Құн төлеу институтын енгізсек қалай болар екен?
ҚР Қылмыстық Кодексінің өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жаңа нұсқасының депутаттар қолына түскені сол-ақ екен, ел елең етті. Әрине кездейсоқтық, алайда Парламенттің жаңа заң қабылдап жатқандары күнара демесек те, жиі болып тұратынын жақсы білетін жұрт бұрындары пәлендей мән бермеуші еді, Мақсат Үсеновтың оқиғасынан кейін ҚР Қылмыстық Кодексінің жобасы дүйім елдің назарын аудартып, бүгіндері «айдарынан жел есіп тұр». «Алаш айнасы» осы мәселеге шолу жасап көрген еді.
Сөз болып отырған заң жобасының әлі сиясы кеппеген нұсқасы Мәжілістің бірінші оқылымында батасын алды. Хош делік. Содан кейін ҚР Қылмыстық Кодексінің жаңа редакциясы екінші сынаққа түсіп барып, Сенатқа жолдама алмақшы. Қолжазбасы бір жылдай бұрын жасалған бұл заң жобасы негізінен еліміздегі қылмыстық жазалау саясатын дамытуға, жетілдіруге, қылмыскерді бас бостандығынан айырудың баламатүрлерін енгізуге бағытталғанын жақсы білеміз. Бізді қазір соның бір бабы ойландырып отыр.
Әңгіменің әлқиссасы мынау: «Көлік құралын алкогольдік ішімдік ішіп алып игерудің өзі – қылмыс. Ондай болса мас адамның кесірінен қайғылы оқиға орын алып жатса, бұл қасақана қылмыс жасағанмен бірдей. Біз жаңа редакциядағы Қылмыстық Кодекстің жобасын Парламент қарауына ұсындық. Құжат қабылданса, көлікті мас күйінде жүргізіп, жол-көлік апатын болдырған адам12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер адам өліміне әкеп соқса, оның туған-туыстарымен ортақ келісімге келіп, мәміле жасасуға тыйым салынатын болады. Сонымен қатар, жол ережесін бұзған жүргізушілерді куәлігінен айыру мерзімін бұрынғыдан да ұзарту қарастырылған-ды», -дейді, ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель.
Демек, егер жүргізуші көлікке мас күйінде отырса, онымен қоймай алда-жалда адам қағып кетіп, ол қаза болса, екі тараптың, яғни айыпкер мен жәбірленуші жақтың арасында ешқандай да бітімгершілікке жол берілмейді, оған заңмен тыйым салынбақ. Дұрыс, әрине. Бірақ біз мынаны ұмыт қалдырған сияқтымыз: қалтасы қалыңдар түрмеге отыра қоймас. Бұрындары «адамнан басқаның бәрі сатылады», деуші едік, енді «сатылмайтын ештеңе жоқ» мына заманда кім болса да ішімдік ішпегені туралы анықтама сатып алып жатса, оған еш таңқалмаймыз. «Жазадан құтыламын» деп бір адамның парақорлық, сыбайлас жемқорлық сияқты неше бірдей қылмысқа баруы әбден мүмкін. Бостандық жолында құрбандыққа өзі ғана емес, қанша адамды шалса ше, яғни заңсыз әрекетке жауапты орын қызметкерлерін де итермелейтіндер табылады. Егер ол бір тоқпағы мықты біреу болса, не соның тентегі болса, әлгі айтып отырған құзырлы орындардың қай-қайсысын да дегендеріне көндіретіндері сөзсіз. Өкінішке қарай, дөкейдің өзінің не баласының көлігімен адам соғып, өлтіріп алса да, жазасыз қалып қойғандар аз емес. Мәселен, алты бірдей адамды қағып, оның біреуін өлтірсе де ақталып шыққан Мақсат Үсеновты алайық. Десек те, қоғам дүр сілкініп еді, заң орындары күні кеше оны қайта қамауға алу туралы шешімге келіпті. Естеріңізде болса, оған қатысты қылмыстық іс қозғалған еді, алайда «тараптардың мәмілеге келуіне байланысты іс тоқтатылды. Үсенов 500 мың теңге айыппұл төлеп, қамаудан босатылды» деп хабарлаған болатын әуелде құзырлы саланың баспасөз қызметі. Айтпақшы, Мақсат Үсеновтің әкесі Қажымұрат Үсенов қызметінен кетті. «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясы департамент басшысы өз еркімен жұмыстан босату туралы арыз жазған екен.
«Трансстроймост» компаниясының бас директоры Қайымсұлтановтың ұлының ісі әлі ұмыт бола қойған жоқ. Әлібек 2009 жылы үш бірдей қыршынның өмірін қиған. Соданқашып кетіп, арада үш жыл өткенде кінәсін мойындап, сотқа өзі келеді. Жеті жылға сотталған ол оның бір жылын ғана өтеп, рақымшылықпен бостандыққа шыққан-ды. Айтпаса да түсінікті, оның «қашып кетуі», «сотқа өз аяғымен келуі», «рақымшылыққа ілінуі» барлығы-барлығы жақсы ұйымдастырылған схема. Оған мемлекеттік іздеу жарияланғанда үкімет қып-қызыл шығынға батқан көрінеді, яғни 26 млн теңге.Алайда оның бір тиынын да кінәлі жақ қайтармағанға ұқсайды.
