Символдардың мәніне үңіліп көрдіңіз бе?!
Мемлекеттік рәміздерді қорлау – тұтас мемлекетті, қалың халықты қорлау деген сөз. Бұған жай әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық қана емес, саяси қылмыс деп қарау керек шығар. Өйткені мемлекеттік рәміздерді байқамай емес, қасақана мазақ ететіндер қаныңызды қарайтады. Мемлекеттік рәміздер өте маңызды саяси символ болып есептеледі. Айналып келгенде, ондай бассыздықтардың түбі саяси мәселеге ұласады. Ал тарихта саяси символдарды қорлағаны үшін талай текетірес пен үлкен айқай-шу, бітпес дау-дамайлар болғаны мәлім.
Алаш жұртын шулатқан Атыраудағы мемлекеттік Туды қорлау фактісі бойынша ҚР ҚК 317-бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап айыппұл салу немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сол сияқты Кувейтте Әнұранмен болған оқиғаға қатысты ұлттық команданың мемлекеттік жаттықтырушысына қатаң сөгіс беріліп, Спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасарына ескерту жасалды. Бұл басқаларға сабақ болары сөзсіз. Көрші Ресейде де мемлекеттік туды қорлағаны үшін тура біздегідей жаза белгіленген. Алайда Ресей туын осылай қорлағанын, масқара еткенін көрдік пе? Жоқ! Оған жол беріле ме? Жоқ! Демек, мәселе заңда ғана емес, ұлттық сананың тегеурінінде, саяси символдарға деген жауапкершілікте болса тұрса керек. Бірегейліктің өзі (идентификация) мемлекеттік нышандардың үш тірегінен – мемлекеттілік, территория және тарихи сабақтастықтан құралатынын қаперімізге алып жүрміз бе? Соңғы кездегі мемлекеттік рәміздер төңірегіндегі келеңсіз оқиғалар қастерлі нышандарымызды кең көлемде насихаттау мен сүлесоқ күйдегі санамызды сілкіндіру қажеттігін және қала берді бүкіл саяси символымызды зерделеп, қастерлеу керектігін көрсетті. Біле білсек, саяси символика – саясаттан, идеологиядан ажырағысыз ұғым. Идеологияның өзі ұлттық-саяси символдарсыз жүзеге аспайды. Саяси символдар деген – саясатқа көзге көрінетіндей мән беретін мағыналы құралдар жиынтығы. Ұлттық, мемлекеттік саяси символикаға әртүрлі жағдайда қолданылатын елтаңба, әнұран, ту жатады. Ақорда, Кремль, Қытай, Ақ үй, Эйфель мұнарасы, Азаттық статуясы, Бәйтерек секілді архитектуралық ескерткіштер, белгілі бір саяси қайраткерлерге, саяси оқиғаға арналған мемориалдар, ескерткіштер, иконалар, тарихи портреттер де саяси символиканы құрайды. Мемлекеттің лауазымды тұлғаларының ерекшелік белгілері, киімдері, орден-медальдары, елдің ұлттық ақша белгілері, әртүрлі эмблемалар, геральдикалық белгілер, ел, қала, көше атаулары, ұлттық мейрамдар, саяси жарнамалар, танымал патриоттық әндерді де саяси символ деп танимыз. Грециядағы Афон тауы, Шри-Ланкадағы Будда тісі, Қазығұрттағы Нұх пайғамбардың кемесі, Көкбөрі, Австралиядағы түйеқұс, Ресейдегі аю сынды символдық нысандар, Түркістан сияқты қасиетті мекендер, Шыңғыс хан, Наполеон, Линкольн, Ататүрік, Назарбаев секілді саяси тұлғалар, Англиядағы Джон Буль, АҚШ-тағы Сэм ағай сияқты ойдан шығарылған тұлғалар, тіпті «ура, мырза, жолдас, мистер» секілді сөз мәнері де саяси символ деп саналады.
Атақты зерттеуші Освальд Шпенглер айтқандай, бүкіл мәдениеттің бірлігі жалпы тілі мен оның символдарына негізделеді. Әр халық, мемлекет төл символдарын қалыптастырып, қастерлейді, идеялық және идентификациялық тұрғыдан соның төңірегіне топтасады. Ұлттық саяси символдардың аяққа тапталуына жол бермейді. Ресми патриоттық символдар, әнұрандар ұлттың кез келген жердегі визиттік карточкасы іспетті. Л.Дитмер деген ғалымның саяси мәдениетті «саяси коммуникациядан тұратын символикалық жүйе» ретінде қарастыру туралы ойы көкейге қонымды-ақ. Т.Арнольд деген ғалым айтқандай, символдың кез келген саяси жүйе мен саяси мәдениетті қабыстырып тұрушы маңызды элементі екеніне мемлекеттік рәміздерге қатысты заңбұзушылықтар тағы бір көз жеткізіп отыр. Өкінішке қарай, Мемлекеттік рәміздер туралы заңда оны насихаттау, оның тәрбиелік мәнін түсіндіру жағы ашып айтылмай қалған. Ресей Мемлекеттік Думасы 2000 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік символика туралы федералдық конституциялық заңдар пакетін қабылдаған болатын. Сонда мемлекеттік символдардың ресми түсіндірмесі Ресей қоғамын топтастырушы кешенді бағдарлама ретінде ұсынылды.
Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің ар-намысы, ұлттың айнасы, халықтың тарихымен тамырлас жан дүниесі. Ол саяси символ ретінде бір күнде пайда бола қалмайды, ұзақ жыл бойы қалыптасады. І Петр заманында әскери-теңіз флотының туы болған ақ, көк, қызыл түстерден тұратын үш жолақты ту кейін Ресейдің мемлекеттік туына айналды. Сол секілді АҚШ-тың ұлт пен мемлекет ретіндегі айғақтайтын ең алғашқы саяси символы – Тәуелсіздік Декларациясы. Сан ғасырлар мызғымай келе жатқан бұл құжат – америкалықтардың мақтанышы. Сол секілді Крупп, Сименс пен Даймлер-Бенц немістердің экономикалық бренді ғана емес, саяси символы іспетті. АҚШ-тың «Дженерал Электригі», «Дженерал Моторсы» мен «Форды», Ұлыбританияның «Роллс-Ройсы» саяси символ ретінде мойындалған. Демек, мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеп қана қоймай, әлі де қадіріне жетпей жүрген, бәлкім, өзіміз де біле бермейтін сан алуан саяси символдарымызды түгендеу керек-ақ. Құрметті оқырман, иісі Алаштың жан дүниесімен өзегі бір саяси символы не, біз үшін оның мәні неде деген сауалға жауап іздей жүрейікші.
Қызық дерек
Қытайдың бұрынғы диктаторының киімін жарнамалаған француз фирмасының түсіндіруінше, Мао Цзедунның бешпеншесінің (френч) бес түймесі ҚХР-дың негізгі әкімшілік, атқарушылық, заң шығарушылық, сот және бақылау сияқты билік тармақтарын білдірген. Төрт қалта Конфуцийден қалған әдептілік, сенімділік, абыройлылық пен тазалықты паш етеді. Ал жеңде үш түйменің болуы национализм, демократия мен социализмді айғақтаса керек. Фашизмнің нышанын білдіретін «свастика» сөзі санскрит тілінен аударғанда игілік деген мағынаға ие. Кезінде Шыңғыс хан бабамыз оң қолына свастика бейнеленген жүзік тағып жүрген деседі. Жалпы, свастика бедерленген жәдігерлердің Еуропа мен Азиядан гөрі Сібір жерінен, соның ішінде Арқайымнан көбірек табылуы көп жайды аңғартады.