Түркілер бірігер күн жақын
Кешеден бері Әзірбайжан астанасы Бакуге бүкіл түркі жұрты көшіп барғандай алқалы жиындар бірінен соң бірі өтіп жатыр. Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық делегация ТүркіПа-ның Регламенті мен хатшылығының ережелерін талқылау, сондай-ақ Бас хатшысы мен орынбасарларының кандидатурасын ұсыну мәселелерін талқылау үшін түркітілдес мемлекеттер Парламенттік ассамблеясының І-жалпы отырысына қатысты. Бұған қоса 3 қазанда Нахичеванда түркітілдес мемлекеттер басшыларының 9-шы саммитінде түбі бір түркі жұртына ортақ жай талқыланбақ. Бұл сонау Мұстафа Кемал Ататүрік пен Мұстафа Шоқай армандап өткен түркі жұртын біріктіретін ортақ тарихи-саяси ұйымға жетелей түскендей.
Үш көзір немесе түркілердің қайта жаңғыруы
Ұлы жағрапиялық ашылуларға дейін тұлпар тұяғы жеткен жерлерді еншілеген түркі жұртының үш көзірі болды. Бірінші көзір – үзеңгі ойлап тапқан түркілер салт атты әскери өркениетін қалыптастырды. Жаугершілік заманда соғыс өнерінде ешбір халыққа дес бермейтін түркілер Көкбөрі рухымен басы барды идірді, тізесі барды бүктірді. Атилла, Шыңғыс қаған, Әмір Темір құрған империялар еуроцентристік ғалымдардың күнде көлгірсіп айтатын зұлымдықты емес, әділдік қағидасын ту етіп еді. Былайша айтқанда, ешкімнің ділі мен дініне тиіспей, империялық демократия орнатты.
Екінші көзір – Ұлы жібек жолы. Көне дәуірден бері Еуропа мен Шығыстың арасындағы сауданы қыздырған, мыңдаған шақырымдарға созылған сауда бекеттерінің үздіксіз жұмыс істеп тұруына кепілдік болған қоғам құру бұл заманда мүмкін еместей еді. Түркілер құрған империя неғұрлым алып болған сайын, іркес-тіркес керуендердің қауіпсіздігі соғұрлым сақталды. Өкінішке қарай, ХV ғасырда жағрапиялық ашылулардан кейін және отты қару кеңінен қолданысқа енген соң, қос көзірімізден айырылдық. Басымыздан бақ тайды, кешегі бағыныштылар айдай ұлымызды – құл, күндей қызымызды күң етті. Толарсақтан саз кешкен баһадүр бабаларымыздың қанымен, аналарымыздың көз жасымен, әулиелердің дұғасымен ұзақ жылдардан соң құлдық құрсаудан босап, бүгінгі күнге жеттік.
Үшінші көзір – атадан балаға ауызша жеткен рухани мұра. Бұл – қазақтың қара домбырасы, қобызы, қисса-дастандары, дәстүрлі әнші-жыршылары, әулиелердің хикаялары, шайырлардың уағыз-өсиетнамасы, дәруіштердің руханияты. Түркілердің тілін, дінін, жазба һәм материалдық мәдениетін жойған отаршылдар ауызекі мұраның құпия кодын таппапты. Бәлкім, бәрінен айырылған қазақтың қазақ болып қалуына ауызша мұра себепкер болған шығар. Ал күллі түркі жұртын ұйыстыратын ядро – «Көп түрік енші алып тарасқанда, қазақта қара шаңырақ қалмап па еді» деп Мағжан Жұмабаев жазғандай, Қазақстан – қасиетті Түркістан болып қала бермек. Ендеше, бұрынғы айырылған көзірлердің бірі Ұлы Жібек жолы – Жібек жолы көліктік дәліз болып қайта жаңғырды. Оны геосаяси мүддемізге, пайдамызға ұқсату тікелей өзімізге байланысты.
Өркениеттердің екінші тоғысы
Ежелгі дәуірде түркілер заманы Қытайдың өркендеген кезімен тұспа-тұс келді. Түркілердің бүгінгі жаңғыруы аждаһаның оянуымен қатар келді. Егер саяси картаға мұқият қарайтын болсақ, Дунайдан Қытайға дейін созылған Түркі елдерінің параллель бойынша белдеуі бірнеше жерден үзіліп, тұйықталғанын көрер едік. Бірінші тұйық – Түркиядан мыңдаған шақырым қашықтықта жырақта жатырмыз. Екінші тұйық – көрші Татарстан және Башқұртстанмен шекарамыз шектеспейді. Үшінші тұйық – Сақа, Тыва елдері тым шалғайда қалды. Осындай тұйықтарды тағы да келтіре беруге болады. Тарихтың қатал жазуымен түбі бір түркі жұрты бірі-бірінен мүлде оқшау жағдайда күн кешті. Өзге елдің құрамында автономия және ұлттық-территориялық құрылымдар деңгейінде қалып отырған түркітілдес ұлттар – татарлар, башқұрттар, дағыстандар, алтайлар, сақалар, чуваштар, құмықтар, қабарды-балқардың келешегі күмәнға толы. Оның үстіне ортақ саяси ұйым құруға талпынған түркі елдерінің геосаяси бағыттары әрқилы. Мәселен, Түркия НАТО-ның белсенді мүшесі және Еуроодаққа ұмсынумен келеді. Ал посткеңестік түркі елдері Ресейдің ықпалы бар саяси-әскери блоктарға жақынырақ. Түркі әлемінің жер аумағы 11 миллион шаршы шақырымды құрайды. Мұндай ұлан-ғайыр кеңістікке үш бірдей Еуропа сыяды деген сөз.
Сарапшы Асқар Омаровтың айтуынша, тәуелсіз түркі елдерінде өзіндік күштер тепе-теңдігі қалыптасқан. Мысалы, түркі мәселесінде анағұрлым ортодоксальді Түркия, Әзірбайжан және Солтүстік Кипр, либералды Қазақстан мен Қырғызстан, ал авторитарлы Өзбекстан мен Түрікменстанның сыртқы саясаты жекелеген көшбасшылардың ырқына тәуелді. 1993 жылы сәуірде түркі елдерінің басшылары Түркітілдес елдердің достастығын құру туралы хаттамаға қол қойғанымен, бұл бірігу аяқталмай қалды. Әу бастан-ақ Түркиядағы пантүркизм идеясы Орталық Азиядағы мемлекеттердің басшылығынан қолдау таба қойған жоқ. Кеңестік ажырғыны сілкіп шыққан түркітілдес елдер Түркиямен «тең атаның ұлындай» ынтымақтастыққа мүдделілік танытты. Дегенмен түркиялық жекелеген саясаткерлер КСРО-дан бөлініп шыққан түркітілдес елдерде саяси-мәдени, діни миссиясын бір сәтке де үзген емес. Тілі мен діні әрқилы түркілерді тұтастыратын фактор ретінде латын қарпіне көшу үрдісі көбірек аталып жүр. Бұл, бір жағынан, отарсыздануды жеделдетеді. Қазір түркі елдерінің ішінде Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан латын қарпіне көшіп үлгерді. Ал Татарстандағы латындану үрдісін Ресей конституциялық соты пышақ кескендей тыйып тастады. Кейбір түркі жұртының діни наным-сенімдері де әрқилы. Басқасын айтпағанда, ғағауыздар – православтық христиандар, якуттар – шамандар, ал тувалықтар буддизмге бой ұрғаны – біздің сорымыз.
Ой-түйін:
ХХ ғасыр басында Мұстафа Кемал Ататүрік, Мұстафа Шоқай, Исмаил Гаспринский, Зия Көкалып армандап өткен түркі жұрты бірігер күн алыс емес. Мысалы, роман-герман тілділік этникалық мәдениет Еуроодақтың негізін қаласа, көшпелі-мұсылмандық этникалық мәдениет түркі халықтарының ұйытқысы болуы тиіс. Алдағы Бакудегі саммит түбі бір түркілердің бірігуіне зор серпін береді деген үміттеміз.
Тілге тиек етер:
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға алғашқы ресми сапарларының бірінде журналистердің бірі Түркия Президенті Тұрғұт Өзалдан: «Тұрғұт аға, Түркияда қанша қазақ бар?» – деп сұрайды. Сонда Тұрғұт Өзал ойланбастан: «Түркияда мені қосқанда 63 миллион қазақ бар» – деп жауап беріпті.