Саясаттың айқайлап айтатын, сыбырлап жеткізетін тұстары да болады
Нұрлан ӨНЕРБАЙ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Сіз мемлекеттік қызметті атқардыңыз, арнайы мектептің директоры да болдыңыз Қазір депутатсыз. Шыныңызды айтыңызшы, қай қызметіңіз жаныңызға жақын?
– Адам өмірге келгенде әке-шешесін таңдамайды ғой. Адамның дүниеге келген сәтінен бастап, өмірден өткенге дейінгі тағдыры пешенесіне жазылып қойылады. Аллаға шүкір, осы уақытқа дейінгі өмірімде біршама қызметті атқардым. Олардың ешқайсысын бөле-жара қараған жоқпын. Қандай жұмыс болмасын, өзіме жүктелген міндеттерді сезініп, жауапкершілікпен қызмет жасадым.
– Әжептәуір мемлекеттік қызметтен мектеп директорлығына бардыңыз. Ішкі түйсігіңізде қайшылықтар болған жоқ па?
– Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде мен аз ғана, төрт айға жетер-жетпес уақыт жұмыс істедім. Өзіңіз айтып отырғандай, ішкі түйсігімде қайшылықтар болып үлгермеді де. Сол алтын ұядан шәкірт ретінде түлеп ұштық қой. Бірақ ұстаздық қызметке, жалпы, білім саласына келгенде, біраз тосырқап қалғаным рас. Қара шаңырақ бұрын республика деңгейіндегі мектеп еді. Кейіннен белгісіз себептерге байланысты республикалық дәрежесінен айырылып қалды. Сол мектептің мәртебесін қалпына келтіруден бастаймын деп бар күшімді салып жүргенде Парламентке келдім. Бірақ депутаттық қызмет те аяқастынан бұйырды деп айта алмаймын. Бұдан үш жыл бұрынғы сайлауда партияның тізімінде болғанмын, яғни сайлауға түскенмін. Партияның шешімімен депутаттық мандатқа ие болған жайым бар.
– Қазақтың жанын «Қазақтың жаны» телебағдарламасы арқылы жақсы жеткізген едіңіз, депутаттық мінберде қазақтың жанайқайын дәл телеарнадағыдай жеткізу қиынырақ па?
– Кез келген қоғамның жанайқайы болады. Бірақ сол жанайқайды жеткізудің амалдары мен тәсілдері өзгеріп келеді. Ұлы Абай көтерген проблемалардың біразы әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатыр. Кезінде телеарна арқылы жеткізсем, бүгін Парламент мінберін пайдалана отырып, қоғам алдында айтарымды айтып жатырмын. Сондықтан қиын деп айта алмаймын.
– Халыққа саясаткер Нұрланнан, әнші ұлдары жақынырақ сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
– Мен өзім де солай ойлаймын. Халықпен кездесулерде де осы мәселелер алдымнан шығып жатады. Менің өнеріме сұраныстың барына өзім қуанамын. Шығармашылықтан бұрынғы қызметтерімде де қол үзіп қалған кезім болды. Бірақ әлі күнге дейін менің әнімді сұрап жатады. Халықтың ықыласын біле тұра, өнерден кете алмаймын деп ойлаймын. Саясатқа араласқанымды сынап та жатқандар болды. Қоғамдық жұмыспен айналысу менің өнерге деген құштарлығыма кедергі бола алмайды.
– Өнер адамдары гуманист болып келеді. Ал саясатта түлкібұлаңға салуға тура келетін жағдайлар кездесіп жатады. Сізге қиын емес пе?
– Өнер адамдары тек қана гуманист емес, сонымен қатар эмоцияшыл болып келеді. Мен де қоғамның бір мүшесі ретінде Парламент мінберінде айтылған проблемалар тез шешілуін талап етемін. Бірақ саяси процесс өте ұзақ процесс екен. Саясат сайқалдықты қажет етеді деп жатады ғой. Менің түсінігімде саясаттың айқайлап айтатын жері де, сыбырлап жеткізетін тұстары да болады.
