Шанхай ынтымақтастық ұйымы дағдарыстан кейінгі әлемдегі аса қуатты полюс болады
Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.
Талқылау барысында Өңірдегі және жалпы әлемдегі ағымдағы ахуал, халықаралық және өңірдегі өзекті мәселелер, сондай-ақ ШЫҰ одан әрі дамытудың келешегі туралы пікір алмасылды.
Қазақстан Президенті ШҰЫ-ның басым міндеті сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуетін тиімді пайдалану және іскерлік байланыстардың динамикасын күшейту болып табылатынын атап өтті.
– Бірлескен жұмыстың негізгі көрсеткіші іске асырылған жобалар мен өзара тауар айналымын ұлғайту түріндегі нақты нәтижелердің жетістіктері болуы керек. ШЫҰ арнайы есепшоты мен ШЫҰ даму банкі тәрізді экономикалық жобаларды қаржылық қамтамасыз етудің тетіктерін қалыптастыру және жұмыс істеу қағидаттарын келісуді жеделдетуді ұсынамын. Ұйымның көлік-транзит әлеуетін іске асыру ынтымақтастықтың перспективалық бағыты болмақ. Бұл ШЫҰ аясында өзара тауар айналымын ұлғайтуға, біздің елдеріміздің рыногын біріктіруге, Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік жүк тасымалын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. ШЫҰ-ға мүше елдер басшылары ұйымның кеңістігінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күш салуға дайын екендіктері туралы айтты. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ мүше-елдері басшыларының кеңейтілген құрамдағы кеңесінде сөйлеген сөзінде атап өткендей, жаһандық экономикалық өсімді алға жылжытатын негізгі күш экономикасы даму жолындағы елдер болып отыр. Бұл үдерісте Шанхай ұйымы дағдарыстан кейінгі әлемдегі экономикалық архитектураның қайта құрылымында қуатты полюс бола алады. «Біздің ұйымның кеңістігінде аса ауқымды адами, табиғи, инвестициялық, технологиялық және өзге де ресурстар жинақталған», – деді Н.Назарбаев.
Отырысқа қатысушылар ШЫҰ құрылуы мен қызметі өңірлік ынтымақтастықтың тереңдеуіне мүмкіндік беретіні, достықты, тату көршілестікті және өзара сенімді нығайтатыны, ШЫҰ-ға мүше елдердің жарасымды өмір сүруінің нақтылы келешегіне жол ашатыны жайлы атап өтті. Ұйым қызметіне берілген баға, оған мүше елдердің нақты ынтымақтастық пен оның формаларын одан әрі жетілдіруге қатысты көзқарастары ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының ұзақ мерзімді Бейбітшілік және бірлесе өркендеу өңірін қалыптастыру туралы декларациясында көрініс тапты. Сондай-ақ онда жаңа әділетті, демократиялық және көп полярлық әлем құрылымының қалыптасуы жағдайындағы мемлекетаралық қарым-қатынастарды нығайту мәселелері жөніндегі ортақ көзқарастары, олардың әлемдегі бөлінбес қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыруға деген ұмтылысы көрініс тапқан.
Мемлекет басшылары терроризм, сепаратизм, экстремизм, заңсыз есірткі айналымы және трансшекаралық ұйымдасқан қылмыс сияқты қатерлердің асқына түсу үрдісін, сондай-ақ әлемнің әртүрлі өңірінде ахуалдың тұрақсыздануымен байланысты түйткілдерді белгіледі. Бұл орайда дағдарыстық жағдаяттардың алдын алу және оларға бірлесе қарсы тұру ісінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін қоса алғанда, белсенді саяси-дипломатиялық жұмыс аса өзекті міндет болып қала береді.
Кеңестің қорытындысы бойынша Қазақстанның, Қытай мен Ресейдің, Тәжікстан мен Өзбекстанның көшбасшылары 10 құжатқа қол қойды.
Сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер көшбасшылары өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікке, бейбітшілікке қауіп-қатер төндіретін жағдайларға байланысты ШЫҰ тарапынан қабылданатын тетіктер мен саяси-дипломатиялық шаралар жөнінде қосымшаны бекіту үшін жаңа редакцияны мақұлдады. Отырыста өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін жағдаяттарға ШЫҰ-ның қарсы тұру жөніндегі саяси-дипломатиялық шаралар және тетіктер туралы ережесінің жаңа редакциясы, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше елдердің терроризм, сепаратизм, экстремизмге қарсы күрестің 2013-2015 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы бекітілді. Аталған құжат ұйымға мүше елдердің қауіпсіздік саласындағы достастығының құқықтық базасын кеңейтеді. Сонымен қатар ұйымға қатысушылар халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ШЫҰ-ға мүше елдердің өзара іс-қимылының тиімділігін аталып өтті. Сондай-ақ халықаралық бейбітшілікке, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қарсы тұру мақсатындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың пайдаланылуына қарсы әрекет етудің пайдалы екендігі атап өтілді. Мемлекет басшылары сондай-ақ БҰҰ қолдауымен халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қағидаттарды қалыптастыруға көмектесуге уағдаласты. Мемлекет басшылары ирандық ядролық бағдарлама төңірегіндегі жағдайды тек саяси-дипломатиялық амалдар арқылы реттеу туралы айтты. Бұдан басқа бір мемлекет немесе мемлекеттер тобы тарапынан зымыранға қарсы қорғанысты өзге елдердің заңды мүддесін ескерместен, бір жақты және шектеусіз ұлғайтудың халықаралық қауіпсіздікке және бүкіл әлемдегі стратегиялық тұрақтылыққа нұқсан келтіруі ықтимал екені айтылды.
Өңірдегі экономикалық ынтымақтастықты дамытуда елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Сауда мен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасауға, экономиканың шикізат секторындағы техникалық-экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге, тауарлардың заңсыз айналымына қарсы әрекет етуге және зияткерлік меншікті қорғауға дайын болу және одан әрі күш салу туралы айтылды. Өңірдегі қаржы-экономикалық саладағы көп тарапты ынтымақтастықты дамыту жөнінде іс жүзіндегі шараны жалғастыру қажеттігі аталып өтті. Осыған байланысты ШЫҰ-ға мүше елдердің қаржы-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржы-банктік ынтымақтастықты кеңейту жөнінде тәжірибе алмасу үшін ұйымға мүше елдердің қаржы министрлері мен орталық (ұлттық) банктері төрағаларының кездесулері тетігінің маңыздылығы айтылды.
Отырысқа қатысушылар ұйымның қызмет ауқымының ұлғаюына байланысты ШЫҰ-ның объективті бейнесін қалыптастыру мақсатында ұйым қызметін ақпараттық тұрғыда жазып көрсететін ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарының және тараптардың жұмысын жандандыру пайдалы болатынына тоқталды.
ШЫҰ-ға қосылуға мүдделі елдердің тілегін назарға ала отырып, ұйымға мүше елдер жаңа мүшелерді қабылдау үшін қажетті заңды, қаржылық және әкімшілік шарттарды келісу жөніндегі жұмысты жалғастыруға дайын.
Ұйымға мүше елдер ШЫҰ-ның халықаралық байланысын кеңейтуге, өзге көп тарапты ұйымдармен және бірлестіктермен өзара іс-қимылды орнықтыруға арналған желіні жалғастыратын болады.
Мемлекет басшылары Ауғанстан Ислам Республикасына – ШЫҰ жанындағы бақылаушы мәртебесін және Түркия Республикасына ШЫҰ диалогы бойынша серіктес мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.
ШЫҰ Хартиясына сәйкес, ұйымның алдағы кезеңдегі төрағалығы Қырғыз Республикасына өтеді. ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысы 2013 жылы Қырғыз Республикасында болады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының шешімімен 2013 жылдың 1 қаңтарынан 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін РФ Иркутск облысының бұрынғы губернаторы Дмитрий Мезенцев – ШЫҰ бас хатшысы қызметіне және қытай тарапының өкілі Чжан Синьфэнді ШЫҰ құрылымының лаңкестікке қарсы өңірлік комитетінің атқарушы директоры лауазымына тағайындалды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Мемлекет басшыларының ұзақ мерзімді Бейбітшілік және бірлесе өркендеу өңірін қалыптастыру туралы декларациясы қабылданды.