Түркіге ортақ термин жасауға ұмтылуымыз керек

Түркіге ортақ термин жасауға ұмтылуымыз керек

Өзара туыс түркілер арасындағы терминжасам мәселесін ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш қайраткерлері көтеріп кеткен болатын. Әлі де өзектілігін жоймаған осы мәселеге «ештен кеш жақсы» деп білек сыбана кіріскеннен ұтарымыз мол екендігі даусыз. Астанада өткен «Түркітілдес елдердің терминқор қалыптастыру тәжірибесі» атты халықаралық конференция барысында осы жайтты айқын аңғардық.
Түркітілдестердің Астанадағы алқалы басқосуына тоқ­талмас бұрын, кезінде Алаш қайраткерлерінің тер­ми­но­логияны дамытуға қатысты ұстанымына тоқталсақ. Та­рих­қа зер салсақ, 1924 жылдың 12-17 маусымында Орын­борда қазақ-қырғыз ғылым-білім қызметкерлерінің тұңғыш съезінде терминологияны дамыту мәселелері сөз болғанын білеміз. Бұл басқосуға Әлихан Бөкей­хан­ұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Нәзір Төре­құ­л­ұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы бастаған Алаш зиялылары мен Ишанғали Арабайұлы бастаған қыр­ғыз оқығандары қатысқан болатын. Съезде Елдес Омар­ұлы «Қазақша пән сөздері» тақырыбында баяндама жасап, соның негізінде терминологияны дамыту қағи­дат­тары бекітілген. Съезд бекіткен қағидаттардың екін­шісі бойынша «Қазақтың өз тілінен табылмаған пән сөз­дері (тер­миндер – авт.) басқа түрік халықтарынан іздел­сін, басқа түрік тілінде пән сөздері жалпы түрік сөздері болып, жат тілдің әсерінен аман болса, ондай сөздер жатырқамай алынсын» делінген қаулы қабылданған еді. Кейіннен мәселенің мәніне терең үңілген Алаш зиялылары 1926 жылғы 26 ақпан мен 6 наурыз ара­лы­ғын­да Баку қала­сын­да I түркологтер съезін өткізіп, оған көптеген түр­кі­тілдес елдің ғалымдары қатысты. Сол басқосуда тер­ми­нология мәселесі жөнінде Қазақстан тарапынан Ахмет Байтұрсынұлы негізгі баяндама жа­са­ған болатын. Онда Ахаң туыстас түркі тілдері арасында сөз алмасудың ма­ңыздылығын екі түрлі дәлелмен не­гіз­дейді. «Біріншіден, туыстас тілдер сөздерінің көпшілігі формасы ортақ бол­ма­ғанымен, түбірі ортақ. Сол себепті туыстығы жоқ тіл­дер­дің сөздеріндей емес, оларды түсіну де жеңіл, құлаққа да тосын естілмейді, айтуға да соншалықты жат бол­май­ды. Екіншіден, түркі халықтары үнемі өзара қатынаста бол­ған және қазір де сол қатынас сақталып отыр, сол себептен де ортақ түбірі болмаса да, бір тілдің сөздерінің көп­шілігі өзге тіл өкілдеріне таныс болуы мүмкін», – дейді сол тұста Ахмет Байтұрсынұлы.
Мінеки, ХХ ғасырда көтерілген осынау бастама ХХІ ғасырда да өз өзектілігін еш жойған емес. Керісінше, ақпараттық ғасырда туыс түркілердің терминдік бірлігі жаңа атау-терімді қолданысқа енгізуге ерекше ықпал ететіндігі ақиқат.
Ал Астанадағы түркітілдестердің ортақ терминология саласына арналған екі күн­дік жиынына келсек, оны өткізуге Қазақ­стан­ның Мәдениет министрлігі Тіл комитеті мен Түркия Республикасы Тіл комитеті және Түркия ақпараттық технологиялар қоғамы мұрындық болыпты. Конференция­ның мақсаты түркітілдес халықтардың ғылым саласындағы байланысын нығайту, өзара термин алмасу үдерісін дұрыс жолға қою және салалық, әсіресе ақпараттық ғылым саласындағы ортақ терминдер қорын қалыптастыруды ғылыми негіздеу тетіктерін анықтау болып табылады. Түркі­тіл­дес тіл ғалымдары бас қосқан жиынның бірінші күні терминологияның жалпы мә­се­лелері, терминжасам және өзара терминал­масым, көптілді терминология­лық сөз­дік­тер жасау мәселесі кеңінен талқы­ланған болатын. Екінші күні ақпарат­тық технология саласындағы терминология мәселесі қоз­ға­лып, түркиялық тәжірибе кеңінен талқы­ға түсті.
Айта кетерлігі, алқалы жиында негізгі баяндаманы жасаған Тіл комитетінің төра­ғасы Шерубай Құрманбайұлы туыс тілдер­дің термин жүйелерін тіларалық бірізділен­діру маңызына ерекше назар аудартты. Кезіндегі қызыл империяның қитұрқы саясатынан болған кесапатты астарлай сөй­леген төраға бұл турасында кешегі Ахаңдар салған жолдың жалғаспағанын, кейінгі түркілердің термин ортақтығы тығырыққа тірелгенін айтты. Бұрынғы Ке­ңес Одағының құрамындағы қиын кезең­нен арылғаннан бері түркі тілдерінің өз ішіндегі сөз алмасу, термин алмасу мәселе­сі мүлдем мардымсыз. Шерубай Құрман­байұ­лының: «Қазіргі қазақ терминология­сының 70-80, кей салада 90 пайызға де­йін­гі терминдері орыс тілімен түгелдей сәй­кеседі», – деуі сондықтан. Расында, түр­кі­­тіл­дес мемлекеттердің арасында соң­ғы 20 жылда термин алмасу үдерісі жолға қо­йыл­мақ түгіл, басталған да емес. Конфе­ренция барысында «ештен кеш жақсы» деген ниетпен түркілерге ортақ құрылым­дық жүйені қалыптастыру туралы бастама­лар да айтылды. Түркілердің жаңа терми­но­логиялық сөздіктерін жасап шығару жайында ұсыныс ортаға тасталды.
Ортақ терминологиядағы Түркияның тәжірибесі басқа түркілерге үлгі болса игі
Алаш зиялылары ХХ ғасыр басында терминология мәселесіне қатысты үндеу жасағанда, мұны анадолылық түркілер де кеңінен қолдағаны анық. Кеңес құрамында қалған түркілерден Түркияның ерекшелігі – Ата Түрік бастамасымен терминология саласы бір ізге түсті десе де болады. Кейін­нен 70-жылдары ақпараттық шапшаң алмасуларды сезінген Түркия осы салаға арнайы мемлекеттік көзқарасты қалыптас­тырды. Жалпы, түркітілдес елдердің ортақ термин қорын қалыптастыруға алғаш рет 1999 жылы талпыныс жасалып, Түркия ақ­параттық технология қоғамының қолдауы­мен арнайы жұмыс тобы құрылған бола­тын. 2001 жылғы қазан айында Стамбулда Түркітілдес елдер арасында ақпараттық технологиялар ынтымақтастығы мәселе­лері бойынша алғашқы форум ұйымдас­ты­рылды. Кейіннен алқалы жиын Әзірбай­жан, Түрікменстан, Қырғызстан мемлекет­терінде түрлі тақырыптармен жалғасын тапты. Астана қаласындағы осы басқосу кезекті 9-форум ретінде саналады. Ендігі мақсат – түркілік ізге түсу. Яғни кезінде Ке­ңес Одағының құрамында болған түркітіл­дес мемлекеттер термин қабылдаудың бір ғана көзі ретінде орыс тілін танып қалған дәстүріне жүгіне бермеуі, одан қашып, түр­кілік бірлікке ұмтылуы шарт. Бұл тура­сында Тіл комитетінің төрағасы: «ІТ терми­нологиясы саласында бәрімізге де түрік тілінде жасалған, яғни туыстас тілдің тәжі­рибесіне ерекше ден қоюымыз қажет. Ра­сында, ІТ технология саласының терминде­рін өз тілінде сөйлеткен жалғыз Түркия ғана. Бұл тәжірибе басқа түркілер арасында кеңінен тараса игі», – деген болатын.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, Тіл комитетінің төрағасы:
– Лингвист ғалымдардың зерттеу­лері бойынша, қазіргі заманда кез кел­ген тілдің лексикалық қорын байытып отырған жаңа сөздердің 80 пайыздан астамын неонимдер, яғни жаңадан енген терминдер құрайды екен. Сон­дықтан да біз ұлт тілінде термин жасай­тын болсақ, өз тіліміздің табиғатын сақ­тай отырып, оны байытамыз. Керісінше, қай тілде көбірек сөз қабылдасақ, со­ны­мен жақындасамыз, сонымен ортақ­тас­тығымыз да арта түседі. Ендеше, орыс­тан қашып, тарихы тамырлас, түбі­ріміз туыстас түркі тілдерін бір-бірімізге жа­қын­дата беруге тиіспіз. Ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан тарихи сабақтастық сақталып, термин алмасу арқылы тілдерді бір-бірін жатырқамай жақындастыруға ұмтылуға тиіспіз.

