Саясаттан аулақ ЕурАзЭҚ
КСРО күйреген кезде Тәуелсіздік алған мемлекеттер дербес саяси жүйе құрғанымен, оқшау экономикалық жүйе қалыптастыра алмайтын еді. Қаласын, қаламасын сан жылдар бойы матасып қалған көліктік дәлізді жалғайтын, алыс-берісті жандандыратын өзара тиімді экономикалық ынтымақтастыққа әркім мүдделестік танытты. Посткеңестік кеңістіктің санаулы мемлекеті экономикалық интеграцияға араға уақыт салып барып бейіл танытты. Соның айғағы ретінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) 2000 жылғы 10 қазанда Астана қаласында халықаралық экономикалық ұйым ретінде Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа сәйкес құрылған болатын. Посткеңестік шеңбердегі интеграциялық құрылымдардың ішінде экономикалық мүддені мақсат еткен ЕурАзЭҚ-тің тыныш-тіршілігі де саясаттан алшақ емес. Кедендік одақ үшін құрылған ұйым
1993 жылы 24 қыркүйекте ТМД елдерінің Экономикалық одағы деген келісімге қол қойылған болатын. Бұл келісім нарық жағдайында кеңестік қапасты бұзып шыққан елдер арасындағы экономикалық байланыстарды жалғауға септігін тигізетін бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыруды көздеген-ді. Алайда бұл кезде ұлтүстілік интеграциялық ұйымдар құру идеясы қолдау таппады. 1994 жылғы сәуір айында қол қойылған еркін сауда зоналары туралы келісім де жалғасын таппады. 1995 жылы 20 қаңтардағы көпжақты Кедендік одақ туралы келісім жасалды. Ал 1996 жылы 26 наурызда Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан елдері экономикалық және гуманитарлық саладағы интеграцияны тереңдету туралы одан кейін 1997 жылғы 22 қарашадағы Кеден одағын қалыптастыру кезінде тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімге қол қояды. Сөйтіп, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құруға алғышарт жасалады. 1999 жылы 26 ақпанда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, және Тәжікстан елдерінің басшылары Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік құру жөніндегі келісімге қол қояды. Осылайша интеграциялық архитекторлар Кедендік одақтың қаңқасын құрап, өмірге дайындай бастайды. Сөйтіп, алдағы 2010 жылы құрылатын Кедендік одақ жолында Еуразиялық Экономикалық қоғамдастық саяси-экономикалық өмірге белсене араласа бастайды. Еуразиялық экономикалық қоғамдастық – ТМД кеңістігіндегі ең дамыған аймақтық бірлестіктердің бірі. Аталған аймақтық бірлестік жұмысына қатысу Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарының бірі болып табылады. ЕурАзЭҚ-ке мүше елдердің жалпы территориясы 20 млн 350 мың шаршы шақырымды құрайды. Халқының саны 181 миллионнан асып жығылады. 2003 жылғы желтоқсанда ЕурАзЭҚ БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды, бұл осы интеграциялық бірлестікті дүниежүзілік қоғамдастық танып отыр дегенді білдіреді. ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің өзара ықпалдастығы тауарлар аталымының басым көпшілігі бойынша ортақ кеден тарифтері енгізілген, тарифтік емес реттеу бойынша келісілген шаралар жүзеге асырылып жатқан, үшінші елдерге қатысты ортақ сауда режимдері қалыптастырыла бастаған кезеңге жетіп отырғанын атап өткен жөн. Гуманитарлық салада біздің елдеріміз азаматтарының білім, мәдениет, денсаулық сақтау және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету салаларындағы қажеттіктерін неғұрлым толығырақ қанағаттандыруға мүмкіндік беретін бірқатар нақтылы бірлескен қадамдар жасалды. ЕурАзЭҚ құру туралы шартқа қол қойылған сәттен бері ЕурАзЭҚ құру туралы шарттың нормалары мен қағидаларын нақты толықтыру, Қоғамдастықтың басқару органдарын құру және олардың қызметін реттейтін құжаттарды әзірлеу, жаңа халықаралық ұйымның лауазымды тұлғаларының құқықтық мәртебесін, артықшылықтары мен иммунитеттерін бекіту, олардың өз міндеттерін тиімді жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайлар жасау бойынша халықаралық-құқықтық жұмыстың едәуір көлемі атқарылды. 1996 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Кеден одағы және ЕурАзЭҚ шеңберінде 79 халықаралық шартқа қол қойылыпты.
Ұйымның органдары қандай?