Тізіп шықсақ, біздің елде таныс-тамырдың не ақшаның күшімен жазадан құтылып кететіндер аз ба? Қайсысын айта бересің... Әрине ата-аналарды түсінесің. «Іштен шыққан шұбар жылан» үшін не істемейсің? Ал «әу баста, дұрыс тәрбие беру керек еді» деп, дәл қазір пәлсапа соқпай-ақ қоялық. Ол өз алдына үлкен тақырып.
Сонымен, жаңа заң жобасы төңірегіндегі әңгімемізге қайтып оралсақ, заңның «ішсе былай», «ішпесе былай» деп тұрған бабы баз біреулердің өзіне ыңғайлап алуына икемді болып тұрған жоқ па? Жол апаты салдарынан кісі өлімі орын алған жағдайда ішкен адамды «ішпеген» деген анықтама іздеп, шабылып кететіндер табылатыны айдан анық. Осылайша тағы бір сыбайластық нысанын тауып алып жүрмейміз бе? Заң шығарушылар соны ескерді ме екен? Әрине, кей жағдайда(жол апаты кезінде жүргізуші сау болса, авт.)бітімгершілікті қалдыру құптарлық. Дала заңының құқықтық мәдениетінің дамуына, өзгеге үлгі болуына дәл осы бітімгершілік айрықша роль атқарған.
Біздің айтпағымыз мынау, қандай жағдайда да бітімгершіліктің қалғаны дұрыс шығар...Бәлкім, бітімгершілік арқылы кінәлі жақтың жәбірленуші тарапқа құн төлеуін енгізсек ше? Әрине, көлікке мас күйінде отырғаны үшін жаза қатаң күйінде қала береді. Алайда сол сәтте адам өлтіріп алса, ішімдік ішкені үшін қылмыстық жауапқа тартылуын тартылып, кісі өлімі тіркелсе, ондай жағдайда құн төлеу арқылы жазаласақ ше? Өйткені, біреуге пара беріп, екі бірдей қылмыс жасап жұрттың наласына қалғанша, жәбірленуші жақтың материалдық шығын төлеп, бір жақсылық жасағаныәлдеқайда тиімде емес пе?
Арықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы, профессор:
– Ойланатын дүние. Әрине қолдаймын. Негізі бұрын-соңды көтерілмеген бұл мәселені қоғам талқысына салып көруіміз керек. Қазақ мемлекеттілігі мен құқықтық жүйелерінің дамуында ерекше орын алатын «Жеті жарғы» - әдет-ғұрып заңдары мен ережелерін жинақтаған дала Конституциясы. Қазақтың дәстүрлі құқығы өте құнды рухани мұра. Дала заңдары жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, дамытылып отырған. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» бүгінде Қазақстан Республикасының Конституциясымен сабақтасып жатқандай. Егер соларға жүгіне отырып, құн төлеуді енгізсек жаман болмас еді. Оның өзінде де «Жеті жарғының» көп тараған түрі - құн төлетуді бүгінгі күнге ыңғайлау керек.
Айта кетсек, артық болмас, «Жеті жарғыда» әсіресе құқықтық нормаларға үлкен мән берілген. Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу және тағы басқалары жатқан. Кінәлілер жасаған қылмыс деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Бұл жинақта «қанға қан» заңы сақталды. Бірақ билер сотының екі жақ келісуі бойынша жазаны құн төлеумен алмастыруға мүмкіндік берілген. Жазалаудың ең көп таралған түрі – құн төлеу болған. Қылмыскердің және өлген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп отырған.
Қылмыстың түрі көп. Дәл осы жүргізушілер кесірінен болатын өлім-жітімге тоқталып отырғанымыз, оны әртүрлі сипаттауға болады. Фактор да сан қилы. Ондай болса, бұл мәселеге бір жақты қараудың өзі қиындау. Қысқасы, мас күйінде көлік игеріп адам өлтіріп алғандардың тиісті жазасын алу-алмауы қазір күмән тудыратын болды. Ондай болса, үкімет жылдар бойы оны асырағанша (соңғы төрт жылдың ішінде қылмыстық атқару жүйесі мекемелерін қаржыландыру 54 пайызға өсіпті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 320 миллион долларға дейін жеткен көрінеді. Сонда бір адамға жылына 580 мың теңгеден тиген, авт), сот үкімімен бекітілген айыппұлын төлеп, жәбірленшуі жақтың талабын, яғни моральдық, материалдық шығынды өтегені дұрыс шығар? Қалай десек те, олар кәнігі қылмыскер емес, адамды қасақана өлтірмейді. Ондай болса, «Алаш айнасының» құн төлеу институтын енгізу туралы ұсынысына кім не дейді?
Читайте также
Футбольный клуб 'Кайрат' столкнется с сильными соперниками на турнире в Катаре
Фанаты "Барыса" получили негативные известия
GTA VI впервые покажут уже в декабре
Дану Уайта угостили куртом в Нью-Йорке
"Золото в серебре" : 16-летняя казахстанская спортсменка дважды победила на чемпионате мира по джиу-джитсу
Димаш Кудайберген обратился к сборной Казахстана по футболу