Қос азаматтық алғандарды қалай жазалау керек?
Қазақстан Республикасының Ата-Заңында қос азаматтыққа тыйым салынатыны анық жазылған. Бірақ, соңғы уақыттарда қоғам тарапы әлсін-әлсін осы проблеманы көтеріп, «екі немесе онан да көп азаматтыққа қол жеткізгендерді қалай анықтаймыз, қалай жазалаймыз?» деген секілді сұрақтарға жауап іздей бастады. Өйткені, еліміздің Заңдарында бипатридтерге қарсы нақты қандай жаза қолданылатыны анық көрсетілмеген. «Алаш айнасы» осы мәселеге қатысты тағы да ой қорытып көрген еді.
Қос азаматтыққа ұмтылу – сатқындық. Демек, идеологиялық тұрғыда қазақ елін, қазақ жерін, қазақ мемлекетін сататындарды әшкерелеу, жазалау күн тәртібінен түспеуге тиіс. Неге? Себебі, елімізде түрлі саяси шиеленіс орын ала қалса, осы «қосмекенділер» саяси ойынның басты көзірлеріне айналып шыға келеді. Сосын «іштен шыққан жау жаман» деп, бармағымызды тістеп қалуымыз мүмкін. Басқаны былай қойып, көршіміз Ресейдің өзі қос азаматтық алғандарға қатысты жазаны күшейтіп жатыр.
Мәселен, қазір Ресей Мемлекеттік Думасы қос азаматтық алғандарды 3 жылға бас бостандығынан айыруды көздейтін заң жобасын талқылап жатыр. Я болмаса, ондай азаматтарға 40 мың рубль айыппұл төлетіп, 360 сағат еркінен тыс жұмысқа шегу, сонан кейін 2 жыл қара жұмыс жазасына кесу қарастырылуда. Ал, егер мемлекеттік қызметте жүргендер қос азаматтық алатын болса, оларға 80 мың рубль айыппұл тағайындап, 480 сағат еркінен тыс жұмысқа шегеді. 2 жыл қара жұмыс жазасын өтейді. Жазасын өттегеннен кейін 5 жыл бойына ешқандай мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Ал, халықтық сайлау арқылы қызметке тағайындалғандар осы қылмысты жасаса, 300 мың рубль айыппұл төлеп, 3 жылға бас бостандығынан айрылады. Ресейдің осы заңы күшіне енсе, бұл елде ешкім өзге елге қарап өбектемес еді.
Ал, бізде ше? Бір ғана мысал келтірейік. Өткен жылдары Шығыс Қазақстанда қос азаматтығы анықталған бір азамат бар болғаны 86 550 теңге айыппұлмен бар жауапкершіліктен құтылып кеткен.
Арықбай Ағыбаев, заңгер:
– Тәуелсіздік алған жылдары бірқатар азаматтар қос азаматтық алу туралы ұсыныстарын білдірген болатын. Бірақ, мемлекетіміз бұл ұсынысты қабылдамай, қос азаматтық алуға түпкілікті шектеу қойды. Демек, бізде қос азаматтық деген ұғым жоқ болу керек. Қазір екі немесе одан да көп елдің азаматтығын алып алғандар болса, оны азаматтықтан шығарып, «алаяқтық жасады» деп әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады. Мысалы, қос азаматтыққа құжат берген кім? Ол да алаяқтық жасап отыр. Сондықтан, Қазақстан төлқұжатын пайдаланып жүргендерді елден аластап, азаматтықтан шығару керек. Бұл жайға бір ғана жаза тағайындап қоюға болмайды.
Сіз не дейсіз?
Елнұр Бейсенбаев, саясаттанушы:
– Заңдарымызға сүйенсек, Қазақстанда қос азаматтық алуға рұқсат жоқ. Біріншіден, біз унитарлы мемлекетпіз. Біріншіден, унитарлы мемлекеттердің денінде қос азаматтыққа жол берілмейді. Екіншіден, кеңестік идеология халықтың санасына қос азаматтықты сатқындық ретінде сіңіріп тастаған. Қазір елімізде басқа мемлекетке барып, тұрақты тіркеуге тұрғандар, сол жақта өмір сүруге құқық немесе қос азаматтық алғандар көбейіп кетті. Оларды Қазақстан азаматтығынан шығарып тастау арқылы жазалауға болады. Бұл орайда біздің ІІМ қызметі әлсіз екенін айта кету қажет. Бұл министрлік шетелге көп шығатын күдікті адамдарды зерттеп отыруы тиіс. Егер де Қазақстан Республикасының заңнамасын аттап өтіп, өзге елдің азаматтығын алып алғандар болса, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Десек те, ең тиімді жазалау өте көп көлемде айыппұл салып, ҚР азаматтығынан шығару. Егер де қос азаматтығы бола тұра, мемлекеттік қызмет істесе, ол адамның бар мүлкін тәркілеу қажет.
«Алаш айнасының» түйіні
Саяси отты ойындардың ошағына айналған Украина да қос азаматтық алғандарды жазалаудың жолдарын қарастырып жатыр. Олардан жеткен ақпаратқа сүйенсек, Киев билігі аталмыш заңды күшіне енгізсе, бипатридтер 10 жылға бас бостандығынан айрылатын болады. Бұл бізге де ойланатын кез жеткенін аңғартпай ма? Сіз не дейсіз?