Суды үнемдеу формуласын қалай шешеміз?
Өткен аптада ауызсу мәселесі қазақстандық әлеуметтік желілердің негізгі тақырыптарының біріне айналды десек болады. Бұған «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің суды қалай үнемдеу керектігі жөніндегі пікірі түрткі болды. Оның мысалы бойынша, германиялық бір кемпір ыдыс жуған суға еден жуып үнем жасайды екен. Сондай-ақ коммуналдық қызметтің бағасы көтерілсе тұрғындар ауызсуды үнемді пайдаланады деген пікір айтылды. Әлеуметтік желідегі белсенділер бұл пікірді жеңіл сөзге айналдырып жібергеніне куә болған едік.
Енді кеше Мәжіліс депутаты Андрей Бегенеев батыс елдерінің тәжірибесімен «су салығын» енгізуді ұсынды. Мәселен, үйінің ауласына жаңбыр суын жинақтайтын ыдыс қойып, ол суды тұрмыстық қажеттіліктерге (бау-бақша суғару, көлік жуу) пайдаланғандар су салығынан босатылады.
Бұл ұсынысты да түрлі жолмен мазаққа айналдырып жіберушілер табылары анық. Дегенмен Бауыржан Байбектің де, Андрей Бегенеевтің де ұсыныстары орынсыз емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы да электр мен ауызсуды ысырап етіп, душ ішінен сағаттап шықпайтындарды сынға алғаны бар еді. Ендеше Бауыржан Байбектің «үнемшілдік формуласы» бойынша, суды бірнеше қайтара пайдалануға қаншалық қажеттілік туып тұр? Осыған өз есебімізбен талдап көрсек.
Мамандардың есебі бойынша, әрбір адам орта есеппен күніне 200 литр су пайдаланады. АҚШ тұрғыны орта есеппен 280 литр пайдаланса, Германия тұрғыны бар болғаны 122 литрды қанағат көреді екен. 2005 жылы әрбір мәскеулік 360 литрден, кейбір аудандарының тұрғындары 500 литрден су пайдаланған. Әрбір қазақстандық күніне қанша су жұмсайтыны жөнінде нақты дерек жоқ. Дегенмен Астана қаласы бойынша бір сөткеде – 250 литр, Алматыда – 280, Павлодарда 300 литр судан артық жұмсауға болмайды деген шектеу бар. Яғни немістердің суды ерекше үнемділікпен жұмсайтыны ойдан құрастырылған пікір емес.
Ал енді баға мәселесіне келсек, Германияда суық судың текшеметрі қазақстандық валютамен есептегенде 352 теңгенің шамасында. Ал Қазақстанда судың текшеметрі – 41 теңге. Айырмашылық көзге ұрып тұр. Оның үстіне, Германияның ауызсуға қол жетімділігі Орталық Азия елдері сияқты апатта жағдайда тұрған жоқ. Оның үстіне аталған ел мұхитпен шектесіп жатыр. Су тапшылығы пайда болған жағдайда теңіз суынан тұщы су жасау технологиясын да бірден іске қосуға қабілетті мемлекет.
Қазақстан сумен қамтамасыз етуде ТМД елдерi арасында соңғы орынды алады. Су тапшылығына қауіпті өңірде жатса да еліміз суды шамадан тыс пайдаланатын елдердің қатарында бар.
Елімізде жаппай көрініс беріп жатқан тағы бір сәйкессіздік бар. Мәселен, көптеген ауыл тұрғындары ауызсуды бірнеше шақырым жерден тасып әкеліп, малын суғаратын су таппай жүрсе, суға қолы жетіп отырғандар оны орынсыз ысырап етуде. Мәселен, жер үйлердің ауласындағы, көшелердегі колонкілер қыста қатып қалмау үшін оны жылылаудың орнына тоқтаусыз ағызып қоятындар бар. Мұны қадағалау жұмыстарын жергілікті басқару органдарына міндеттеген абзал. Немесе кейбір дәулетті үйлер ауласындағы алып бассейннің суын күн ара ауыстырып жатады. Бассейн салуға ақшасы жеткен адам оның суын фильтрлеп қайта пайдаланатын қондырғыны қоса алуға да міндетті болу керек. Сондай-ақ автожуу орындарында суды фильтрлеу арқылы қайта пайдалануға әбден болады.
Жалпы еліміздегі тұщы судың 70-80 пайызы ауылшаруашылығы саласына жұмсалатыны белгілі. Сондықтан өндірісі дамыған елдер жаппай тамшылап суғару технологиясына көшіп жатыр. Дәл қазіргі жағдайда біз мұндай талапты жеке сектордың мойнына міндеттей алмаймыз. Дегенмен біртіндеп осы технологияны игеруге мәжбүрміз. Ертерек қамданатын оның ауыртпашылығы да аз сезіледі.
Тұщы суды үнемдеудің ең өзекті жолы – шағын және ірі көлемдегі су қоймаларының санын арттыру. Әсіресе трансшекаралық су мәселесі ерекше назарда болуы тиіс. Қыста Шардараға артық мөлшермен ағып, жазда азайып кететін қырғыз суын тиімді пайдаланудың жолы осы екені айтылып-ақ жатыр. Қытай өңірінен ағып келетін сулардың азайып кетуі дипломатиялық қайта қарауды талап етеді. Памир мен Тянь-Шань шыңдарындағы мәңгілік мұздықтар 1957 жылмен салыстырғанда 30 пайызға кеміген, ал ол 2025 жылға қарай 50 пайызға дейін азаймақ. Мұндай ғаламдық жылыну түбінде Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстандағы су арналарының суалып-тартылып, жаппай құрғақшылық жағдайына әкелуі мүмкін. Яғни еліміздің ауызсуы Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріндегі су жолдарына тікелей тәуелді екеніне көз жеткіземіз.
Әлемдік дерек
БҰҰ дерегі бойынша әлемде 900 миллион адамға таза су жетіспейді, ал 2,7 миллиард адам санитарлық талаптар сақталмаған ауыр жағдайда өмір сүріп жатыр. Әлемде сапалы ауызсудың жетіспеушілігінен күн сайын 8-20 мың адам, жыл сайын 3-7,5 миллион адам өмірмен қош айтысады. Судың ғаламдық тапшылығы алдағы 20-25 жылда күрделене түседі. Егер ХХІ ғасыр басында судан әлем халқының 40 пайызы таршылық көрсе, келесі 10-12 жылда бұл көрсеткіш 60-65 пайызға жетпек. Бұл – 80 елде тұратын 5 млрд халық суға зар болады деген сөз. Тіршілік көзі – су мәселесінің ушығуы әлемде «су босқындарының» артуына әкеліп соғады. БҰҰ мәліметі бойынша, қазірдің өзінде 80 ел таза су тапшылығын сезіне бастаса, 31 мемлекет су дағдарысымен бетпе-бет келіп отыр.
Отандық дерек
1950 жылдары Қазақстанда 120 млрд текшеметр шамасында су қоры болса, қазір оның көлемі 100 млрд текшеметрге дейін кеміді. Қазақстан аумағындағы 1 шаршы шақырымының сумен қамтамасыз ету қабiлетi 37 мың текше метрге тең. Бұл көрсеткiш – Ресейде 303,5 мың текшеметр. Яғни Қазақстанда жан басына шаққанда пайдаланылатын бiр жылдық су көлемi 6,0 мың текшеметр болса, Ресейде бiр адамға жылына 33 мың текшеметр судан келедi. Бiзде су қорының көлемi орташа есеппен алғанда, жылына 539 текшеметр, оның iшiнде 190 текшеметр су – көлдерде, өзендер мен су қоймаларында – 100,5 және 95,5 текшеметр, мұз күйiнде сақталған су – 95 текшеметр, жерасты сулары – 58 текшеметр.