Түсіністік пен татулық формуласы — төзімділікте
Кеше Алматыда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Орталық Азиядағы толеранттылық мәселелері жөніндегі азаматтық форум болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен өткен форумға ҚР Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, мемлекеттік органдардың, ғылыми және шығармашылық интеллигенцияның, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, сонымен қатар Иран, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген шетелдік сарапшылар қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Толеранттылық мәселелеріне арналған бұл форум Азиядағы мәдениетаралық үндесуді дамыту мен тұрақтылықты нығайту жөніндегі аймақ елдерінің әріптестігін қалыптастыруды көздейді. Аталған форум аясында «Қоғамда толеранттылық қалыптастырудағы азаматтық қоғам институттары», «Толеранттылықты БАҚ арқылы насихаттау», «Толеранттылық және мәдени әралуандық», «Толеранттылық — ғылыми пайымдау және тәжірибе» сынды тақырыптар бойынша пікірталастар ұйымдастырылды. Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев атап өткендей, Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 16-сессиясында сөйлеген сөзінде толеранттылыққа байланысты Қазақстанның тәжірибесін шетелдерде насихаттаудың маңыздылығын ескеріп, толеранттылық мәселелері жөніндегі азаматтық форумды өткізуді тапсырған болатын. Қазақстан бұл бағытта нақтылы жетістіктерге қол жеткізді. Еліміз қоғамдағы тұрақтылық, этносаралық жарасымдылық, келісім, рухани және діни саладағы түсіністік орната білді. Қазақстанның ұлттық саясаттағы моделі мәдениетаралық диалог құруға себін тигізе алады. Қазақстан батыс пен шығыс, ислам дүниесін жақындастыру, диалог алаңын жасау мақсатында жұмыс істеп келеді. Ислам конференциясы ұйымының Ислам ынтымақтастығы болып өзгеруі Қазақстанның осы бағыттағы нәтижелі жұмысын көрсетеді. Бүкіл ғаламдық ой-сана «өркениеттер қақтығысы» емес, «өркениеттер альянсына» ойысқаны абзал. ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі Дудар Жәкенов айтқандай, қазіргі кезде бүкіл дүниежүзінде толеранттылықтың болмауының салдарынан сипаты бойынша әртүрлі, бірақ мағынасы бір әлеуметтік қайшылықтар көп байқалады. Тәжікстан өкілі Исомиддин Салохиддиновтың пікірінше, толеранттылық ұғымы XVII ғасырда Англиядан бастау алып, кейін басқа еуропалық елдерге кең таралған. Ғасырлар бойы толеранттылықтың мәні мен мазмұны айқындала түскен. Былтыр еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы тұсында Елбасы Н.Назарбаевтың Төзімділік пен кемсітпеушілік мәселелері жөнінде ЕҚЫҰ орталығын құруды ұсынуы осы нәзік мәселенің өте өзекті екенін аңғартса керек.
Форумдағы пікірлер:
Людмила Хочиева, Мәжіліс депутаты:
– Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында 20 жылдың ішінде Қазақстан жоғары деңгейге көтерілді. Мұндай жетістікке жету үшін бірнеше ғасыр керек болар еді. Қазақстанда біз бақытты халықпыз, бәріміз бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Осы арада сөзімнің түйіні ретінде бір аңызды айтқым келеді. Бірде жолдың бойында қайыршы кісі садақа тілеп отырады. Бір күні ақ боз ат мінген біреу әлгі қайыршыны сабап тастайды. Қайыршы адам өзіне озбырлық көрсеткен кісіге бақыт тілейді. Сонда қасындағы кісілер қайыршы адамға: «Сіз неге оған бақыт тіледіңіз?Соншалықты төзімді ме едіңіз?» — деп сұрайды. «Егер ол кісі бақытты болса, маған қол көтермейтін еді», — деп жауап беріпті қайыршы. Сол сияқты көптеген келеңсіз жағдайлар біздің бақытсыздығымызға байланысты дер едім.
Халакуйеширази Мохаммадреза Хусейн, Иран-Қазақстан ақпарат орталығының төрағасы, «Қазақстан» қосымша басылымының жауапты редакторы, www.kaziran.com сайтының жетекшісі:
– Қазіргі кезде адамзат қауымдастығына адамның өзі қауіп төндіріп отыр. Ғылыми ашылуларға, тың жаңалықтарға қарамастан, адамдар бір-бірін түсіну, сыйластықта қарым-қатынас мәселесінде кежегеміз кері тартады. Махаббат, достық, қуаныш — адамның ажырамас құндылығы. Қазақстан — ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты үйлестірген мемлекет. Ирандағы қазақ диаспорасы өзінің ұлттық келбетін, салт-дәстүрлерін сақтап келеді, қазақ қыздары ұлттық киімдерін киіп, ана тілінде сөйлейді.