Түркілер әлеміне ортақ тіл қалай қалыптасуы керек?
Түркі жұрты «бір жағадан бас шығара» алса, жаһанданудың жемтігіне айналмайды. Қазір осыны түсінген туыстас халықтар бірлесіп, түркі мемлекеттерінің интеграциясына баса назар аудара бастады. Бұл интеграцияның қарқынды дамуы үшін ең алдымен үш тұғырды, яғни мәдени, экономикалық және саяси қарым-қатынасты күшейту керек. Содан болса керек, «аталған үш тұғырдың басын ортақ әліпби мен ортақ тіл біріктіреді» деген пікір жиі айтылады. Бірақ «ол тіл қалай қалыптасу керек?» деген сауалға келгенде кібіртіктеп қаламыз. Мәселен, Өзбекстанның белгілі ғалымы, философия ғылымының докторы, профессор Бақтияр Кәрімов бүкіл түркі жұртының рухын қазақ тілі ұйыта алатынын айтады.
Алтау ала болса...
Ресми дерекке сүйенсек, қазір 40 тармаққа бөлінген түркі тілін Еуразия кеңістігінің 210 млн тұрғыны ана тілім деп қабылдайды. Мамандар егер де «алтау ала болмаса», 210 млн тұтынушысы бар түркі тілін әлемдік тілдердің сапына енгізуге болатынын айтады. Мәселен, БҰҰ әлемдік тіл ретінде ағылшын, араб, испан, француз, қытай, орыс тілдерін бекіткен. Осылардың ішіндегі француз тілін әлем халқының 175 миллионы пайдаланады екен. Сол 175 миллионның 76 миллионы ғана француз тілін «ана тілім» деп біледі. Ал қалған 99 миллион пайдаланушы – Францияның бұрынғы отарындағы елдердің тұрғындары-мыс. Демек, 210 млн халықпен түркі тілі француздармен (және осы секілді басқа тілдермен) бәсекелесуге қауқарлы деген сөз. Яғни бұл ортақ тіл дүниеге келсе, сан жағынан БҰҰ, ЮНЕСКО т.б. халықаралық ұйымдардың тіліне айнала алатынын көрсетеді. Қош. Ол үшін «төртеуді түгендеп, төбедегіні келтіріп» алу қажет.
Төртеу түгел болса...
Түркі халықтарын түгендеу үшін алдымен дербес мемлекет саналатын Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түрікменстан секілді елдер мен түркітілдес ұлттар ортақ тіл мәселесінде бір шешімге келуі қажет. Мысалы, ғалымдар түркі халықтарына ортақ тілді қалыптастырудың екі тетігі бар екенін айтады. Біріншісі – орта ғасырда пайдаланылған ортақ түркі тілін қайта жандандыру. Ғасырлар қойнауында қалып қойған бұл тілдің өн бойында барша түркі тілдерінің табиғи заңдылықтары сақталған. Оның терминологиялық негізі де бір. Екіншісі – қазіргі уақытта жиі айтыла бастаған латын графикасы негізінде ортақ жазбаша тіл кеңістігін қалыптастыру. Бұл екі жолдың қайсысын таңдасаңыз да, қазақ тілінен айналып кете алмайсыз. Оған бірнеше себептерді келтіруге болады.
Біріншіден, орта ғасырда пайдаланылған ортақ түркі тілінің қаймағын бұзбаған – қазақтар. Бұған мысал ретінде біздің ана тіліміздің әлемдегі ең бай үш тілдің сапына кіретінін (ең бай тіл саналатын араб тілінде – 12 миллион 300 мың, екінші орындағы ағылшын тілінде – 750 мың, ал қазақ тілінде – 600 мың, мұнан кейінгі орындарды місе тұтқан испан тілінде – 300 мың, орыс тілінде – 150 мың сөз бар) алдыға тартсақ болады.
Екіншіден, тарихи жағынан келсек, Қазақстан түркі тілінің байырғы отаны һәм географиялық жағынан алғанда тура орталықта орналасқан.
Үшіншіден, қазақ тілі графикасы негізінде ортақ жазбаша тіл кеңістігін қалыптастыру үшін де өз тиімділігін байқата алады. Мысалы, қазақ тілінің ауызша, жазбаша һәм публицистикалық стилі толық қалыптасып, ғылыми айналымға еніп үлгерген. Тек қана қазақ тілі сөздік қорының 60 пайызы түркілік түбірлі сөздерден тұрады. Яғни қазақтан өзге халықтардың қолданысынан шығып қалған «ң», «қ», «ө», «ғ» сынды жоғалып кеткен ұлттық сипаттағы ерекше әріптерді қайта қалпына келтіруге жол ашады. Мәселен, өзбек тілі морфологиялық жағынан – әндижандық, лексикалық нұсқаға – самарқандық, ал фонетикалық дыбысталуға бұқаралық дилектіні алып, біріктіру арқылы түзілген. Ал түріктердің тілі Еуропаға ыңғайландырып, қайтадан түзілген тілі. Қырғыз, қарақалпақ, әзірбайжан, түрікмен т.б тіл ғылымын біздің деңгейде ғылыми негізде жүйелеп үлгерген жоқ.
Қатер қайдан?
Әрине, ендігі мәселе «түркілерге тән ортақ тіл мәселесі жалпы ұлттық саясатқа қалай әсер етеді?» деген сауалға келіп тіреледі. Мойындауымыз керек, қазір осыдан 100 жыл бұрын ғана бір-бірін жақсы түсінетін туыс халықтар арасы алшақтап, мүлде өзгеше өң-сипатқа ие болып үлгерді. Егер де алдағы 50 жылда бұл мәселе жолға қойылмаса, жалпы түркі халықтарының көп бөлігі жойылып кетуі кәдік. Себебі әлемдегі 5 мың тірі тілдің ай сайын екеуі өліп отыратыны айтылып жүр. Демек, 280 мың тұтынушысы бар құмық, 250 мың тұтынушысы бар қарашайдан бастап, 60 мыңның ар жақ-бер жағындағы хақас, алтай, 2500 тұрғыны қалған шұлым секілді тілдердің ертеңінен үміт күту қиындай бермек. Тіпті алдағы елу жылда мұндай қатер сапына 300 мыңнан 1 миллионға дейін халқы бар кез келген түркі жұрты ілігіп кетуі бек мүмкін.
Қазақ халқы үстемдікке қарсы саясатты ұстана алады
Саясаткерлер ортақ тіл қалыптастыру барысында бәрібір белгілі бір тілге үстемдік беруге тура келетінін айтады. Олардың көпшілігі «сол тілді қолданатын елдің саяси үстемдігін болдырмау үшін халқының саны аз һәм саяси ықпалы соншалықты тегеурінді емес мемлекеттің тілін ортақ тіл ету керек» деген пікірде. Тарих беттерін ақтарсаңыз, кезінде Мұстафа Шоқай барша түркі халқының ортақ тілі ретінде қарақалпақ тілін ұсынғанын көресіз. Саяси жағынан алсақ, қарақалпақ тілі – қазақ тіліне өте жақын. Осыдан-ақ Мұстафа Шоқайдың бұл идеясы жан-жақты сараланған, саяси астарлы қадам деуге келеді. Бұл – бір мысал. Екіншіден, кешегі Кеңес Одағының 250 миллион халқының 180 миллионын славяндар құрады. Сол Кеңес Одағын Беловеж тоғайында ең әуелі славян халықтарының, яғни орыс, беларусь пен украиндардың басшылары ыдыратты. Яғни бір ұлт пен бір тілдің доминанто болуы мен тек орыс тілінің үстемдік құруы славян тілділердің арасын алшақтатты. Егер де біз түркі мемлекеттерінің ішіндегі халқының саны көп һәм ықпалды мемлекеттерге жол берсек, түркілердің тілі де славяндардың кебін киюі мүмкін.
Түйін
Шындығын айту керек, бүгінде біз өз мемлекеттік тілімізді тұғырына қондыра алмай отырмыз. Неге? Себебі орыстілді қазақ бауырларымыз қазірдің өзінде қасиетті тілімізді түбі бір болғандықтан, 70 миллионнан астам (мәселен, өзбек, ұйғыр, қарашай, татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ, қырғыз, алтай секілді ондаған ұлттардың барлығы) халық жақсы түсінетінін бағамдай алмай отыр. Тек түрік, әзірбайжан, түрікмен секілді бірқанша елдің тілі геосаясатқа және басқа да салдарларға байланысты алшақтап кеткен. Ол аралықты жақындату бағзы түркілік табиғатын жоймаған қазақ тіліне бұйыруы әбден мүмкін. Демек, әлемдік алты алпауыт тілмен иық тіресіп, 7-ншісі болуға түркі тілінің, яғни қазақ тілінің қауқары жетеді деген сөз. Егер де бізге сенбесеңіз, түркі тілінің тарихын тағы да бір ақтарып шығыңыз...