Тәжікстанның бұрынғы министрі өзіне қол жұмсады
Арнайы жасақ командирі Олег Захарченконың өліміне қатысты тергеу жұмыстары бойынша бірнеше мәрте прокуратураға шақырылған Тәжікстан ішкі істер экс-министрі Махмадназар Салихов өзіне қол жұмсады.
ОМОН арнайы жасағының командирі Олег Захарченко өткен 2008 жылы қаңтар айында тапаншамен атып өлтірілген болатын. Бір жылға созылған тергеу жұмыстары қылмыскердің ізін анықтай алмады. Алайда соңғы кездері табылған тың деректер бұл істі алға жылжытуға сеп болды. Осыған байланысты соңғы кездері Махмадназар Салиховқа қатысты айыптаулар пайда бола бастаған.
Махмадназар Салихов үстіміздегі жылдың алғашқы айына дейін екі жыл қатарынан Тәжікстан ішкі істер министрі қызметін атқарды. Ал Тәжікстандағы азаматтық соғыс жылдарында елдің бас прокуроры болды.