Үкіметтік емес ұйымдар жұмысын қалай дамытамыз?
Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың диалог алаңына айналған Азаматтық форум кеше елордада өз жұмысын бастады. Осымен алтыншы мәрте өткізіліп отырған айтулы шараның басты тақырыбы «Қазақстан-2050» стратегиясы аясындағы азаматтық қоғам және заманауи сын-қатерлер мәселесіне арналып отыр.
Шараға еліміздің барлық аймақтарынан келген ірі үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, орталық мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форумның жалпы отырысында сөз алған Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Асаубайұлы Майлыбаев алқалы жиынға қатысушыларға құттықтау сөзін жолдады. Б.Майлыбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан 2050» стратегиясын жүзеге асыруға азаматтық қоғам сүбелі үлес қосатынын, сонымен қатар стратегияның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуды көздейтін басты міндеті мемлекет пен қоғамнан тең жауапкершілік пен жемісті ынтымақтастық талап ететінін атап өтті.
Дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өткізілетін форумның жылдан-жылға беделі артып келе жатқаны да айқын. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар, яғни сан алуан қоғамдық қорлар мен бірлестіктер әлеуметтік маңызы бар мәселелерге етене араласып, билік басында отырған азаматтарға өз ұсыныстарын жасап келеді. Бұл жолғы жиын барысында да мұндай мәселе тасада қалып қойған жоқ. Мәселен, үкіметтік емес сектордағы біраз жұмыстың мемлекеттік тапсырыс аясында орындалатыны белгілі. Дегенмен онда да бюджет қаржысын тек белгілі бір ұйымдарға ғана тарату «дәстүрі» бар екендігі айтылады. Ал ауылды жерлерге ол қаржы мүлдем жетпей жатады. Оны ресми билік те мойындап отыр.
Астанадағы VI Азаматтық форумның мінберінен сөз сөйлеген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың қызметі тиімділік жағынан арта түсті. Ұйымдардың арқасында мемлекеттік маңызды құжаттар да қабылданып іске асып жатыр. Мәселен, үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс, жергілікті өзін-өзі басқару мен мемлекеттік қызмет туралы заңдар да қоғамдық бірлестіктердің тікелей араласуымен әзірленген болатын. Бүгінгі таңда Қазақстанның азаматтық қоғам тұжырымдамасы да даярланған. Алдағы уақытта Елбасы айқындаған «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асыру саласында да үкіметтік емес ұйымдарға үлкен үміт артылып отыр. Ол үшін қоғамдық ұйымдар мемлекетпен бірлесіп әлеуметтік мәселелерді шешу жұмысына білек сыбана кірісулері шарт. «Олар қоғамдық бақылауды күшейтіп, құқықтық мәдениетті көтеруі тиіс. Осылайша, еліміздің әлеуметтік жаңғыру науқанына өз үлестерін қосуы – басты міндет. Қазірдің өзінде мұндай әріптестік бар. Жыл сайын үкіметтік емес ұйымдар бизнес пен халықаралық ұйымдармен бірлесе көптеген әлеуметтік жобаларды іске асырады. Ол жобалардың сипаты сан алуан. Бірақ оның барлығы бір мақсатты – әлеуметтік мәселелерді шешуді көздейді», – дейді Бақытжан Сағынтаев. Үкімет басшысының орынбасары атап көрсеткендей, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасау деңгейі мемлекеттік орган басшыларының рейтингісіне де әсер етеді. Сондықтан да бүгінгі күні кез келген нормативтік актіні әзірлеу үдерісінде үкіметтік емес ұйымдардың көмегіне жүгініп отыру маңызды. Бұл ғана емес, ЭКСПО-2017, «жасыл экономиканы» дамыту сияқты ұлттық жобаларға қоғамдық бірлестіктер атсалысуы ауадай қажет. Сол себепті мемлекеттік тапсырыстың көлемі де жыл сайын артып келеді. Қазір бұл бағытта сегіз министрлік жұмыс істейді. «Мемлекеттік тапсырыстың аясы кеңейіп, қаладан ауылға дейін жете бастады. Биыл ауылды жерлерде әлеуметтік жобаларды іске асыруға барлық аймақтарда тиісті қаражат көздері қарастырылған. Жалпы, ағымдағы жылы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп қолға алынған жобаларға 6 млрд-тан астам теңге бөлінген болатын. Бұл көрсеткіш қоғамдық ұйымдардың белсенділігіне қарай алдағы уақытта да сақталады. Біз білеміз, мемлекеттік тапсырыс саласында үкіметтік емес ұйымдар сан алуан қиыншылықтарға тап болады. Оның барлығы өз шешімін табатын болады», – дейді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Жақсыгүл МАХАНБЕТОВА, Маңғыстау облыстық альянсының президенті:
– Бүгінде біз азаматтық қоғам институттары ретінде билікке тиісті талаптарды қойып отырмыз. Алайда біз биліктен бұрын, ең әуелі өзімізге тура сондай міндеттерді қоюымыз қажет деп ойлаймын. Әлеуметтік жобалардың нақты нәтижесі қандай, оған кім қатысты, қанша қаржы тартылды деген секілді мәселелер бойынша есеп беруіміз керек. Себебі бүгінде мемлекеттік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдарға бөлінетін бюджет қаржысы ұлғайып келеді. Ал оның тиімділігін ешкім білмейді. Сондықтан біз қоғам алдында есеп беріп, ол арқылы халыққа жақындай түсуіміз керек. Сосын тағы бір мәселе, ол – мемлекеттік тапсырыстың ауылды жерлерге жетпей жатуы. Бүгінде көп жағдайда республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы облыстық деңгейдегі әлеуметтік жобаларға жұмсалады да, ауылға жетпей жатады. Соның салдарынан ауылды жерлерде жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар дамымайды.
Жалпы отырыста Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева, Қазақстан Азаматтық альянсының жетекшісі Нұрлан Ерімбетов, сонымен қатар еліміздегі белді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі.
Форум аясындағы жұмыс сессияларында мемлекет пен үкіметтік емес сектордың өзара әрекеттестігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Пікірталастардың қорытындысы бойынша үкіметтік емес секторды одан әрі дамыту жөніндегі ұсынымдар енгізілген Қазақстанның Азаматтық форумының қорытынды құжаты қабылданды.