– Саясатқа бейімделуіңіз қиынға соғып жатқан сияқты...
– Саясатқа толық бейімделе қалдым деп айта алмаймын. Әлі де болса кедергілер кездесіп тұрады.
– Бір кездері киноға да түстіңіз, сәтті шыққан туындының кең таралмауына не себеп?
– Жамбыл бабамыздың жастық шағы туралы көркем фильмге түскенмін. Кейіннен «Қазақстан» телеарнасы түсірген «Бір бала» фильміне қатыстым. Бұл қазақтың менталитетіне, мәдениетіне өте жақын туынды болып шықты. Бірақ қазір кино мамандары киноны тек қана табыс көзіне айналдырып алды. Табыс, ақша табуды мүдде етіп, бір сәттік жылт еткен дүниелерге басымдық беріліп, ұлтқа берері мол, тәрбиелік мәні жоғары дүниелер шеттеп қалып жатыр. Бұл менің жанымды ауыртады.
– Сізді мықты бильярдшы деп естиміз. Қазір тастаяқ ойнауға уақыт таба алып жүрсіз бе?
– Иә, бұрын жұмыстан қол босай қалғанда бильярд ойнай кететінмін. Тіпті таңға дейін көзіміз қызарып, тастаяқ ойнаған кездерім болды. Бірақ дін жолына бет бұрғаннан кейін уақыттың қадірін түсіндім. Қазір тіпті бильярд ойнауға уақыт та жоқ. Салиқалы жарыстар өтіп жатса, қатысуға қарсы емеспін.
– Аңшылыққа да бір табан жақынсыз. Бұл салаға көңіл бөліп жүрсіз бе?
– Бүркітшілердің жыл сайын «Сонар» деген жарысын өткізіп тұрамыз. Сол шараның ұйымдастыру жұмыстарын атқарамын. Ал жеке басыма келер болсаңыз, аңшылықпен айналысып жүрген жоқпын.
– Сіз әншісіз, саясаткерсіз, жалпы, бесаспап азаматсыз. Фамилияңызға әбден лайықты өнерге бай жансыз. Өзіңізді осы ғасырдың сал-серісі деп есептейсіз бе?
– «Мен салмын, серімін!» деген жерім жоқ. Халық тұрғанда, олай айтуға хақым да жоқ. Жалпы, бұл атақтарды адамға қоғам, орта телиді. Егер мені солай атап жатса, менің бойымнан сал-серілердің белгілерін байқайтын шығар.
– Өнер адамдарының табысына салық салу енгізілді. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Мұны өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Әншілерге салық салу туралы бастаманы Алматы қалалық әкімдігінде қызмет етіп жүргенде еліміз бойынша біз бірінші болып бастағанбыз. Алла адам баласына несібесін береді ғой. Ал адам Алланың ризашылығы үшін зекет береді. Мемлекеттің принципі де дәл солай. Осы мемлекетте жүріп табыс тапқан кез келген азамат қазынаға белгілі бір мөлшерін қайтаруы керек. Бұл бастаманы түсінгендер де, қарсы болғандары да болды. Бұл бастама, негізінен, ешқандай өнер мекемелеріне тіркелмей жүрген әншілерге қатысты.
– Сырт көз сізді мінезді деседі, өзіңіз қалай сипаттар едіңіз?
– Өз басым ондай сыбыстың барын естімеппін. Әр адамның өзіне тән мінезі болады ғой. Менің мінезім ауыр деп айта алмаймын. Бірақ өз есемді ешқашан жіберген емеспін.
– Өзіңізді өмірде жолы болған азамат деп есептейсіз бе?
– Иншалла, өмірде де, өнерде де, отбасымда да, саясатта да жолым болып келеді. Сондықтан өзімді жолы болған адам деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет.