Тілшілердің тыңшы болу да қолынан келеді. Бірақ...

Тілшілердің тыңшы болу да қолынан келеді. Бірақ...

Қаламының қарымымен, тілінің «тікенімен» қақсал қоғамның көп дертін көзіне шұқып көрсететін, ақпараттың азаншысы - тілшілер болмаса мына қоғам құлағы саңырау, тілі мылқау мүгедек күй кешері сөзсіз. Ағымдағы ақпарат әр сәт сайын өзгеріп тұрған алашапқын заманда ақ пен қараның аражігін ажыратуға аянбай тер төгетін де солар. Көзге көрінбейтін «күшпен» байлап-матап тастайтын аяр қоғамның айраны үшін амалсыз «ешкіні апа, текені жезде» дейтін мәймөңке журналистиканың қабіріне шөп шыға бастады. Оған себепкер сол өзгерген... заман. Адам да. Бұл тақырып бойынша «Алаш айнасы» тілшісі арнайы зертеу мақаласын жазды.

Рухына құлдық психологияның құрығы түспеген жаңа лек келді қазақ журналистикасына. Десек те, қаламның ұшымен нан тауып жүрген қауымның таңы арайлап атып, күні нұрланып батуда деп айтуға әлі де ертерек сияқты. Қаламға құрсау, аяққа тұсау салатын кедергілер жеткілікті. БАҚ өкілдерінің басынан бұлт арылмайды деп Асан қайғының зарын қақпасқа да амал кем. Кеңестік цензурадан құтылғанмен, бүгінде әр газеттің өзіндік цензурасы бар. Жекелеген редакторлар мен басылым қожайындары журналистерді «сарай ақыны» ретінде ұстағысы келеді. Еркіндіктен шектеу көрген соң, еркін ойлау да мүмкін емес. Осындай басты кемшіліктерден құтылса қазақ журналистикасының бағы жанары ақиқат. Бұдан басқа да әттеген-айлар жетерлік. Заман ағымынан қалмау үшін бүгінгі журналист бесаспап болуы қажет. Әйтпесе (Мархабат Байғұтшалап айтқанда) көштен қалып, аштан қатуы мүмкін. Заманауи журналист өзі ақпарат жеткізуші, өзі аудармашы, өзі пиарщик, өзі пошташы, өзі газет жаздырушы, өзі жарнамашы, өзі терімші, өзі менеджер болуы тиіс. Одан бөлек соңғы уақытта ньюсмейкер, имиджмейкер, пиар-менеджер секілді жаңа мамандықтарды да қоса игеруге міндетті. Кең ауқымды қамтыған мұндай маманға сұраныс көп. Әрі осынша мамандықтың бәрін игерген маман басқа салада сирек десе де болады. Ақпарат алудың өзі бүгінде ақырзаманға айналған. Әлдебір мекеменің маманынан кішкене ғана дерек ала қоюдың өзі мұң. БАҚ туралы заңға пысқырып та қарамайтындар бар.

Олар үшін бастықтарының айтқаны – заң. Бастықтың нұсқауынсыз бірде-бір мәлімет бермейді. Интернеттің игілігін пайдалана алмай отырған, өркениеттен тыс өмір сүріп жатқан мекемелер де бар бізде. Сұраған ақпаратыңызды электронды поштаңызға да «лақтыра» алмайды. Содан тілші пошташыға айналып шыға келеді. Қаланың қиыр шетіндегі мекемеге барып өзі әкелуі тиіс. Ал әлдебір жиын өткізгіш мекемелер қолыңызға пресс-резлиз ұсынады. Ондайда тілші амалсыз аудармашыға айналады. Қолыңызға ұстатқан қағаздың қазақша нұсқасын түсініп болмайды. Өзгепланеталықтар аударған сияқты бидай былжырақ бірдеңе. Қайта орыс тіліндегісі нақты да түсінікті болады. Содан аударуға тура келетін кездер көп. Әкелген ақпаратын өзі тереді, әрі терімші деуіміз содан. Оны жазып, «айналасын жұп-жұмыр» етіп, дайын күйінде өткізуі тиіс. Жазылым науқаны кезінде әсіресе жеке газеттің тілшілері үй бетін көрмей тентіреп кететіні бар. Өзі газет жаздырушы деуіміз сондықтан. Кей газеттерде жарнама бөлімінің маманы болмағандықтан тілші жарнамашының да ролін қоса атқарады. Бір өзі осыншама жұмысты қоса атқарып отырғанда алатын айлығы шайлығына жетсе жақсы ғой. Жарытымды жалақыға жарымай жүргендері де жетерлік. Соңғы әлетте енді жаңа заманауи мамандықтарды игеруі міндеттеліп отыр. Ол ньюсмейкер, имиджмейкер, менеджер мамандықтары.  Шетелдік сөзден енген импортный мамандықтарды игермеуге әддісі жоқ. Сонымен имиджмейкерлік жұмысқа көбіне осы тілші қауымы тартылып жатады. Себебі түсінікті де. Ірі корпорациялардың, ірі компаниялардың, кейде танымал тұлғалардың қоғамдағы жағымды бейнесiн, имиджiн қалыптастыруға күш салатын мамандар. Танымалдылыққа, оның үстіне жағымды жағынан танылуға көбіне БАҚ-ның үлкен үлес қосатынын ескерсек, оған әрине негізгі мамандығы журналист-имиджмейкерлер көп тер төгеді.

