Шаштағы ою-өрнек ұлттық рухтан хабар бере ме?
Әлеуметтік желіде пайда болған қазақтың ою-өрнегін шашына әдемілеп бастырған мына балақанның суреті ондағылардың пікірін екіге бөлген. Біреуі бұл шаш үлгісін қолдаса, біреуі оны даттаған. Қолдаушылардікін толықтай түсінуге болады. Ал даттаушылар не дейді дейсіз ғой?..
Мәселен, Фейсбукті қолданушы Еркін Аитхурман деген бұл енді нағыз қуғандық деп санайды екен.
Тағы бір жерде ол : «Мұның несі жақы? Әлден баланы еліктегіш қып, ертең ол өскенде нағыз шетелдің модаларын қууы үшін жол ашып жатырсыздар, әйтпегенде әбестік жоқ, әрине, бірақ шашына емес миына қазақ екенін сіңіру керек» депті.
Сол секілді Фейсбукке «Бағдат Бағдат» деп тіркелуші: «Басына қазақи өрнек емес, одан да санасына ұлтшылдық пен намысшылдықты оята білген жөн. Шаш та өсер, мода да өтер, бірақ ұрпақтарымыз санасыз болып өссе бәрі бекер» деп санайды екен.
"Алаш айнасы" қазақтың ою-өрнегі тиек бұл даудың төрелігіне сала мамандарын тартып көрді.
Нұргүл Өтебаева, халық емшісі:
- Адамның оқығанына немесе естігеніне қарағанда көргені жадында тез сақталады. Ал көз алдындағы нәрсе санаға тез сіңеді. 10-15 жыл бұрын қазақ әйелінің көшеге ұлттық көйлек киіп шығуы әбестік секілді көрінетін. Өйткені оны ескіліктің көзі деп әбден санамызға сіңіріп тастаған. Бүгін ше?.. Шүкір, көп тойда ұлттық киім киген келін түсіріп жатырмыз.
Кейбір мемлекеттік қызметкерлер жұмыс орнына қазақы ою-өрнегі бар киімдерді киіп шыға бастады. Мен мұны қазақ көп уақытқа жоғалтып алған киесін қайтадан тапқанына балар едім.
Бір қарағанда қазақтың ою-өрнек тұтынысында тұрған дәнеме жоқ секілді көрінуі мүмкін. Бірақ бұл ұлттық мәдениеттің, рухани құлдыраудан қайтадан дәуірлеу жолына түсе бастағандығымыздың нышанын қамтитын үлкен мәнісі бар дүние.
Бүгін ою-өрнекті пайдалана бастасақ, ертең терең тәрбиесі бар жеті атадан бастап қазақ қызының төсек тазалағын сақтауға дейінгі ата-бабамыз шегелеп берген өмір сүру қағидаттарын орындай бастаймыз. Ұлттық рухымыз жоғарласа, қоғамда ауру-сырқау аз болады, жетім-жесір де азаяды, қылмыс та шектеледі. Сондықтан мен ұлттық нышанның модаға айналуын толықтай қолдаймын.
Тағы бір жағынан, ата-бабадан қалған символдарда міндетті түрде қорғап-қолдаушы кие барын естен шығармалық. Өйткені ол бөтеннің емес, өз ата-бабамыздың болашақ ұрпағына қалдырған мұрасы ғой. Сондықтан оны тұтыну – біздің міндетіміз.
Гүлжазира Ертасова, ЖОО мұғалімі:
- Мысалы, үндінің хынамен денеге сурет салу өнері қазір бүкіл әлемге тарап кеткен. Тіпті, Еуропада қазір осындай арнайы салондар бар. Сән әлемінде шек пен шекара деген жоқ. Есесіне, әлгі сурет арқылы елдің барлығы Үндістан жайынан қанық болуда. Былай қарасаңыз, су тегін жарнама. Біз осы секілді эстетикалық ұлттық дүниелер жетіп артылады. Егер оны өзіміз тұтынып, елге көрсетпесек, оны басқа кім танытады? Заң бойынша да бұл ретте ешқандай шектеу жоқ.
Балақан шашындағы қазақы ою-өрнек өз жасына жарасып-ақ тұр. Бізге осы секілді ұлттық дүниелерімізді танытудың түрлі жолдарын әлі де қарастыру керек деп ойлаймын. Жақсыға еліктегеннің еш айыбы жоқ, керісінше ондайды қолдау керек деп санаймын.
Раушан Мәнтөкова, тігінші:
- Соңғы кездері теледидардан үндінің, кәрістің сериалдары жиі беріліп кетті. Менің қызметімді тұтынуға келетіндердің аузында – көбіне осы сериалдардың тақырыбы, нақтырақ айтқанда, ұлттық киімдері, салт-дәстүрлері жайында. Меніңше, адамдар осыдан кейін біз неге осылай ұлттық киім киіп жүрмейміз, біздің олардан неміз кем деп ойлана бастаған секілді.
Таяуда маған бір апа немересінің сүндет тойына ұлттық нақышта киім тіктіртті. Ол кісіге түріктердің сүндет тойы қатты әсер еткен секілді. Сол секілді бір әйел көп асыл тас әкелді, осыны көйлекке қазақи ою-өрнек түрінде орналастырып бер деді. Ол енді керемет, эксклюзив көйлек болды.
Осы жағынан алғанда, бұл - бүгінгі заманауи сұраныс. Ал бізге сұраныс болса болды, бәрін орындаймыз.