Саясатнама
Безбен
Ұлттық мүддені темірқазық еткендер ғана көсемге айналады
«Ертеңін ойламағанның тірлігі зая, елін ойламағанның ерлігі зая...» Бұл – біздің емес, атам қазақтың ғасырлар сүзгісінен өткен қасиетті сөзі. Содан болар, ел басына күн туғанда әр ерлігін зая етпейтін, «егеулі найза қолға алатын», «еңку-еңку жер шалатын» бір оғланның туарына бек сенген халықпыз... Өткен тарихтың сартап беттерін ақтарсаңыз болды, қысылтаяң уақытта халқын ақылымен, батырлығымен, көрегендігімен қорғаған я бірауыз сөзімен әлі де ұлтының намысын жанып жүрген көсемдеріміздің өнегелі ісі көз алдыңызда кестелене береді. Сол әдемі кестенің алтын жібін иірген уақыт тек біздің ғана емес, күллі әлемге белгілі ұлт көсемдерінің атқарған ісін таразылап жатады... Бүгінге дейін сол өлшем таразысы бізге нені ұқтырды? Кезекті мәселеміз осы сұраққа жауап беруден басталсын.
Тақырыпқа орай ...деген екен...
Мұстафа Кемал АТА ТҮРІК:
– Мәңгі империя болмайды. Ерте ме, кеш пе, Кеңес Одағы құлайды. Оның қол астындағы түрік республикалары тәуелсіздік алады. Біз олардан өтініш түсуін күтіп отырмай, бауырластарға көмек қолын созуға дайын болуымыз керек.
(1933 жылы Түркия тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойында айтқаны)
Ұлтын ту еткендер ғана көсем болады
Тарих – безбен. Ол әр көшбасшының ұлтына еткен еңбегінің салмағын екшеп бере алады. Таразының бір басына ұлт көсемін, бір басына ұлтын қойып безбендеп, өлшеп көру қажет секілді. Екі жақтың салмағы тең түскенде ғана тұлғаның атауы ұлттың брендіне айналады. Мәселен, Мұстафа Кемал Ата Түрік түріктің атасына қалай айналды? Ататегі үнділік (кейбір деректерде қытайлық) бола тұра, малай ұлтының көшін бастаған Махатхир бин Мохамад ше? Қарулы отарлаушы елмен бейбіт жолмен қарсыласудың теориясы мен тактикасын белгілеген Махатма Ганди де тек өз ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдады емес пе?.. 1618-1648 жылдардағы отыз жылдық ойраннан кейін 300-дей ұсақ князьдіктерге бөлініп кеткен Германияны Герман империясы еткен (1870-1871 жылдардан соң) Бисмарк болатын. Оны қойыңызшы, Бисмарктан кейінгі ұлы герман саясаткері атанған Конрад Аденауэр мен «неміс экономикасы кереметінің» авторы атағына ие болған Людвиг Эрхардтың әр ісін әлем тамсанып айтып жүрген жоқ па? Мысалы, бүгінде даму қарқыны жөнінен екінші дүние- жүзілік соғыста жеңімпаз болған Ресей мен жеңілген Германияның қайсысының көші ілгері? Әрине, Людвиг Эрхардты туғызған неміс ұлтының... Саяси тұтқын ретінде 27 жыл алты ай алты күнін абақтыда өткерген Нельсон Манделаның саяси қайраткерлігі Оңтүстік Африка Республикасына деген көзқарасты түпкілікті өзгертіп берген жоқ па? Бұл тізімді өз биігін бағындырған Валенса, Тэтчер, Дэн Сяопин, Ли Куан Ю, Рейган, Рузвельт, Уинстон Леонард Спенсер-Черчилль секілді тұлғалармен толықтыра беруге болады. Осы аталған тұлғалардың бәрі де өз ұлтын сүйгені, өз ұлтының арбасын өрге сүйрегені, өз халқының «табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын» деген түсінікпен өмір сүргені анық. Сол ерлігіне сүйсінген ел өз оғланының дәрежесін асқақтатып, әлемдік деңгейдегі бірегей тұлғаға айналдырып жіберді.
