Республика сарайының сәні кірді
Өткен жылы күрделі жөндеуге жабылған Алматыдағы Республика сарайы жаңарған сәнді қалпымен түрлі деңгейдегі салтанаттар мен концерттерді қабылдауға дайын. Заманауи үлгіде жаңаша кейіпке енген сарайдың ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, қазақстандық өнер шеберлері әзірлеген алғашқы концерттің құрметті көрермені болды.
Салынғалы бері 40 жыл бойы бірде-бір рет жөндеу көрмеген бұл зәулім ғимарат ел Тәуелсіздігінің қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасымен іші-сырты қайта өңделіп, жаңа электронды концерттік технологиялар мен жарық беру және дыбыс күшейткіш құралдарымен толық жабдықталды. Құрылыс жұмыстарын қысқа мерзім ішінде межелі уақытта аяқтаған Кazkor жобалау академиясы мамандарының айтуынша, қайта жөндеу жұмыстарына 10 миллиард 400 мың теңге жұмсалған. Сонымен қатар сарайдың ішкі құрылымына аздап өзгерістер енгізілген. Соның арқасында мұнда 50 орынды конференц-зал, сұлулық салоны, ән таспаларын сататын аудиокиоскі, ән жазу студиясы, демалыс бұрыштары және басқа да бөлмелер қосымша салынды. Көрермендер отыратын орындықтардың арасы кеңірек жасалған. Сол себепті бұрын залда 3000 орын болса, қазір онда 2600 адамдық орын бар. Қауіпсіздік үшін залдың төбесіндегі салмағы тым ауыр бұрынғы чех люстралары қуатты үнемдеп жұмсайтын заманауи жарық бергіштермен алмастырылған. Мәдениет ошағында мүгедек адамдардың кіріп-шығуы да қарастырылған. Сарайдың сыртқы қанаттары, баспалдақтары, блоктары да жаңартылған. Өрт қауіпсіздігі шаралары да мықтап қолға алынған, сахнаға өртке қарсы шымылдық ілінген. Ғимараттың қасбетінде 300 шаршы метрлік қаладағы ең үлкен дисплей орнатылған.
Елбасы күрделі жөндеуден өткен Республика сарайының ішін аралап көріп, кешеннің жаңа келбетіне, оның жан-жақты жабдықталуына оң баға берді.
Кеше:
Қазіргі Республика сарайы ең алғаш 1970 жылы сәуір айының 22-сі күні В.И.Лениннің 100 жылдығына орай ашылып, В.И.Ленин атындағы сарай деп аталған.
Ғимараттың сәулетшілері Владимир Алле, Владимир Ким, Юрий Ратушный, Николай Рипинский, А.Соколов, Л.Ухоботовтар осы құрылыс үшін 1971 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған.
Кеңес дәуірінде салынғандықтан, аталған Мәдениет сарайының технологиялық жарақтандыру жағы әлсіз болды. Ғимарат маңында келушілердің автокөліктеріне арналған арнайы тұрақ жасау жағы ескерілмеген болатын. Сарай ішінде дыбыс жазу студиялары болмаған.
Бүгін:
Бұрын ел ішінде Мәдениет сарайы ретінде танылған ғимарат Тәуелсіздік алғаннан кейін ресми түрде Республика сарайы аталды.
1991 жылы осы ғимараттың сарай залында Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың инаугурациясы өткізілген.
Сарайдың алдына 300 автокөлікке арналған автотұрақ салынған. Ал өнер адамдары мен көрермендер үшін, ең бастысы, сахна технологиясына – концерттік залдың акустикасына, дыбысы мен жарығына аса мән берілген. Бұл жұмыстарды Мәскеудің Үлкен театрының акустикалық жағын есептеп жасаған арнайы мамандар жүргізген.
Республика сарайы биыл 40 жылдан бері тұңғыш рет реконструкциядан өтті.