Тәуелсіздікке екі жыл толғанын қалай атап өтіп едік?
Тарихи тұрғыдан алғанда, қас қағым сәттей болып саналатын 20 жыл ішінде еліміз даму жағынан кейбір елдер бірнеше ондаған жылдар бойы өтетін тарихи кезеңді артқа қалдырып, өзінің мерейтойына аса зор табыстармен келіп отыр.
Осындай жағымды хабарлар мен жаңалықтарды естігеннен кейін, көңілге сөзбен айтып жеткізе алмайтын небір қуанышты сезімдер ұялайды. Елің үшін, халқың үшін мерейің өсе түседі. Осындай сәттерде тарихшы болғандықтан болар, «осының бәрі қалай болып еді, неден басталып еді, қандай қиындықтар болды, олардан қалай өттік?» деген сауалдар ойға оралады. Осыған байланысты осыдан 20 жылдай бұрын сол кездегі С.М.Киров атындағы, қазіргі күнгі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде ел Тәуелсіздігіне екі жыл толғанын қалай атап өткеніміз жайында айтып өтсем деймін.
Ол кезде біздің жасымыз 20-ның ортасында және тарих факультетіндегі жас оқытушылар едік. 1993 жылдың 16 желтоқсаны күні шамамен сағат 11-12-лер шамасында жаңадан ғана тағайындалған деканымыз, тарих ғылымының кандидаты, доцент Жамбатырова Гүлжаухар Шағатайқызы өзі аралап жүріп, кафедралардағы оқытушыларды 402-аудиторияға жиналысқа шақырды және оған бәріміздің міндетті түрде қатысуымыз керек екендігін шегелеп ескертті. Апайымыз қазір бұл дүниеде жоқ, жатқан жері жайлы болсын, өте білімді, парасатты адам болатын. Өзі орыстілді болса да, жас қазақ жігіттері мен қыздарының қамқоршысы, ақылшысы болып жүретін. Апайымыздың сөзін екі етпей, біз – сол кездегі жас оқытушылар: Ш.Әмірбеков, Т.Мекебаев, С.Сапанов, Ж.Бекмағанбетов және мен аудиторияның ең артқы жағындағы орындықтарға алдын ала жайғасып алып, жиналыстың басталуын күттік. Бір-бірімізден «бұл не қылған жиналыс?» деп сұрағанымызда, ештеңе айта алмадық және ешқандай жауап ала алмадық. Бір кезде аудитория толды. Алдыңғы қатарларда – факультеттің ақсақалдары мен кафедра меңгерушілері, одан кейінгі қатарда – орта жастағылар, ал біз – соңғы қатардамыз. Деканымыз келіп, жиналысты ашқанша, отырғандардың бәрі не үшін бас қосып отырғандарын біле алмай, бір-біріне сұраулы көзбен қарасып отырды. Бір уақытта деканымыз келді де, жиналысты ашты. Оның жиналысты ашар кездегі сөздері есімде қалыпты. Ол былай деп еді: «Жаңа ғана жоғары жақтан (ректоратты айтып отыр – Б.К.) хабарлады, бүгін, яғни16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жариялаған күн. Соған байланысты біз салтанатты жиналыс өткізуіміз керек, сол үшін сіздерді жинап отырмын». Біз шұғыл түрдегі жиналыстың себебін сонда ғана білдік. Деканымыздың сөзі салтанатты болса да, ол көпшіліктің арасында күбір-күбір әңгімелерді туғызды. Тіпті мысқылдап күлген және тыжырынған әжуа дауыстар да естіліп жатты. Ол кезде факультетімізде өзге ұлттардың өкілдері жетерліктей еді және солардың ығына қарай барлық жиындар орысша өтетін. Олардың Тәуелсіздікке қалай қарағаны белгілі. Тіпті орыстілді қазақтардың өзі Тәуелсіздігіміздің ертеңіне сенбей, оны жай оқиғаның бірі деп қабылдағанын бәріміз білеміз. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басындағы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың қиындығын орыстілділердің көпшілігі Тәуелсіздіктің салдарынан деп қабылдап, бар қиыншылықтарды соған аудара салатын. Соның айқын көрінісі Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиында айқын байқалып тұрды.
Кіріспе сөзден соң деканымыз «кім сөйлейді?» деп залға ұсыныс білдіргенімен, ешкім де сөз алуға асықпады. Ұсынысын бірнеше рет қайталағанымен, мінберге ешкім шықпады. Бір ыңғайсыз жағдай қалыптасты. Содан кейін Гүлжаухар Шағатайқызы алдыңғы қатардағы ардагер-ақсақалдарға жақындап барып, сөз сөйлеуін өтініп сұрады. Ағайларымыздың бірі амалсыздан мінберге көтеріліп, сөзін кібіртіктеп бастады да, одан әрі шешіле сөйлеп кетті. Сондағы ағайымыздың сөзінен ұққанымыз: «Қазіргі кезде заман, уақыт өзгеріп жатыр, соған байланысты құндылықтар да өзгеруде. Бүгінгі қазақтілді газеттер көп атауларды бұрмалап жазып жүр. Мысалы, біз «Россия», «Москва», «Мавзолей», «Ленин» деген сөздерді естігенде, ерекше сезімге бөленіп, рухтанушы едік, ал қазіргі қазақ газеттері осы сөздерді бұрмалап «Ресей», «Мәскеу» деп жазуда. Бұл сөздер біздің рухымызға ешқандай әсер етпейді», – деп сайрап тұр. Мынадай сөздерді естігенде арт жақта отырған біз, жас оқытушылар, ағайымыздың пікірлерінің қате екендігін сездіргіміз келгендей аяқтарымызбен еденді тепкілей бастадық. Деканымыздың өзі де сөйлеушінің сөз ауанын аңғарып, оны отырғызуға асықты.
Одан кейін екінші сөз алған ағайларымыздың бірі де мереке жөнінде еш сөз айтпай, ел тарихын зрттеудің қажеттілігін, тарихымызға қатысты жазба деректердің шетелдерде көп екендігіне, сол жақтарға бару қажеттігіне назар аударды. Сыйлап, құрметтеп жүретін ағайларымыздың мынадай жиында осылай сөйлегендеріне біз, жастар жағы, наразы бола бастадық. Ағайымыз сөзін аяқтап, орнына отырған соң, деканымыздың «кім сөйлейді?» деген ұсынысына орай, бірден қолымды көтердім. Біздің, яғни жастардың, ағайларымыздан айырмашылығымыз – 1986 жылдың желтоқсанында алаңда болып, 1989 жылдан бастап Алматының көшелері мен алаңдарындағы саяси митингілерге, шерулерге жиі қатынасқандықтан, саяси белсенділігіміз жоғарылау болатын. Соның әсері болуы керек, ызалана бірден сөйлей бастадым. Айтылған сөздерді қазір дәлме-дәл қайталап шығу мүмкін емес, дегенмен де сол мінберде төмендегідей ойларды айтып өттім.
«Біз бәріміз тарихшымыз, тарихта тәуелді елдердің болғанын білеміз. Олар тәуелсіздігін бірнеше ғасырлар бойғы күрестер барысында алған. Біз де өткен жылы еліміздің Тәуелсіздігін алдық. Қазіргі кездегі қиыншылықтарға байланысты бұл мерекені тойлау түгіл, әркім өз басының жағдайын ойлап жүр. Бұл қиыншылық – уақытша, өтпелі кезеңнің ауыртпалығы ғана. Экономикамызды жақсартуға болады, бірақ оған уақыт керек. Әлі бұл мерекенің 5 жылдығы, 10 жылдығы, 15, 20, 25, 50 жылдығы болады. Сонда бұл Тәуелсіздік мерекесін бүкіл ел болып тойлайды. Әрбір елде, мемлекетте әртүрлі мейрамдар бар. Олар ұлттық мереке, діни мереке, кәсіби мереке, мемлекеттік мерекелер болып бөлінеді. Әр мерекенің өз орны бар, солардың ішінде мемлекеттік мерекенің орны бөлек. Бүгінгі күн – біздің мемлекетіміздің бас мерекесі күні. Мен барлықтарыңызды егемендік алған еліміздің осы бас мерекесімен құттықтаймын», – деп сөзімді аяқтадым. Соңғы сөздер салтанатты және жалынды түрде шыққан болуы керек, деканымыз бірінші болып қол шапалақтап, оны залдағылар қостап кетті. Мінберден түсіп келе жатқанымда, деканымыз өзі алдымнан шығып, қолымды қысты да, бетімнен сүйді. Сосын: «Рақмет, жастар осындай жігерлі, батыл болуы керек. Бұл күн, шынында да, бас мереке болады», – деп айтты.
Қазір сол өткен күндерге қарасақ, еліміз қиыншылықтарды артқа қалдырып, дамудың небір сатыларынан өту үстінде. Мемлекетіміздің бас мерекесі – Тәуелсіздік күнін де дүбірлетіп атап өттік. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейлі белесінде тұрып, осыдан 20 жылдай уақыт бұрын бұл күннің еліміздің бас мерекесіне айналатыны туралы айтылған сөздеріміздің шындыққа айналғанын көріп отырмыз. Бүкіл қазақ елін мемлекетіміздің бас мерекесімен құттықтай отыра, Тәуелсіздік тұғыры берік болып, көк Туымыз аспанда желбірей берсін демекпін.
Берекет Кәрібаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымының докторы