басылымдар көптеген мақалаларын Қазақстанның батыл бастамаларынаарнаған.
Мәселен, «Ажанс Франс Пресс» басылымы «Нұрсұлтан Назарбаев оған теңелу үшін ұмтылуға лайық көшбасшы» деген тақырыппен мақала жариялап, онда «Вашингтон кеңестік ядролық арсеналдың өз бөлігінен ерікті түрде бас тартып, одан ұтқаны көп Қазақстанға лайықты құрмет көрсетті» делінген. Барак Обаманың айтуынша, бүкіл әлемнің түпкілікті мақсаты толық ядролық қарусыздану болуға тиіс. Аталған беделді басылым: «Сондықтан да біз әлемдегі төртінші ядролық арсеналымыздан құтылдық. Сондықтан да біз бүкіл әлемді біздің үлгімізді ұстануға шақырамыз, қауіпсіз әлем үшін бұдан басқа балама жоқ» деген Назарбаевтың сөздері Жаһандық саммит күндері Вашингтонда плакаттарға жазылып ілінген», – деп жазады. Ақ үйдің кеңесшісі Майк Макфолдың АҚШ Президенті Обама Назарбаевты ядролық қауіпсіздік мәселелерінде «оған теңелуге ұмтылуға лайық көшбасшылардың бірі» және Вашингтондағы саммит "оның қатысуынсыз өтпес те еді» деп сипаттады», – деген мәлімдемесін келтіріпті «Ажанс Франс Пресс» басылымы. Альберт Айзли АҚШ-тағы танымал «Хаффингтон Пост» порталында жарияланған «Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздік саммитінің флагманы және ядросы болуы неліктен?» мақаласында еліміздің ядролық қарусыздануға жасампаз көшбасшылығы мен орнына тоқталған. Foreign Policy басылымының сәуірдің 11-і күнгі санында АҚШ президенті Барак Обаманың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ядролық қауіпсіздік қарсаңындағы кездесуі жайлы мақала жарық көрген. Онда автор Джош Роугин еліміз туралы: «Қазақстан өзінің тарихында ядролық қарумен күресті мақтан тұтады. Қазіргі уақытта Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын басқаратын бұл мемлекет НАТО-ның Ауғанстанға жеткізу желісіндегі басты ойыншылардың бірі», – деп атап көрсеткен.
Ұлыбритания Парламентінің Лордтар палатасының мүшесі Дж. Д. Уэйверли АҚШ-та өткен екікүндік жаһандық ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттен кейін түйген ойын Roll Call газетінің биылғы 14 сәуірде жарық көрген санында «Ядролық қауіпсіздікті нығайтудың жаңа мүмкіндіктері» атты мақаласы арқылы білдіріпті. Автор өз мақаласында 47 мемлекеттің басшысы қатысқан мәртебелі жиынның маңыздылығын атап өтіп, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Семей полигонына жасаған сапары туралы баяндайды. Мақалада Пан Ги Мунның 1991 жылы әлемдегі қуаты бойынша төртінші орын алатын ірі арсеналдан бас тартып, Семей полигонын жабу туралы шешім қабылдаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігіне тәнті болғандығын жария еткен.
Сәуірдің 13-і күні шыққан «Политико» басылымында бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында болған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның: «1991 жылы Семей ядролық сынақ полигонын жауып, Қазақстанды ядролық қарудан азат еткен Президент Нұрсұлтан Назарбаев мінсіз көшбасшылық танытты. Бұл стратегиялық қадам, нағыз тәуелсіздік декларациясы болатын» деген мәлімдемесі жария етілді. Басылым келтіргендей, Пан Ги Мунның айтуынша, бүгінде аталған полигон қарусыздану мен ертеңге деген үміттің нышанына айналды. Аталған басылым «Семейде мен барлық ядролық державаларды Қазақстанның үлгісін негізге алуға шақырамын. Мұндай елдер тың серпін алу үшін Қазақстанға иек арта алады», – деген Пан Ги Мунның сөзінен дәйек келтіреді.
АҚШ-тың «Нью-Йорк Таймс» басылымы да ядролық қауіпсіздік мәселесін қозғай отырып, бұл саладағы Қазақстанның сүбелі үлесіне тоқтала кетеді. Мақала авторы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасынан бірқатар пікірлер келтіреді: «500-ге тарта ядролық жарылысты бастан өткеріп, 1,5 миллиондай тұрғыны зардап шеккен Қазақстан ядролық қауіп пен оның сорақы салдарын жақсы біледі. Міне, сондықтан да біз әлем бойынша төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімізбен бас тарттық және барша әлемді осы ерекше қадамды жалғастыруға шақырамыз». Тәуелсіздік тұғыры толықтай қолына түспей жатып-ақ, 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу жөніндегі жарлыққа қол қойып, ядролық қарусыз әлемге қарай сенімді қадам жасады. «Біз БҰҰ-ның 29 тамызды «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы шаралар күні» етіп белгілегеніне қуаныштымыз. Біз барша әлемді ядролық қарусыз әлемге шақырамыз. Бұл ізгі бастама – қол жеткізуге тұрарлық іс» деген ой түйеді «Нью-Йорк Таймс» басылымы.
Шетелдік сарапшылар пікірі:
Томас ГРЭНД, АҚШ-тың ядролық қаруды таратпау жөніндегі комиссиясының мүшесі:
– Ядролық қаруды таратпау үрдісінде Қазақстанның рөлі ерекше. Менің ойымша, сіздің Президенттің жаһандық саммитте сөйлеген сөзі аталған проблеманы шешуге жаңа дем береді.
Энтони БОЙЕР, Халықаралық сайлау жүйесі орталығының Еуропа мен Азия бойынша сарапшысы:
– Қазақстан мен АҚШ-тың қарым-қатынасы өте маңызды. Бұл – Орталық Азия бойынша, тіпті, әлем бойынша стратегиялық серіктестіктік. Назарбаев мырза тарихи тұлғаға айналды ғой. АҚШ үшін де, біз үшін де Қазақстанның саясаты Орталық Азия аймағы бойынша бірінші орында тұр.
Марк Перен де БРИШАМБО, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы:
– Орталық Азиядағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мен жаһандық қауіпсіздікті күшейту жүйесінде Қазақстан Президенті шешуші рөл атқарды. Оның сарабдал саясатының арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың сыйлы мүшесіне айналды. Қазақстанның бүгінгі жетістігі – еліктеуге таптырмайтын үлгі.
Паул Михаэль ТЭЙЛОР, Смитсон институтының Азиялық бөлімінің директоры:
– Қазақстан – ерекше мемлекет. Сіздердің елдеріңіз жайлы неғұрлым көп білген сайын соғұрлым оның тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығым арта береді. Айналдырған 20 жылдың ішінде Қазақстан екпінді түрде дамып жатқан елдердің қатарына қосылды. Сіздер әлем аренасында үлкен бедел жинап, өзге елдерге үлгі болып жатырсыздар. Мұның бәрі ерекше құрметті қажет етеді. Ғаламдық саммит барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше назарда болуы кездейсоқтық емес.
Леонард СПЕКТОР, Ядролық қаруды таратпау мәселелерін оқыту орталығы директорының орынбасары:
– Біз әркез Қазақстанды барлығына үлгі етіп айтамыз. Сіздің Президент – ядролық қарусыз әлем үшін күресетін адам. Ол қуатты ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартып, уранның бай қорын сыртқа шығарып қана қоймай, әркез өзге ел басшыларын да осы қадамға шақырып, ядролық қарулардың санын азайту бастамасын айта жүреді.
Ричард ВЭЙТЦ, Әскери-саяси талдаулар орталығының директоры, Хадсон институтының ғылыми қызметкері:
– Қазақстан өзінің әлемдік аренадағы мықты ойыншылардың бірі екендігін дәлелдеді. Мұны Обаманың ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке алғашқылардың бірі болып сіздердің президенттеріңізді шақырғаны да дәлелдей түсетіндей. Қазақстандағы даму динамикасының қозғаушы күші мемлекет басшысы екені сырттан сезіліп тұрады. Әсіресе экономика мен ғаламдық қауіпсіздік саласында. Мен Қазақстан Президентін «ұзақ мерзімді жоспарлай алатын стратег» деп есептеймін.
Алан СОЛОУ, АҚШ-тағы Еврей ұйымдарының төрағалар конфедерациясының төрағасы:
– Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері мен сенім өкілдерінің арасында шынайы теңдіктің болуы біз үшін өте маңызды.
Пэрис ТЭРИОТ, АҚШ-тың қоғам қайраткері:
– Қазақстанның бұл мәселедегі рөлін терең бағалау керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту жөніндегі шешімі әлемдік қауымдастықтың осы бір қатерлі қарудан бас тартуы мүмкін екенін дәлелдеп, үміт сыйлады. Қазақстанның ұстанымының дұрыс екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.