Сайлау нәтижесі келешектің сенімді кепіліне айналуда
3 сәуірдегі ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауынан кейін еліміздегі әртүрлі ұйымдар, қозғалыстар мен бірлестіктер бірінен соң бірі Елбасыға құттықтау жолдап, «қорытындыны» қолдау науқанын бастап кеткен тәрізді. Кеше елорданың өзінде ғана әр тұстан жасалған бірқатар мәлімдеме бір сарынды мазмұнда болды.
Азаматтық альянс: сайлау – демократия жолындағы кезекті әрі маңызды қадам
Мәселен, елдің барлық өңіріндегі 480 үкіметтік емес ұйымының басын біріктіретін Қазақстанның Азаматтық альянсы кешегі сайлау нәтижесін толығымен қолдап, алдағы уақытта да мемлекетпен сындарлы ынтымақтастыққа мүдделілік танытып отыр. «Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық дамуы барысындағы басты жетістіктердің бірі – қоғамның демократиялануы. Оның даусыз дәлелі ретінде өз қатарында 2 миллионнан аса қазақстандықты біріктіріп отырған үкіметтік емес сектордың дамуын атауға болады. Президент сайлауы қолданыстағы заңнама талаптарына толығымен сәйкес өтті. Барлық кандидаттың саяси бәсекелестігі үшін бірдей мүмкіндіктер жасалды. Электораттың жоғары белсенділігі елді басқаруға халықты шын мәнінде тартудың әрі олардың саяси мәдениеті өскендігінің дәлелі болып отыр. Сондықтан да ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын Қазақстанның демократиялық және құқықтық мемлекетті құру жолындағы кезекті әрі маңызды қадамы деп санаймыз» делінген альянсшылардың мәлімдемесінде.
Айгүл Соловьева, Мәжіліс депутаты, Азаматтық альянс үйлестіру кеңесінің төрайымы:
– Сайлау үдерісіндегі үкіметтік емес ұйымдардың рөлі – жоғары. Біз «Қазақстан–2020» жалпыұлттық демократиялық күштерінің коалициясына қатысып, әлеуметтік зерттеулер жүргіздік, экзит-полдар ұйымдастырдық. «Үшінші сектор» өкілдері сайлауда бақылаушылар рөлін атқарып, үгіт-насихат жұмыстарына да, түсіндіру жұмыстарына да белсенді араластық. Ал сайлауға келетін болсақ, біз бұл үдеріс сайлау туралы заңнамаға сәйкес, еш заңбұзушылықсыз, толығымен халықаралық стандарттарға сәйкес өткізілді деп сеніммен айта аламыз. Бұл өз кезегінде еліміздің демократиялық дамуына кепіл болады.
Қазақстан халқы ассамблеясы: Біз бәріміз бірге өз тағдырымызды өзіміз таңдадық!
Астанада М.Горький атындағы Орыс драма театрына жиылып, форум өткізген Қазақстан халқы Ассамблеясы да басқосуды Елбасы жеңісіне арнапты. ҚХА төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов оқып берген Президент атына жолданған құттықтауда: «Дауыс берушілердің сайлауға қатысудағы белсенділігі халқымыздың өскен ел, туған жер тағдырына жауапкершілік сезімінің аса жоғары екендігін көрсетті. Мақсат – шынайы шындық арқылы жеңіске жету. Ал біз ел болашағы мен Тәуелсіздікті нығайтуға ауызбіршіліктің арқасында жеткен халықпыз. Біз үшін Тәуелсіздіктен асқан мұрат, бірліктен асқан қасиетті ұғым жоқ. Біз өткенін ұмытпайтын елміз. Ата-баба мұратын ұлықтайтын елміз. Елбасының сарабдал саясаты арқасында халық мұратын жаңа белеске шығарып, өз келешегімізді өзіміз кемелдендірген елміз. Біз атамекеннің көркін, атажұрттың абыройын асыру жолында күш-жігерімізді аямайтын елміз. Елбасы бастамасымен жаңа мемлекеттің жаңа қоғамын, Тәуелсіздік тарихын қалыптастыра отырып, өзімізді де жаңа уақыттың талабына сай өзгерте білдік. Президент Н.Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында бабалар арманы болған Тәуелсіздік орнады, экономикалық және әлеуметтік реформалардың іске асуын қамтамасыз еткен тұрақтылық пен қоғамдық келісім елімізді әлем елдеріне танытты. Президент басшылығымен, Қазақстан сенімді және нәтижелі табыстарға қол жеткізді. Қадірлі Отанымыздың игілігі артып, өсіп-өркендеу жолына түсті. Сіздің жеңісіңіз – бұл бүкіл Қазақстанның жеңісі, халық абыройының асқақтауы, қымбат Отанымыз үшін Тәуелсіздіктің 20 жылдығына ең қымбат сыйы», – делінген.
Людмила Хочиева, Мәжіліс депутаты, ҚХА мүшесі:
– Бүкіл әлемге танымал болып отырған бүгінгі Қазақстанның жетістіктері елдің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевпен байланысты. Ал ол жетістіктерге халық – Елбасына сенгендіктен, Елбасы өз халқын сүйгендігінің арқасында жетіп отырмыз. Сол елін, жерін сүйген Елбасымыз бізді әрі қарай да жарқын болашаққа, үлкен жетістіктерге жетелейді деген сеніммен 3 сәуір күні өткен сайлауда даусымыздың басым бөлігін беруіміздің себебі де – сол. «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме?! Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?» деген қазақ мақалының мағынасы осы күні айшықтала түсті.
Жастар да – Президент жағында
Сондай-ақ осы күні бірқатар жастар бірлестігі өкілдері де мәслихат құрып, Мемлекет басшысын жеңісімен құттықтап, сайлаудың нәтижесімен толығымен келісіп, қолдайтындықтарын білдірді.
Василий Палаев, «Ауыл жастары одағы» қорының тең төрағасы:
– Ауыл жастары Елбасының мемлекеттілікті ары қарай нығайту, қарқынды әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу, сондай-ақ әлемдік сахнада Қазақстанның беделін күшейту секілді жоспарын қолдайды. Сондықтан да кезектен тыс сайлауда мыңдаған ауыл жастары сенімді түрде өз дауыстарын Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Бұл сайлау ашық әрі әділ өтті. Сайлауға қатысқан кандидаттар өз идеяларын жеткізуде тең мүмкіндікке ие болды.