Шекараға темірдей тәртіп қажет
28-29 мамырда Алматы облысының «Арқанкерген» шекаралық бекетінде орын алған оқиға белгілі деңгейде тек қайғылы оқиға ғана емес, қауіпсіздік пен қорғаныс салаларындағы жүйесіздіктің ірі көрінісі болып отыр. Мемлекеттің танылуының бір атрибуты территориялық тұтастық болса, сол тұтастықтың сақшысы шекарадағы қорғаныс күштері екені баршаға мәлім.
Аталмыш оқиға тек отандық сарапшылар үшін, халықаралық сарапшылар үшін, оның ішінде ірі интеллектуалды орталықтардың мамандарына Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігінің қаншалықты нашар қорғалып отырғанын білдіргені анық. Айта кетер бұл жағдай тек бір ғана оқиға емес. Қазақ-өзбек, қазақ-қырғыз шекараларындағы қаншама біз білмейтін заңсыздықтар орын алып жатқаны белгілі. Осының барлығының елдің заң шығарушы, оған қоса, халықтың өкілдері ретінде алдын алу шараларын өткізуді жөн деп санап, төмендегідей ұсыныстарды айтар едім.
Парламент Мәжілісінің Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің жанында жабық эксперттік ахуалдық кеңес құрылып, оған қауіпсіздік, халықаралық қатынас, делимитация мәселелері бойынша ірі мамандардың басы біріктіріліп отырса, сол отырысқа құқық қорғау органдарының өкілдері келіп, шынайы ақпаратпен, сараптамамен біздерді, яғни Мәжіліс депутаттарын қамтамасыз етіп отырғаны дұрыс болады. Депутат ретінде аталмыш оқиға туралы азаматтардың аузынан естуім, оған қоса, халықтың қабырғасын қайыстырған бұл оқиғада біздің демократиялық еркіндіктің кепілі ретінде өз ойымызды уақытылы білдірмеуіміз қоғамда бізге деген сенімнің азайғандығын білдіреді. Азаматтардың барлығы Парламентті «дәрменсіз» орган деп ойламасын десек, жұмыстар жасауымыз қажет. Осыған байланысты, халықтың сеніміне лайықты болу үшін, оған қоса, мемлекетіміздің маңызды тетіктері – ұлттық қауіпсіздік бойынша толық ақпараттарды білу біз үшін негізгі сараптамалық жұмыс болуы керек.
Бүкіл мүмкіндіктері мен қаупін қоса қатар ұсынып отырған мына заманда, күн бейбіт, соғыс жоқ десек те, шекарадағы жауынгерлердің жауапкершілігін жеңілдетпеуі тиіс. Біз сияқты қолына қару ұстап, соғыс көрген адамға өз жерімізде, өз елімізде тыныштық күндері әрбір шаңырақтың шырағы болып жағылған аптал азаматтарымыздан айырылғанымыз – санаға сыймас, өкінішін тыймас үлкен қайғы. Әрбір жауынгердің тағдыры – бүкіл ұлттың, мемлекеттің тағдыры. Сол себептен білікті маман, сарапталған сарбаз, шарболаттай қайралған шекарашылар керек және біздің мемлекетіміздің мақсат-мүддесіне сәйкес, тәуелсіз сана қалыптастырған өзіміздің әскери институттардан оқып шыққан шекарашылар болуға тиіс. Ол оқу орындарында психология пәнінің сағатын көбейтіп, пәрменді, жүйелі түрде дәріс жүргізілуі керек. Бұл жерде ҰҚК–нің арнайы тексерілуінен және бірнеше сынақ, дайындықтардан өткен, нағыз сақа келісімшарттағы шекарашыларды заставаға жіберуді дұрыс деп санаймын. Ал келісімшарттағы сарбаздарды шекара шебіне жеке дайындайтын арнайы оқу орындары болғаны абзал.
Ең басты мәселе, шекара қызметінде, басқа да әскери қызметтерде болсын, жіберілген қателіктер жөнінде алдағы уақытта қайталанбауына жүйелі, әрі сапалы түрде әскери тәрбиелер беру жұмыстарын жүргізу керек. Бұрынғы әскери қызметтің қай бөлімінде болмасын, оқыс оқиғалардың алдын алу немесе жолын жоюда алдын ала біліп отыратын әскери жедел сыртқы барлау қызметтері жасырын түрде немесе өз бетінше тығыз жұмыстар жасайтын. Олар әскери бөлімдерде, әрбір сарбаздың мінез-құлқын, аяқ астынан әскери соғыс болған жағдайларда өте маңызды деген аймаққа жауапты жауынгерлердің психологиялық дәрежеде шыдамдылығы туралы зерттеулер жасап, тапсырмаға (мемлекеттік шекараға және т.б.) жіберілер алдында застава басшылары, осы мамандардың ұйғарымымен келісілетін болатын. Осы әскери сыртқы барлау қызметі мамандары, жауынгерлермен тығыз өзара қатынастар орнатып, керекті ақпараттарын жедел әрі тез алып отыратын. Бұл сала мамандары ҰҚК және шекара қызметтерін міндетті түрде қамтитын. Застава командирі мемлекеттік шекараны күзетуге шығар алдында сол аймақтың бүкіл жер-суын жеделдеткен әскери карталары арқылы және шекара бұзушылар немесе қылмыскерлер өтетін аймақтармен толық таныстырылып, байланыс құралдарының жұмыс істеу сапасын, қару-жарағы тағы басқа міндетті алып жүретін құралдары толық тексерілгеннен соң жіберілетін. Командирден бастап, бүкіл сарбаздардың әрқайсысына алдын ала барлау тобының берген ақпаратымен таныстырылуы болатын. Сонымен қатар устав бойынша байланыс құралдары мен әрбір екі сағат сайын байланыста болуы тиіс. Екі сағатта байланысқа шықпаса, әскери дабыл қағылып, төтенше жағдай хабарланып, застава басына жедел түрде тік ұшақтармен барып, нақты шара қолданып, орталыққа хабарға шығатын.
Өкініштісі, бұл қанды қырғынды Би-би-си каналы арқылы әлемге мәлім еткеннен соң, екі-үш күннен кейін ғана шекарашы сарбаздарымыздың денелерін тапқанымыз қатты қынжылтады. Осындай орын алған оқиғаларды қайта болдырмау үшін сарбаздармен жұмыс істеу, жіберілген құқықбұзушылықтарды, сарбаздың психологиялық жаман ойларын жою мақсатында, оның әрбір жасаған олқылығына тиісті шара қолданылуы керек. Себебі адам қылмысқа бірден бармайды, ойланады. Үрейін, уайымын жеңіп, қалыптасу үшін, із қалдырады. Демек, дер кезінде соған қарсы жұмыстар жүргізу тікелей командирдің міндеті болуы тиіс. Өкінішке орай, бүгінгі күні мүлдем олай емес. Тек ақпарат құралдары арқылы ғана, «тәртіп бұзған әскери бөлімнің офицерін немесе сарбазын соттадық, жұмыстан шығардық немесе сөгіс жарияладық, жазаладық» деп қағаз жүзінде ақпарат таратуда. Тығырықтан шығудың осы жолын сарбаздарға тәрбие берудің көзі деп айта алмаймын. Осы орайда кемшіліктерден құтылу жолы мақсатында терең ойлана келе, «шекара қызметкерлерінде кімдер жұмыс істеп жатыр?» деген сұрақ туындайды. Шекара қызметі саласының кадр саясаты төңірегінде қордаланған мәселелер бар сияқты. Қазіргі заманның тәртібі: адамның кәсіби деңгейінің жоғарылауы арқылы қоғамның да дамуы арта түседі.
Шекарада тау-тасты картадан көру бір бөлек, бірақ оның әрбір аңғарын жаяулатып кезбей, қиындыққа төзбей, жүрегімен сезбей, түн ұйқысын төрт бөліп, ұйқысынан безбей, кәсіби шекарашы маманы болу мүмкін емес.
Алмағайып, ар тайғақ, оқтан ұңғы, ұят - зар уақытта құлқынымызға құл болмай әр нәрсенің нәсібіне емес, кәсібіне көңіл бөлейік. Ендеше, мемлекетіміздің территориялық тұтастығы мен тәуелсіз еліміздің егемендігінің атрибуты ол мемлекеттік шекарамыздың мықтылығы десек, оны кәсіби шекарашы маманның басқаруы абзал.
Бүгінгі күні мемлекет басшысының басшылығымен аяғынан тұрып, барлық салада жүйелі түрде, өзінің бейбіт өмір жолын ұстану жолында, бірқатар көрші елдерден алда келе жатырғанымыз бәрімізге мәлім. Ішкі-сыртқы экономикамыз қарыштап даму үстінде. Оның ішінде мелекетіміздің қауіпсіздігі – қорғаныс саласына да бюджеттен ең көп қыруар қаржы бөлініп, ең соңғы үлгідегі жаңа әскери техникалық құралдар сатып алынуда. Оның куәсі ретінде әуе қорғанысы, жаяу әскерлері бөлімдері және тағы басқалары туралы жақында ғана Қорғаныс министрлігі бірнеше мемлекеттермен бірлесіп, Астана қаласында кеңейтілген жәрмеңкеде соңғы әскери техника үлгілерімен халқымызды паш етті. Сонда ҰҚК-нің және шекара қызметтері ескерусіз қалғаны ма? Не себепті жаңа әскери-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілмеген? Әлемде заманауи технология, компьютеризация қатты дамыған кезде, еліміздің шекара бекеттерінің программаландырылмауы салдары «Арқанкерген» шекара қауіпсіздігіндегі тау шатқалдарынан жауыр болған жылқыларды іздетіп, әлек етті. Басқа - басқа болсын, ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткізген Тәуелсіздігімізде және дүниежүзіндегі тоғызыншы орынды олжалаған жеріміздің байлығына күні-түні көз тігіп отырған бірқатар алпауыт елдердің, біздің шекарада әрбір жіберген кемшін тұстарымызға аса мән беретінін ескеруіміз қажет. Олар біздің шекарашымыздың соңғы үлгідегі заманауи техникалық құралдармен жабдықталғанын, сарбаздарымыздың айбынды айбарын досымыз мақтан тұтса, дұшпанды сақтандырып, секем алдыруға жетелеудің жолдарын ойластырып, шекара қызметін жетілдіруіміз қажет.
Қанымызды төксек те,
Арымызды төкпей,
Батыр бабалар рухымен сусындап,
Алдияр тақсыр, хан ием,
Алаштың ала туын алып
алдыма түскенде,
Артыңа ерген аламандардың бірімін.
Қылша мойным тауша қиылып
түскен жерінде,
Құның жоқ деп,
Намыстың құлы,
Алаштың ұлы болсақ.
Антымызға адалдығымыз
халқымызға адалдығымыз деп білейік.
Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП-сы фракциясының мүшесі, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» қауымдастығының төрағасы