Референдум — демократияның бір белгісі
Еліміздегі сайлаушылардың жартысынан астамы Елбасы Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдум өткізу жөніндегі саяси еркін білдірді. 2005 жылғы президенттік сайлауда сайлаушылар тізіміне жалпыұлттық біртұтас сайлау округі бойынша 8,95 млн азамат енгізілгенін ескерсек, бұл үлкен саяси күш екені даусыз. Бүгін Парламенттің қос палатасы бірлескен отырыста Елбасының референум өткізуге қарсылығын айналып өту процедурасын талқыға салады. Кейбір депутаттар айтып жүргендей, Парламенттің пайдасына шешілуі үшін 80 пайыз дауыстың өзі жеткілікті. Осындай жағдайда маңызды саяси шешім қабылдаудағы таразы басы қоспалаталы Парламенттің, оның артында 5 млн қалың сайлаушының мүддесіне қарай шешілуі әбден мүмкін. Осы ретте референдумның мән-маңызы мен халықаралық тәжірибесіне бір сәт назар аударған жөн сияқты.
Референдум өткізудің әлемдік тәжірибесі: жақтаушылар һәм қарсылар
Референдум – азаматтардың жалпымемлекеттік, аймақтық және жергілікті ауқымда аса маңызды мәселелерді тікелей дауыс беру арқылы өз еркін білдіруі және сол арқылы саяси шешім қабылдауға ықпал ету шарасы. Сондықтан референдум – тікелей демократияның маңызды институты. Негізінде, референдумдар мазмұнына қарай конституциялық, заң шығарушылық, халықаралық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық, әкімшілік-территориялық және т.б. қажеттіліктерге байланысты өткізіледі. Референдумның өзі қажеттілігіне қарай міндетті және факультативті деп бөлінеді. Әрине, міндетті референдумның заңдық күші болса, ал факультативті референдум электораттың көңіл күйін айқындау, бағалау мақсатында өткізіледі.
Асылында, антик дәуірінен бастау алатын референдум алғаш рет 1439 жылы Швейцарияда өткізілді деп есептеледі және бұл елде тікелей демократияның нышаны ретінде тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Референдумдардың отаны әрі оны өткізуден рекордшы атанған Швейцарияда 1793-1994 жылдар аралығында ұлттық ауқымда барлығы 414 рет референдум өткізіліпті! Тек 1981-1990 жылдардың аралығында 76 референдум ұйымдастырылған екен. Жалпы, соңғы 200 жыл бедерінде кең масштабтағы референдум Еуропада — 149 рет, Орта және Таяу Шығыста — 93 рет, Азия елдерінде — 30 рет, Америка құрлығында — 49 рет, Океания елдерінде 64 рет болған екен. Сонымен соңғы екі ғасыр ішінде әлем бойынша барлығы 799 жалпыұлттық референдум өткізілген. Австралияда – 44, Италияда – 43, Францияда – 22, Ирландияда – 18, Данияда – 13, Мысырда – 19, Филиппинде 11 рет ұлттық ауқымда референдум өткізілген. Айта кету керек, қазіргі мемлекет басшыларының өкілеттігін ұзарту туралы референдумдар ТМД шеңберінде бізден өзге Өзбекстанда, Түрікменстанда, Украинада және Белоруссияда өткен.
Елбасы референдумға рай білдірмесе де...
Заң шеңберінде Республикалық референдум өткізу туралы бастаманы Президент, Үкімет, Парламент және барлық облыстан тиесілі мөлшерде 200 мыңнан кем емес сайлаушының еркін білдіретін бастамашыл топ ұсына алады. Бұл ретте Президент өкілеттігін ұзарту мәселесін Конституцияның 3-бабының 2-тармағына сәйкес, заңда көрсетілген межеден 25 есе көп қол жинаған бастамашыл топ көтеріп отыр. 5 млн қол дегеніңіз – автономды немесе жекелеген топ емес, санасуға мәжбүр ететін мобилизациялық тегеурінді күш. Қазақстанның 1995 жылы қабылданған «Республикалық референдум туралы» заңының 17-бабы негізінде, егер Республика Президенті Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, Парламент палаталарының әрқайсысының депутаттары кемінде бестен төртінің көпшілік даусымен Парламент Конституцияға осы өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы заң қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті сол заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады. Әрине, егер Парламент депутаттары бірауыздылық танытса, Президент ветосын еңсеріп кете алады. Аталған заңның 19-бабында көрсетілгендей, референдум оны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан ерте емес және үш айдан кем емес мерзімде өткізіледі. Ерекше жағдайларда Республика Президенті референдум өткізудің басқа мерзімін белгілеуі мүмкін. Ал заңның 35-бабына сәйкес, «Референдум қабылдаған шешімнің Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар және Республика Президентінің немесе мемлекеттік үкімет органдарының актілерімен қандай да қуаттауды қажет етпейді» деп жазылған.
Ой-тұжырым
Референдумды өткізу бастамасы нені білдіреді? Бастамашыл топты қолдаушы пікірлерге зейін қойсақ, референдум – демократияның айқын айғағы. Референдум өткізуге талпыныс – Елбасы саясатын, Қазақстандағы тұрақтылықты кең қолдаудың белгісі. Сарапшылар бұл шара электоратты белгілі бір дәрежеде біріктіруші факторға айналып отырғанын айтады. Қалай дегенмен, халық сайлау болсын, референдум болсын өз таңдауын жасамақ.