Ұйымның жоғары органы – мемлекет басшылары кіретін Мемлекетаралық Кеңес. Бұдан басқа Интеграциялық комитет, Парламентаралық Ассамблея ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын үйлесімдендіру (жақындастыру, бірегейлендіру) мәселелерін қарайтын парламентаралық ынтымақтастық органы болып табылады. Парламентаралық Ассамблея, ЕурАзЭҚ Соты және хатшылық органдары бар. ЕурАзЭҚ Парламенттік ассамблеясы құрамында: Ресейдің – 28, Қазақстан, Беларусь елдерінің – 14-тен, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанның – 7-ден парламентарийі бар.
Хатшылық Мемлекетаралық кеңес пен интеграциялық комитеттің қызметін ұйымдастырып, ақпараттық-техникалық жағынан қамтамасыз етеді. Ұйымның бас хатшысы қызметін 2007 жылы 6 қазанда тағайындалған Тайыр Мансұров атқарып келеді. Ұйымға мүше елдердің дауысы былайша бөлінген. Мәселен, Ресей – 40 дауыс, Қазақстан – 20 дауыс, Беларусь – 20 дауыс, Қырғызстан – 10 дауыс, Тәжікстан – 10 дауыс. Ал ұйым бюджетінің 40 пайызын – Ресей, 15 пайыздан – Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан, ал 7,5 пайызын Қырғызстан мен Тәжікстан береді. Ұйымның басымдықтары ретінде көлік, энергетика, еңбек миграциясы, аграрлық-өнеркәсіптік кешенді айтуға болады.
Алтау ала болса...
Қазір ұйымның іргесі солқылдап тұр. Өйткені «алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дегендей, ұйымның алты мүшесінің ішінде Өзбекстан тоңтеріс мінез байқатып жүр. ЕурАзЭҚ-ке 2006 жылы кірген Өзбекстан 2008 жылы ұйымға мүшелігін тоқтатты, дегенмен ұйым қатарынан шығарылған жоқ. Бұл Өзбекстанның өзара тиімді бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылмайтынын аңдатты. ЕурАзЭҚ мүшелері етектен алған дағдарысқа қарсы қор құрғанда да Ислам ака сараңдық танытты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жарғылық көлемі 10 миллиард доллар дағдарысқа қор құрылды. Бұған Ресей 7,5 миллиард, Қазақстан 1 миллиард, Беларусь – 10 миллион, қалғандары 1 миллион доллардан үлес қосатын болды.
Ұйымның алдындағы іргелі мақсаттар:
Біріншіден, Кедендік одақ құру;
Екіншіден, келісімді экономикалық саясат жүргізу;
Үшіншіден, бірлескен энергетикалық жүйені қалыптастыру мен дамыту;
Төртіншіден, Көлік одағын құру және ЕурАзЭҚ-тің көліктік потенциалын жүзеге асыру;
Бесіншіден, қызмет көрсетудің ортақ нарығын қалыптастыру
Алтыншыдан, ортақ валюта құру
ЕурАзЭҚ ұйымындағы түйткілдер:
Бірінші түйткіл: экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі;
Екінші түйткіл: өнеркәсіптік кооперацияның әлсіздігі;
Үшінші түйткіл: көліктік-коммуникациялық ынтымақтастықтың сылбырлығы;
Төртінші түйткіл: тасымалдаудағы әділетсіздік. Мәселен, Қазақстан экспортерлері үшін мұнай тасымалдау бағасы ресейліктерден 2,5 есе, көмір жеткізу 1,5 есе жоғары күйінде қалып отыр.
Алаш-анықтама:
ЕурАзЭҚ мүшелері: Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан.
ЕурАзЭҚ-қа бақылаушы елдер: Армения, Молдова, Украина.
Ұйымның құрылымы: Мемлекетаралық Кеңес, Интеграциялық Комитет (штаб-пәтерлері Алматы және Мәскеу қалаларында), Парламентаралық Ассамблея (штаб-пәтері Санкт-Петербург қ.), Қоғамдастық соты (штаб- пәтері Минск қ.)
Ой-тұжырым
Өзге интеграциялық институттармен салыстырғанда, ЕурАзЭҚ-тің құйысқаны берік, емендей мығым. Өйткені ұйымды саясидан гөрі экономикалық мүдделер біріктіріп тұр. Дегенмен ұйымның кез келген дағдарысқа қарсы қуатын арттыратын маңызды фактор бар. Бұл Елбасының «евраз» немесе «еуразия» деп аталатын аймақтық жаңа валюта идеясы.