Танымал саясаткер болу үшiн қанша қаржы керек?
«Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын»... Бұл – кешегіден қалған пәлсапалық ой. Ал бүгін ше? Бүгін ешкімнің де қатқан қара тас болғысы келмейді. Кез келген жеткіншек халықтың көз алдында жүретін танымал тұлға болуды армандайды. Әу дейтіндей даусы жоқтар әншіге, бетінің қызылы барлар журналиске, енді біреулері биші, сықақшы, суретшіге айналып шыға келетін кезеңде саясат әлемінде бағын сынап, саясаткер болып танылу қаншалықты қиын? Біз осы сауалдың жібін иіріп көрелікші...
Кәсіби саясаткер болу үшін...
«Саясат – ағаш ат» деп жатамыз... Сол ағаш атты ерттеп міну үшін туабітті талант қажет екенін жоққа шығара алмаспыз. Бірақ ешкім де саясаткердің шекпенін талантымен кие салмайды. «Өз үйінде сызу сызбаған адам сыртқа шыға сала ою оюы да мүмкін емес. Демек, белгісіз тұлға саясаткерге айналуы үшін, ең алдымен, интеллектуалды білімі, қоғамға деген өзіндік көзқарасы, түр-тұрпатында тартымдылығы, халықтың алдында сөз жұптарлық шешендігі болуы міндетті... Саясаткер дегеніміздің өзі нақты саяси идеологияны басшылыққа ала отырып қоғамдық шешім қабылдайтын кәсіп иесі болғандықтан, бұл саланы үлкен нарық деп білгеніміз жөн. Белгілі саяси экономист М.Вебер де бұл саланы кәсіп ретінде қарастырып, «кездейсоқ», «жұмысына қосымша», «кәсіби саясаткер» деп үш түрге бөліпті. Бізге керегі – кәсіби саясаткер...
Кәсіби саясаткер болу үшін не істеу керектігіне зер салалық...
Біріншіден, белгілі бір саяси идеяның болуы міндетті. Екіншіден, сол идеяны жүзеге асыратын адамды тауып, оны тұлғаға айналдырар жолдар қарастырылады...
Бұл орайда саяси дұрыс қадам жасауды үйрететін политехнологтер, киім-киісі мен жүріс-тұрысын реттейтін имиджмейкерлер, халық алдындағы сөзін жазып беретін спичрайтерлер, саяси нарықты бағамдап отыратын саяси маркетологтердің жұмысы іске қосылады.
Елнұр Бейсенбай, саясаттанушы:
– Бір адам көптеген жылдар бойы қоғамдық істерге үн қосу арқылы танымал саясаткер бола алмай жүріп, бір-ақ күнде лауазымды қызметке тағайындала қалуы мүмкін. Біздің халық осындай адамдарды танымал саяси тұлғаға айналды деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Саясаткер қоғамдық істердің, бастамалардың басында жүріп танылуы тиіс. Ал мемлекеттік қызметте жүргеннің бәрі – саясаткер емес, шенеуніктер. Олар биліктің тапсырмасын орындайтын – атқарушы менеджерлер. Осыны бөліп ажырата білгеніміз жөн. Десе де, шенеунік бола тұра, мемлекетке жаны ашитын, қоғамдық істердің басы-қасында жүретін саясаткерге айналуына болады. Бұл – бір. Екіншіден, белгісіз адамның саяси сахнаға шығуына, танылуына түрлі сайлаулар көп мүмкіндік туғызады. Бізде көптеген саясаткерлеріміз бүкіл халық атсалысатын президенттік, депутаттық сайлау кезінде танымалдыққа ие болып жатады. Ол кезде тұлғалық тегін жарнама жасауға мүмкіндік мол.
Маркетингінің мүмкіндігі қандай?
Енді бір мамандар сайлау күнде болмайтындықтан, танымал саясаткерге айналу үшін тек халықтық сайлауды күтіп отыру нәтиже бермейтінін айтады. Олардың пікіріне сүйенсек, танымал саясаткер болудың басты жолы идеяның өтімділігі екен. Бұл жерде саяси маркетингіге (ағыл. market – базар, нарық) баса мән беріледі. Саяси маркетинг қызметі қымбат болғанымен, саясат субъектілерінің белсенділігін арттыратын тиімді құрал екені рас. Өйткені бұл сала саяси жағдайды зерттеуге, саяси конъюнктура туралы ақпарат жинауға, субъектілердің шынайы мүмкіндіктерін есепке ала отырып саяси акцияларды жоспарлауға жол ашып береді.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Кез келген азамат саясатқа келген кезде белгісіз адам болатыны белгілі. Ол азамат түрлі саяси технологиялар, қоғамдық белсенділігі, баспасөз құралдары арқылы өзін-өзі танытады. Бүгінгі кезеңде беймәлім адамның атының халыққа тез танылуын әлеуметтік желілер жеңілдетіп отыр. Интернеттің пайда болуының арқасында бір минуттың ішінде бүкіл елге белгілі бола аласыз. Ғаламтордың аясының кеңуі саясатты да, саясатқа кірудің технологияларын да демократияландырып жатқанын мойындауымыз қажет. Десек те, осындай кезде біз саяси нарықтың қажеттілігін толығымен игере алып отырған жоқпыз.
Рас. Саясаткер болу тек мұнымен шектелмейтіні белгілі. Саяси акциялар, түрлі шаралардың шығынын есептеп әуре болмай, осы бір бес саладан шыққан есебімізді ғана түйіндесек, 55 млн теңгенің төбесі көрінеді екен.
Логикалық есеп
Танымал саясаткер болу үшін кемінде 55 млн (шамамен 366 мың доллар) теңге қажет
Мамандар белгісіз бір азаматты бес жылда танымал саясаткерге айналдыруға болатынын айтады. Осы бес жылда бұл жобаға қанша қаржы жұмсалуы мүмкін. Логикалық есеп жасап көрелік.
1. 5 жылда 60 ай бар. Ол азаматтың жалақысы 200 мың теңге деп алсақ, 60 ай ішінде 12 млн теңгенің құлағы қалқаяды екен.
2. Саясаткердің имиджін қалыптастыратын тұрақты имиджмейкер жұмыс жасайды. Оның айлық жалақысы кемі – 100 мың теңге. Осы соманы бес жылдың 60 айына шақсаңыз, 6 млн болады.
3. Қазір танымал политехнологтердің бір консультациясы 2 мың мен 4 мың доллар көлемінде. Орташа есебі – 3 мың доллар. Яғни 450 мың теңге. Сіздің болашақ саясаткеріңіз жылына кемінде алты рет консультация алса, бес жылда 30 рет политехнологке жүгінеді деген сөз. Енді осы 30-ды 450 мыңға көбейтіңіз. 13 млн 500 мың теңге көз алдыңызда күлімдеп тұрады.
4. Спичрайтерлікпен бір маман айналысса, оның жалақысы да 100 мың теңгеге бағаланса, бес жылдың 60 айына 6 млн. теңге төлеуге міндеттісіз.
5. Саясаткеріңіз саяси жарнама үшін айына кемі бес мәрте республикалық басылымдарға, әлеуметтік желілерге мақала жазып, телеарналар мен радиоларға сұхбат беруі тиіс. Мұның көпшілігі тегін жүзеге асатыны белгілі. Бірақ республикалық газеттерде бір жарнамалық мақаланың 1 миллионға, телеарналардың 5 минуты 2,5 миллионға бағаланатынын ескерсек, аталған бес мәртелік қадам үшін 17 млн 500 мың теңге жұмсалады екен.
«Алаш айнасының» түйіні
Саясаткердің имиджін қалыптастыру технологиялары біз айтқан жайттармен түгесіліп қалмасы белгілі. Біз жасаған есеп те, нақты бір тұлғаның танымал болуына жеткілікті қаржыны айқындап отыр дей алмаймыз. Тек ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын саясаткер болудың оңай еместігін айтқымыз келген болатын.
«Алаш айнасының» мұрағатынан