Ұлтшылдық ұлтты құтқарады
Енді ақырын ойысып, өзімізге келсек... Өйткені әлемдік тәжірибеге қарап діндардың да (Аятолла Хаменей, Мартин Лютер ), жалаңаяқ кедейдің де (Махатма Ганди) елдің болашақ жолын көрсететін бағдаршамға айнала алатынын білеміз. Оларға тамсана қарап, «бізде де осындай көсемдер болғанда ғой» деп армандаймыз. Асылында, ондай тұлғалар Алаш баласында аз ба еді? Кешегі Сабалақ деген атпен Төле бидің түйесін баққан Абылай ханның Алаш баласын бір тудың астына біріктіргені, одан ертерек ХVI ғасырдың 20-шы жылдарында сан руға бөлініп бара жатқан қазақты сақтап қалған Хақназар ханнның ерлігі, арғы тарихты ақтармай-ақ, кешегі алашордашылардың шекарамызды белгілеп беруі, дербес автономия алып, тәуелсіздікке ұмтылуы – бәрі-бәрі ел көсемдерінің ынта-жігері арқылы жасалмады ма? Бірақ біз сол бір Әлихан мен Ахметтердің ерлігін жете түсіне алмай жүрген сияқтымыз. Оған себеп «ұлтшылдық» деген сөзге тітіркене қарауымыз секілді. Неге? Кеңестік кезеңде бұл сөз ең ауыр айыптау болып саналатын.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Ганди де, Черчилль де ұлтшыл. Тіпті қазір билік мақтайтын Ли Куан Ю де ұлтшылдардың ұлтшылы. Одан несіне қорқамыз? Өкінішке қарай, «ұлтшылдық» ұғымын кезінде кеңестік империя өз саясатын қолдамайтындарды, ұлт-азаттық жолында күрескендерді езіп-жаншудың басты құралы ретінде пайдаланған. 1986 жылдары бізді «махровый националист» деп айыптады. Осындай кеңестік түсініктерге, кеңестік терминдерге байланып қалған ұғымдардан тазарып алуымыз керек.
Саясаттанушы айтпақшы, шындығында да, осындай кеңестік түсініктерге, кеңестік терминдерге байланып қалған ұғымдардан тазаруымыз қажет. Бұл – бірінші мәселе...
Бір өкініш...
Екінші мәселе, біздің көсемдер арасындағы ұстанымдардың аражігін ажырату керек. Мәселен, қысылтаяң кезеңде елін аман сақтап қалу үшін Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай – үшеуі үш саяси бағытты таңдады. Ақиқатына келсек, үшеуінің де жолы дұрыс. Тұрардың идеясы – қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде қазақты қорғап қалды. Әлиханның идеясы – бүгінгі Тәуелсіздіктің туының желбіреуіне септігін тигізді. Мұстафа Шоқайдың идеясы – болашақтағы түркілердің интеграциясына бастама болары хақ. Екшеп көрсек, бұл үш бағыт та тек ұлтты сақтап қалудың, жеке ел, мемлекет болудың қамы екенін байқайсыз. Десе де, іште бір өкініш бар. Ол өкінішті мынадай бір мысал арқылы түсіндіріп көрелік...
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияны аяққа тік тұрғызған президент Аденауэр мен экономист Эрхард өз арасындағы идеялық қайшылықты ұлттық мемлекетті сақтап қалу жолында жоя білген еді. Ұлттық мүдде жолында оларға жас айырмашылығы да (Аденауэр өзінің министрінен 21 жас үлкен болды), діни көзқарасы да (Аденауэр католик, ал Эрхард протестант), флегматигі мен холериктігі де (Аденауэр флегматик және аз сөйлейтін, ал Эрхард холерик және көпсөзді болатын) бөгет бола алмады. Екеуі бір жағадан бас шығарып, бірі саясатты, екіншісі экономиканы абсолюттендіру жолында жұмыс жасай берді. Бірі, яғни Аденауэр – авторитарлыққа, ал Эрхард демократизмге бүйрек бұрса да, мемлекеттік мүдде олардың идеясын бір арнаға тоғыстырды. Егер де дәл осы мысал секілді Әлихан, Мұстафа, Тұрарлардың басы біріккенде не болар еді?.. Біз, бәлкім, қазір Жапония секілді елге айналып, Орталық Азияда үстемдік етіп тұрар ма едік?
Түйін
Қош! Біздің көсемдер армандаған Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге ширек ғасырға таяп қалды. Тарихқа сүйенейік, өмірден алайық, әйтеуір ел басына күн туғанда ұлтын сақтар бір Махамбеттің табылары, елдің мерейін үстем етер бір ұлдың туары аксиомаға айналып кетіпті. Мұның себебін біздің ұлттың мемлекеттік санасының қалыптасқанынан іздеу керек секілді. Сол мемлекеттік сана әрдайым да Әлихан Бөкейханның: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзімен айшықталып тұрса, арман не?
Сегіз қырлы, бір сырлы тұлғалар
Саясаткер – Черчилль, суретші – Черчилль, жазушы – Черчилль...
* Уинстон Леонард Спенсер-Черчилль – көрнекті британиялық саясаткер. Ол екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Құрама Патшалыққа жетекшілік етіп, 1940-1945 және 1951-1955 жылдар аралығында Құрама Патшалықтың премьер-министрі қызметін атқарған. Көрнекті мемлекет қайраткері Черчилль саяси қызметінен бөлек шешендігімен көзге түскен, озық әскери офицер атанған, елдегі белгілі тарихшы ретінде де танылған. Тіпті жазушылық еңбегіне орай әлемдік Нобель сыйлығына ие болған. Ел арасында әуесқой суретші ретінде де танымал.
1.Көшбасшы-ту ұстаушы: өзіне тән саяси мақсатты алға қойып, жүзеге асырады (І Петр, М. Ганди).
2.Көшбасшы-қызметші: өз жақтастарының мүддесін білдіріп, солардың атынан сөйлейді (Л.И. Брежнев).
3.Көшбасшы-саудагер: қалың көпшілікті иландыра отырып, олардың мүддесі мен тілегін іске асырады (Р. Рейган).
4.Көшбасшы-өрт сөндіруші: қиын-қыстау кезеңде және уақыт талабына сай әбжіл қимылдап, халықтың соңынан ерте алады (Ф.Д. Рузвельт).
Спорт комментаторынан президент болғанға дейін...
* Рональд Рейган – Америка Құрама Штатының Республикалық партиясының 40-Президенті (1981—1985 және1985—1989 жылдар аралығында). Ол саяси өмірі басталмай тұрып әртістігімен танылған. Рональд Рейган ғұмырында түрлі форматтағы 52 фильмге түскен. Кейіннен мемлекеттің басшысы болған тұста экономика саласына да жетік екенін дәлелдеп, мемелекетттік шығынды қысқарту, салықты төмендету, инфляцияны бақылау сияқты экономикалық мәселелерді реттейтін «рейганомика» атты экономикалық саясаттың негізін қалады. Жас кезінде футбол ойынын хабарлаушы, спорт комментаторы, диктор болып жұмыс жасаған бұл саясаткердің даусының тартымды болғанын да айта кеткен жөн.
Көшбасшылардың идеологиялық бағытын білеміз бе?
Көптеген ұлт көшбасшысының саяси бағыты мен ұстанымдары саячси идеологияға айналып отырған. Мәселен, Мао Цзедунның саяси бағыты маоизмге ұласты. Оның мәні-қалалық пролетариаттан ауылдық шаруаға басымдық беру. Кемализм – Ата Түрік негізін қалаған түрік ұлтшылдығының идеологиясы. Алты тармақтан тұратын кемализм доктринасы Конституциямен бекітілген. Гитлерлік Германия басқыншылығынан Францияны күйретпей сақтап қалған, Англияда жүріп Қарсыласу соғысын жүргізген генерал Шарль де Голльдің саясаттағы сара жолы – голлизм. Голлизмнің түпқазығы – Францияны кез келген державадан тәуелсіз ету, оңшыл саясат, әлеуметтік мәселелерде консерваторлық бағытты ұстанып, экономикаға мемлекеттің араласуын құптау. Голлистік партиялар үнемі жеңіске жетіп келеді. Фрацуз ұлтының әкесі де Голльдің үлкен ерлігі – генералдардың қарсылығына қарамастан Франция отарларынан, соның ішінде Алжирден бас тартуы еді. Югославия лидері Йосип Броз Титоның коммунистік титоизм бағытының мазмұны – капиталистік елдермен бейбіт аралас-құраластыққа баруы, жұмысшы коллективтеріне дербестік беруі болды. Үнді көсемі М.Гандидің гандизм жолы – тәуелсіздікке бейбіт қол жеткізу, касталық теңсіздікпен күрес тек үнді тауарларын тұтынуды ұран етті. АҚШ президенті Рональд Рейган ұстанған рейганомика бағыты- тауар сұранысына негізделген экономика құру, салықты азайту, мемлекеттің экономикаға араласуын шектеу, ақша массасын қысқарту арқылы инфляцияны төмендетуге болды.