Незих Күлейін, Түркия Республикасы Ақпараттық технологиялар мәселелері бойынша жұмыс тобының төрағасы:
– Ақпараттық ғасырда өмірге жаңа келген технологияның шапшаң тарауы мен қолданылуына терминологияны ілестіріп жүрудің маңызы орасан. Мұндағы туыстас тілдердің жұмысына қойылатын талаптар да зор. Оның үсті­не, дәуірдің жылдам дамуына орай ғылымның жұрт үшін қауіпті бағыты да баршылық. Өйткені шапшаң дамыған технологиямен бетпе-бет келу бары­сын­да терминология саласы үйлесімді, тойтарымды дами алмаса, қандай да болсын жұрттың болмыстан келе жат­қан ерекшеліктері жаңашылдыққа жұтылып кетуі ғажап емес. Сондықтан да Түркия терминжасам мәселесінде бай тәжірибесімен бөлісуге ашық.

Көрай ӨЗЕР, Түркия ақпараттық технология басқару кеңесінің мүшесі:
– 1930 жылдары Мұстафа Кемал Ата Түрік: «Түрік тілі – бүкіл түркі халық­тарының жүрегі, ой-санасы. Өйткені түрік тілі – әлемдегі ең бай тіл. Ал түрік тілінің ресурсын кеңейту үшін барлық түркітілдестердің тілдерін бірдей дамы­туға маңыз бөлгеніміз лазым», – деген бо­ла­­тын. Дәл осындай ұстаныммен алға жылжитын болсақ, біз, түркілер, біріге отырып, басқа тілдердегі кірме сөздерді ысырып шығамыз, өз қоры­мыз­ды да байыта аламыз. Мұны бізге дейінгі түр­кінің көптеген ғалымы дәлел­деп кетті. Біздің мұрат – бастағанды жалғас­ты­ру.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста