Төл Тәуелсіздік туралы айтқан жөн
Кеше С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өткен «Тәуелсіз Қазақстан: тарихы мен тағылымы» тақырыбындағы конференцияда ел ағалары бүгінгі Тәуелсіздіктің тағылымын тағы бір мәрте таразыға салып, оның ащысы мен тұшысын жас ұрпаққа жеткізуге тырысты. Ал кейбір қоғам қайраткерлері Тәуелсіз тарихымыздың айтылмай жүрген тұстарын ашып берді.
Осындай тұстардың бірі – 1979 жылғы Ақмола көтерілісі. Жазушы, қоғам қайраткері Алдан Смайылдың пайымдауынша, қазақ жастарының ерлігі осы Ақмола өңірінен басталды. Сол кезде Павлодар, Ақмола, Қарағанды және Көкшетау облыстарының кейбір аудандарын қосып, неміс автономиясын құру туралы Кеңестер Одағының Коммунистік партиясының орталық кеңесі саяси бюросының құпия шешімі қабылданғаны тарихтан белгілі. «Бұл Тәуелсіздіктің басты тұғыры – жерімізден айрылу деген сөз еді. Сонда осындағы қазақ жастары қаймықпастан көшеге шығып, екі күн бойы наразылық шерулерін өткізді. Осыдан кейін Коммунистік партияның Орталық кеңесі саяси бюросы өзі шығарған шешімнің күшін жоюға мәжбүр болды. Бұл – Кеңестер тарихында болмаған жағдай. 1979 жылғы Ақмола жастарының ерлігі болмаса, 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінің болу-болмауы неғайбыл. Мен оны батыл айтамын. Өйткені 79-шы жылғы қазақ жастары Кеңестер Одағының шешімін өзгертуге болатындығын, халық болып бірігіп, жеңіске жету мүмкін екендігін дәлелдеп берді. Ол тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан қазақ жастарының алғашқы жеңісі еді. Олардың рухы өшкен жоқ. Сол рух Желтоқсанға ұласып, бүгінгі Тәуелсіздігіміздің көгінде қалықтап жүр. Өкінішке қарай, сол кездегі жастардың ерлігі туралы тарихшылар да, саясаттанушылар да айтпайды», – дейді А.Смайыл.
Әрине, егемендік алғаннан кейін де қоғам ішіндегі Тәуелсіздік үшін күрестің жалғасқандығы жасырын емес. Енді ол күрес тіл үшін тартысқа ұласып отыр. Шыны керек, қазіргі кезде ол тартыс бар. Бірақ Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оның салмағы бүгінгіден де ауыр болды. Себебі Ақмола өңіріндегі қазақ халқының үлесі 20 пайыздан да асқан жоқ. Сондай кезде жергілікті қазақ азаматтары «Тіл және мәдениет» атты қоғам ашты. Ол ұйым қазақ халқының білімі мен мәдениетін көтеруге бар күш-жігерін салды. Қазақ мектептері мен балабақшаларын ашуға атсалысты. «Міне, осындай ұйымдар ел Тәуелсіздігі нығайғанша, Қазақстан өзінің парламентін құрып, үкіметі өз қызметіне кіріспейінше, күн-түн демей, бір сәтке де өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Тәуелсіздік деген – осы», – дейді А.Смайыл.