Пак Чон Хи – Оңтүстік Корея ғажайыбының авторы
Оңтүстік Кореяның қазіргі заман тарихындағы ірі көшбасшыларының бірі – Пак Чон Хи (1917-1979). Корей елін 18 жыл басқарған (1963-1979) ол қазіргі «Ханганның ғажайыбы» деп аталатын экономикалық өрлеуге даңғыл жол салған. Жалпы, Пак Чон Хи туралы мамандар екі түрлі пікірде. Біріншісі диктатор болды десе, екіншілері ол елдің дамуына орасан үлес қосты деп айтады.
Пак Чон Хидің үш кемшілігі
Корей халқы әрдайым да Пак Чон Хидің арқасында еңселі ел болғанын тілге тиек етіп отырады. Бұл сөзде шындық бар. Оның кезінде жағдайы төмен корей елі қиындықтан құтылып, өнеркәсіптік дамуға бет бұрды. Билік басына 1961 жылы мемлекеттік әскери төңкеріспен келген Пак Чон Хи президенттік өкілеттігін екі жылдан кейін бастады. Бірақ осы орайда Пак Чон Хидің кемшіліктері де болғанын айта кету керек. «Оның бірінші кемшілігі – демократияны тұншықтыруы. Оның мысалы ретінде бір кездері Кореяның президенттері болған Ким Дэ Джун мен Ким Ён Сам деген оппозиция жетекшілерін қудалауын айтса болады. Дегенмен де олар Пак Чон Хиден кейін де қуғынды бастан өткерді. Екінші кемшілігі – конституцияны бірнеше рет өзгертті және біраз жастарды және түрлі белгілі азаматтарды түрмеге жапты. Үшінші кемшілігі – «Оның тұсында Солтүстік пен Оңтүстік Кореяның арасы суып кетті» дейді корей тарихшылары.
...он екі ерлігі
Пак Чон Хи корей соғысынан кейін тұралаған елді аяғынан тұрғызды. Біріншіден, экономиканы көтеріп, экспортты еселеп арттырды. Экспортты дамыту үшін бүкіл Корей еліне тас жолдар төседі. Екіншіден, корей компанияларына ерекше қолдау жасады. Корей еліндегі «Самсунг», «Поско», «Елджи» және «Хюндай» компаниялары соның кезінде алып құрылыстар жүргізді. Пак Чон Хи «темір – біздің халықтың қуаты» деп айтып, оны көптеп экспорттауға күш салды. Қазір «Поско» – әлемдегі темір шығарудан үлкен бестікке кіретін корей компаниясы. «Поскоға» барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті Посконың тарихи музейінде тұр. Санаулы әлемдік тұлғаларға арналған жерде еліміздің президентінің суретінің тұруы бізге деген үлкен құрметтің белгісі болса керек. Үшіншіден, корей елінің бүкіл өнеркәсібін дамытуды қолға алды. Төртіншіден, «жаңа ауыл қозғалысы» саясатын жүргізіп, бүкіл ауыл мәселесін шешіп, аймақтардың дамуына жағдай жасады. Бесіншіден, елдің энергетикалық дамуына басымдық берді. Кейбір мамандар, бәлкім, сол кезде ол атом бомбасын жасауды ойластырған шығар деп топшылайды. Бірақ бұл туралы нақты дерек жоқ. Алтыншыдан, солтүстіктен төнуі ықтимал қауіпке орай Кореяның қорғанысын күшейтті. Жетіншіден, Оңтүстік Корея Солтүстіктен басып озды. Сегізіншіден, технологиялық дамуды тұғыр етті. Тоғызыншыдан, діни қысым жасаудан аулақ болды. Оның кезінде ислам діні мешіт соғуға жер алды. Оныншыдан, ел экономикасы үшін халықаралық экономиканы дамытуға тырысты. Он біріншіден, қоршаған ортаға ерекше мән беріп, корей елін жасылдандырды. Он екіншіден, корей елінің сана-сезімін өзгертті. Корей елі «еңбекпен жетістікке жете алады» деген сеніммен зауыттарда тынымсыз жұмыс істеп, бейнеттің зейнетін көрді, Корея елі бір ғасырлық дамуды артқа тастады. Қазіргі Корей елінің президенті Пак Гын Хие ханым сол Пак Чон Хидің туған қызы. Пак Гын Хиеден корей қоғамы «Екінші Ханган ғажайыбы» деген экономикалық тағы бір өрлеуді үміт етіп отырғанын сезуге болады.
• Ержүрек көшбасшы
Екі рет оқ атылса да кірпік қақпаған...
1974 жылы Хеорам театрында корей елінің жыл сайынғы тәуелсіздік күніне байланысты сөйлеп тұрған кезінде Солтүстік Кореяның жалдамалы киллері Пак Чон Хиге оқ атады. Екі рет оқ атқан кезде де Пак Чон Хи кірпік қақпай, орнында тапжылмай тұрып, сөзін жалғастыра берген. Оқтың дауысы шыққан кезде қасындағы көмекшілері мен министрлердің бәрі тым-тырақай қаша жөнелген. Сол екі оқтың бірінен әйелі, қазіргі президент Пак Гын Хиенің анасы қаза болады. Ел арасында оның осындай қайтпас қайсарлығы мен ержүректігі аңызға айналған. Ол қатал басшы атанса да, жүрегі жұмсақ еді. Бірде Америкаға барған кезде ондағы корейлер қарсы алып, Оңтүстік Корея дамысын деп ақша жинап беріпті. Ақшаны алып тұрып, көзіне жас алған екен.
Дастан Ақаш, мемлекеттік және жергілікті басқару саласының маманы Арнайы «Алаш айнасы» үшін Сеулден (Оңтүстік Корея)
Мұндай да болады
Сүйген оғланына атты елі береді
Ұлы адамдардың ұлылығы олардың әр қадамынан аңғарылып тұрады. Содан болар, тіпті кейбір қолбасшылар мен көсемдерге елі ат беріп, кейіннен тарихи тұлғаның жөргекте қойылған есімі ұмытыла бастайды. Мәселен, әлемде теңдесі жоқ алып империя құрған Тэмуджинді біз Шыңғыс хан деп танимыз. Өйткені ол 1206 жылы барлық тайпалардың ұлы ханы болып жарияланып, «Шыңғыс хан» (түркі тілдеріндегі «теңіз» деген сөзден шыққан деп есептеледі) деген лауазым алған болатын. Бұл – бір мысал. Екіншіден, сізден «Мохандас Карамчанд деген кім?» десем танисыз ба? Жоқ. Бұл сұрақты сәл өзгертіп, Мохандас Карамчанд Ганди десем ше? Бірден логикаға сүйеніп, Махатма Ганди дейсіз. Бір қызығы, Гандидің есіміне «Махатма» деген сөзді қосқан Үндістанның белгілі ақыны Рабиндранат Тагор екен. Махатма деген сөздің мағынасы «Ұлы адам» дегенді білдіреді. Үшіншіден, Мұстафа Кемал Ата-Түрікті алайық... 1934 жылы Осман империясының барлық әдет-ғұрпы өзгертілді. Ол заманда түріктердің тегі (фамилия) бірге аталмайтын болған. Сондықтан 1931 жылдың қаңтарынан бастап азаматтарға тек беру мәселесі қолға алынды. Ел азаматтары өздеріне түрлі ат алып, (мәселен, біреулер кәсібіне байланысты офицер, пошташы, саудагер, балықшы, малшы деген секілді есімдерді алған) жұрттың басым көпшілігі өз әкелерінің атын тек етіп жаздырған-ды. Сол тұста Ұлы Ұлттық жиналыс Мұстафа Кемал-Пашаға «Ата-Түрік» (түріктердің атасы) деген атақ береді. Ақыры сол атақ тұлғаның мәңгілік тегіне айналып кетті.
Ұлтқа қызмет етуді терең мағынасында қалай түсінесіз?
Ақберен Елгезек, ақын:
– Айналаңды, қоршаған ортаңды, заманыңды өзгерту үшін алдымен өзің өзгеруің керек. Адам өзгеріске ниеттенгенде күллі табиғат, барша жаратылыс соған икемделіп, болыса бастайды. Бірге өзгереді. Сол секілді ұлттың ертеңі жарқын болсын деп қалаған адам, алдымен өзінің ішкі әлемінде һәм сыртқы болмысында жақсаруға ден қою керек. Жақсылыққа, ізгілікке, өркендеуге қадам жасауы тиіс. Ұлтқа қызмет ету дегеніміз – әредік «мен де бармын!» деп міндетті түрде мақала жазып, өлең оқып немесе демонстрацияларға шығу емес. Бұл саяси амалдар, әрине, керек. Бірақ мұндай күрестің формаларына кез келген ұлт тығыраққа тірелгенде ғана барады деп есептеймін. Ұлтқа қызмет ету айналысып жүрген шаруаңды тиянақты, ұқыпты жүзеге асырудан басталады. Әр қазақ өзінің жеке пайдасынан бұрын, «бұл жасап жатқан шаруамның ұлтыма, оның ертеңіне нендей пайда әкеледі?» деп саралап отырса, бұл жалпы ұлт масштабында мультипликативті эффект беретін еді. Ол өз кезегінде сүйікті Отанымыздың өркендеуіне зор ықпал жасар еді деп ойлаймын.
Ахметбек Нұрсила, кәсіпкер:
– Ұлтқа қалай қызмет істеуді Алаш ардақтылары Ахмет, Мағжан, Міржақыптар айтып та, көрсетіп те кеткен деп түсінемін. Ендігі ұрпақ сол ардақтыларымыздың айтақандарын, армандарын іс жүзінде орындасақ жетіп-артылады! Әр ұрпақ өткен ұрпаққа қарыздар да, келер ұрпақтың алдында жауапты. Әр ұлттың өз заманында жаман да, жақсы да қасиеттері болады. Менің ойымша: Біз бабалардан қалған жақсы қасиеттерді сақтап, дамытып, келер ұрпаққа жалғастыру үшін өткізіп беру керекпіз. Ал жаман әдеттерінен арылуға күш салып, басқа озық халықтардың жақсы қасиеттерінен үйреніп, келер ұрпаққа үйретіп кету – парызымыз! Ұлт барған сайын білімді, күшті, бай, мәдениетті, қайырымды, денсаулығы жақсы бола түсуі керек, әр көзі ашық, елін сүйетін азамат осы үшін жұмыс істеу керек...
Амангелді Құрметұлы, журналист:
– «Ұлтқа қызмет ету» деген ұғымның өзі, ашығын айтар болсақ, өте жауапты дүние. Ең алдымен, ұлтыңның атақ-абыройына, атына қара дақ түсірмесең, «қазақтар нашар екен» дегізбесең, меніңше, ұлтыңа қызмет еткенің. Бұл кез келген пенденің қолынан келетін іс. Еңбекқор болса, адал болса, мәдениетті болса, халқының атына кір келтірмейді адам. Бұл «ұлтқа қызмет етудің» қарапайым болса да, ең тиімді түрі. Ал биік мінберлерден жалынды сөздер айтып, ұлты үшін «күндіз күлмейтін, түнде ұйықтамайтын» адамның рөлін ойнап, бірақ реті келсе, мемлекеттік қазынасына қол салудан тайынбайтындар, қарапайым пенденің мұң-мұқтажын тыңдамайтындар ұлтқа қызмет етіп жүр дей алмаймын.
Бетті дайындаған Қанат БІРЛІКҰЛЫ