Олардың міндетіне түрлі  қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, тұралап тұрған салаларға қолдау көрсету секiлдi шараларды ұйымдастыру кіреді. Ал шетелдік тәжірибеге сүйенсек, имиджмейкер деп жеке тұлғалар туралы ақпараттарды БАҚ-та жариялатумен айналысатын мамандарды атайды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс iстейтiн имиджмейкерге қойылатын басты талап тілшіліктің қыр-сырына қанық, шеберлiгі басым болуы тиіс. Басты нысанасы яғни, өзіне ақша төлеп отырған адам туралы әзірленген әр мақаланың үтір, нүктесіне дейін жауапты. Ол мақаланың сапасына, мазмұндық ерекшелігіне, оқылымдылығына да жоғары деңгейде жауапты болып қалады. Ал пиарщик, турасында PR-менеджерлердің атқаратын жұмысы да ауқымды. Олардың негізгі міндеті әр тараптан ақылы негiздегi материалдар тауып, келісімшарттың ұйымдастырушылық-қаржылық жағына жауап береді. Имидж қалыптастыруға зор үлес қосатын мұндай  мақалаларды дайындаудың машақаты да көп. Көбіне тапсырыс беруші тараптың көңілінен шықпай жатады. Қаржысын төлеп отырғаннан кейін олардың міндетсуі қалыпты жағдайдай қабылданатын құбылыс. Шетелдік тәжірибе бойынша келісімшартқа отырғаннан кейін олар өздері дайындап берген мақаланың бір әрпіне де тиіспей бастыруға міндетті. Бір қарағанда имиджмейкер мен пиар-менеджердің қызметі ұқсас болғанымен соны екі кеменің басын ұстағандай үйлестіре алмайтындар көп. Көбісі өзінің негізгі міндетін түсінбей жатады, не болмаса кәсіби біліктілігі жетіспейді. Имиджмейкерлік мақалалардың жілігін шағып, майын ішкен мамандар бізде аз. Оны пиар-менеджерлікпен шатастыратындар көп. Имидждік мақалаларға миллиондарын аямайтындар баршылық. Бірақ соны тиімді пайдаланып, оқылымды етіп жазып, жарыққа шығару жағы көбіне кемшін түсіп жатады. Мұндайда көбіне (көпке топырақ шашпаймыз, бірақ бір қарын майдың обалына қалатын құмалақтарды да жоқ дей алмайсыз) газеттің мұқтаждығына пайдаланамыз деп бастықтар иеленеді де, әлгі мақаланы бір тілшісіне тапсыра салады.

Соның кесірінен ақылы деген дардай атағы бар мақаладан бір тиын да үлес алмайтын тілші жүрдім-бардым етіп бере салады. Даудың бәрі осыдан басталады. Сапасы нашар мақалаға пәлен дөңгелегі бар қаражатты кім де болса қимайтыны анық. Сондықтан да осы салада тер төгетін имиджмейкерлер мен пиар-менеджерлерді дайындау бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Әрине сұраныс бар жерде әлбетте тапсырыстың болатыны айқын. Медиабизнестің қарқынды дамуына қомақты үлес қосатын осы кәсіпті игеруге қазақ журналистерінің мойны жар бермей жүр деп айта алмаспыз. Дегенмен кәсіптің қыры мен сырын ұғындырып, оқыту жағы кемшін... Сосынғысын бүгінде журналистика саласында ньюсмейкер атты тосын қызмет түрі де кірігіп келе жатыр. Бұл сөз тiкелей аудармада «жаңалық жасаушы» деген мағына бередi. «Ньюсмейкер – белгiлi бiр салаға қатысты ақпаратқа бiрiншi болып қол жеткiзе алатын және сол ақпаратты БАҚ өкiлдерiне ұсынатын (сататын) адам» деп анықтама берiлген. Ағылшыншаға жетік жандарға таныс хитмейкер деген сияқты ньюсмейкер сөзі news  дегеніміз жаңалық екені белгілі. Ал  maker — жасаушы, жасап шығарушы болып шығады. Бірақ бұрын бұл мамандықты БАҚ өкілдеріне қатысты айтпайтын. Өйткені олар жаңалық жасаушы емес, оны жеткізуші, таратушы ғана. Бұл аударманың екі түрлі мағынасы бары анық. Ньюсмейкер дегенiмiз ең алдымен қызметінің, болжамдарының, танымалдылығының арқасында тілшілер қауымының назарын өзiне аудара алатын тұлғалар. Олардың қатарына саясаткерлер, саясаттанушылар, өнер жұлдыздары, атақты спортшыларды жатқызуға болады.

Ал медальдің екінші жағына үңілсек, әлi тілшілер қауымының қолына түсiп үлгермеген маңызды ақпаратты бiлетiн адамдар. Олар сол саланың жауапты қызметкерi немесе сенсациялық ақпаратты бiрiншi болып алуға машықтанған тілші болуы да бек мүмкiн. Мәселен мына тұрған Ресейде бұл қызмет түрі мықты дамыған. Өткен жылы интернет басылымдар арасында сауалнама жүргізіліп, жылдың ең үздік ньюсмейкері анықталған болатын. Ол елді шулатпаса басы ауыратын Ксения Собчакқа бұйырған болатын. Ал, бізде... Тілдің тұсалатыны да осы тұс... Елдің есінен кетпейтіндей «бомба» мақала жазатындар да, соған қол жеткізе алатындар да, соның «обьектісіне» айнала алатындар да бізде аз, тым аз. Әйтпесе тілшілердің «тыңшы» болу да қолынан келеді. Ньюсмейкерлiк қызмет дамымаған десек те болады. Тiптi, мұндай кәсiп түрін игерген, игере алатындай әрiптестерiмiз де арпа ішінде бір бидай. Кей басылымдар жоғары жақтағылардан керемет «көзірі» болып, сенсацияға қол жеткізе алатындай мүмкіндігі болса да оны басуға келгенде алға бір адым, артқа екі адым.... екі шоқып бір қарау әдісімен жұмыс істейді. Не болмаса «сенімді дерек көздерінің айтуына қарағанда...» не «бейресми ақпарат бойынша..» деп бере салады. Ана тіліміздегі басылымдардан тұщымды тақырып тапшы боп жатса оны осы осалдығымыздан көруге болатын сықылды. Шетелдерде, көрші республикаларда айқайлап тұратын ақпараттарды  сатып алу тәжiрибесi бұрыннан бар. Соған сай өздерінің заңдарын да икемдеп алған. Шетелдік сабын сериалдарда журналистердің бай-манаптардың басқан ізін аңдып, сенсация жасап жүретінін күнделікті көрсетіп жатыр ғой. Бізге ондай деңгейге жету үшін әлі көп тер төгуге тура келетін сияқты.

Әкім ЫСҚАҚ, ақын:
- Расында бүгінгі қазақ журналистеріне заман ағымынан қалыспай жаңа мамандықтарды игергені өте дұрыс. Бүгінгі оқырманның көзі ашық, талғамы жоғары. Сондықтан да газеттің оқылымды болуы үшін ізденіп, талғам талабынан шыға білулері керек. Басылымның бағын ашу да тілшілердің қолында. Бүгінгі күннің күйіп тұрған тақырыптарын ойнатып бере білу, оқылымды ету де тілшілерден көп тер төгуді талап етеді. 

Ахмет АЛЯЗ, «Қазақстан Заман» газетінің бас редакторы:
- Қазақ журналистикасына батыстық үлгідегі журналистиканы игеру үшін социалистік көзқарасқа бейімделген журналистикалық сарыннан арылу керек. Яғни Әлеуметтік тақырыптардан гөрі, саяси тақырыптарға батылдықпен бару керек. Газеттер өтімді болу үшін өзара бесекелестік заңы істеп тұру керек. Бір газет мемлекеттің көмегімен жүрсе, енді біру өз күшімен тіршілік жасауға тырысады. Бір газет апталық шықса, енді бірі күнделікті шығады. Енді біреуінің қожайыны керемет жағдай жасап берсе, екінші бірі күнін әрең дегенде көреді. Бірі ақпаратқа бір телефон қоңырауымен  жетсе, көпшілік сол ақпаратты алу үшін бір ай күтеді. Көбіне жауап та келмейді. Санап тұрсақ журналистиканың проблемалары жетерлік. Ал бұның басты себебі кешегі кеңестік кезенде қалыптасқан сана. Қысқасы, журналистиканы жазылмаған заңдар билеп тұрған дәуірде жаңа ештеңе еңгізе алмайсыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста