Ұлт тарихына ұлы бетбұрыс басталды
Кезінде ғұлама ғалым, тарихшы Лев Гумилев қазақтарды «пассионар халық» деп атап, олар өзінің соңынан көптеген ұлт пен ұлыстарды жетелейтінін айтқан еді. Сол кезде қазақ халқы дамудың шырқау шыңына жетуі тиіс. Ғалымның бұл болжамына негіз болатын бастама кеше оның өз атындағы Еуразия ұлттық университетінде көтерілді. Ол жерде Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің және еліміздің алдыңғы қатарлы тарихшылар қауымының қатысуымен Қазақстан тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының алғашқы отырысы өтіп, қазақтың төл тарихын жаңаша жазудың негізгі мақсат-міндеттері айқындалды.
Қазіргі тарихшының міндеті қандай?
Мемлекеттік хатшы атап көрсеткендей, бүгінгі жаһандану жағдайында қазақ ұлтының бірегей болмысын сақтап қана қоймай, халқымыздың мәдени «коды»: тілі, руханияты, салт-дәстүрі және мәдениетін шыңдай түсу керек. Әлбетте, осы уақытқа дейін ел ғалымдары кәсіби еркіндікке ие болып, тарихтың ақтандақ беттерін ашуға мүмкіндік алды. Қазақстанның көптеген жоғары оқу орындарында тарихшы мамандар даярланады. Олар сан алуан ғылыми қауымдастықтар аясында жұмыс істеп келеді. Былайша айтқанда, бізде тарих бойынша ғылыми әлеует бар сияқты. Дегенмен бүгінгі заман ағымы тарих ғылымына жаңаша көзқарас тұрғысынан қарауды талап етіп отыр. «Қазіргі тарихшы ұлттық тарихты қайдағы бір әмбебап заңдылықтардың қасаң қалыптарына салмауы шарт. Ол ұлт тарихының бірегей әрі жанды «ағзасының» қалайша дамитынын жете түсінуі тиіс.
Зиябек Қабылдинов, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Бүгін тарих мәселесіне қатысты жақсы әңгіме болды. Билік тарихшылармен кездесіп, егемендіктің 22 жылында осы салада қандай өзгерістер болды және тәуелсіз елдің жаңа тарихы қалай жазылуы тиіс деген аса өзекті жайттар қозғалды. Тарихшылар тарапынан жақсы ұсыныстар да айтылды. Бұл тұста Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің қорытынды сөзінде айтқан пікірлері мен айқындап берген бағыт-бағдарлар ерекше назар аударарлық деп ойлаймын. Бұл жиын іс жүзінде биліктің ұлт тарихына бетбұрыс жасағанын көрсетті. Тарихқа қатысты келелі ой қозғап, мемлекеттік биліктің жоғары деңгейінде осылайша назар аудару бұған дейін болмаған еді. Сондықтан мұнда айтылған пікірлер мен ұсыныстар сөз жүзінде қалмай іске асырылса, бұдан ары қарай да осылай болуы қадағаланса деймін.
Нәбижан Мұхамедханұлы, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тарихшылардың қазіргі міндеті, болашақта не істеуі керек, тарихты қандай тұжырымдамада қарастырып, қандай әдістеме қолдануы қажет деген бағытта айтқан пікірлерінің барлығы біздер үшін тарихты зерттеуде басшылыққа алатын ұстанымдар деп есептеймін. Бүгінгі жиыннан кейін мен Тәуелсіздіктің 20 жылынан бері қарайғы тарих ғылымы қазір бір өрлеу кезеңіне аяқ басты деп айта аламын. Демек, бұл жиын тарихшыларға шабыт береді. Біздің ұлттық тарихымыз жаңа деңгейде, халықаралық өреде қазіргі өркениет, мәдениет тұрғысынан жазылады деп сенемін. Оған тарихшылардың мүмкіндігі де, материалдық-кадрлық даярлықтары да бар. Сондықтан мемлекет тұрғысынан бүгінгідей қолдау тарих ғылымының жаңа көкжиегін ашып отыр.
Қаржаубай Сартқожаұлы, түрколог, филология ғылымының докторы:
– Ұлттық тарихты зерделеуге байланысты бүгінгідей жиналыс Тәуелсіз Қазақстанның тарихында болмаған. Қазақ тарихы дегеніміз – қазақ халқының тағдыры деген сөз. Мына көршілес Қытай мемлекеті қытайдың 25 династиясының тарихын білмейтін адамды үкіметтік лауазымды қызметке қоймайды. Бүгінгі шараның ауанына қарап біз де сондай жағдайға келетін шығармыз деп ойлап отырмын. Өйткені ұлттық тарихты көтеру дегеніңіз – Қазақ ұлтын көтеру! Ұлттық тарихын, тілін білмейінше, елін басқарып, экономикасын жүргізу мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі жиналыс керемет жиналыс болды. Бұл – тек қана тарихшылардың жиналысы емес, Қазақ халқының келешегіне жол ашқан аса маңызды жиналыс болды деп бағалаймын.
Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Осы Тәуелсіздіктің 22 жылдық тарихында отандық тарих турасында күткен әңгімеміздің бірі осы болатын. Мемлекеттік хатшы бүгін отандық тарихты зерттеу мен оқытудың іргелі мәселелерін қозғады деп санаймын. Мемлекеттік хатшы тарихты зерттеудің методологиясымен бірге оның тілі де өзгеруі тиістігін айтты. Дұрыс қойылған нәрсе. Сонымен қатар ұлт тарихын соңғы бес ғасырмен шектеу дұрыс еместігін, ұлттық тарихтың тамыры ар жақта жатқанын айтып, оған әлемдік контексте қарау, жасық ойлар мен жасық тұжырымдардан арылту қажеттігін алға тартты. Өкінішке қарай, біздің ұлттық тарихымызда жасық ойлар мен тұжырымдар қаптап жүр. Біз көп жағдайда ресейлік методологияға, еуроцентристік көзқарасқа тәуелді болып келдік. Мұндай ескі тұжырым, ұстаныммен біз жаңа тарихты жаза алмаймыз. Жаңа тарихты жазу үшін жаңаша, тың әрі тәуелсіз ұстаным керек. Мемлекеттік хатшы осы тұрғыдан жақсы бағыт-бағдар көрсетті. Тағы бір көңіл аударатын нәрсе – ұлттық тарих, мейлі ол зерттеу болсын, оқыту болсын, мемлекеттік мәртебеге лайық болуы керек. Яғни лайықты дәрежеде зерттеліп, лайықты дәрежеде оқытылуы тиіс. Мұны да М. Тәжин мырза қорытынды сөзінде атап айтты.
Бүгінде қазақ тарихының әдебиет пен мұрағат дереккөздеріне негізделмей тұрғанын ашық айтумыз қажет. Еуроцентризммен әбден уланған шетелдік көпестердің, барлаушылардың, әскери адамдардың немесе географтардың қазақ тарихы туралы жазбаларына сыни талдаусыз, сөзсіз ақиқат деп қарауға бола ма? Біз ол дереккөздердің бәрін байыпты түрде қайта пайымдауға, бүгінгі ғылымның биігінен қарағанда олардың көбіне-көп қазіргі үлгі-қалыптар бойынша ешқандай сын көтермейтінін түсінуге тиіспіз. Мәселен, ешбір ғалым бүгінде Англия тарихын Маколейдің немесе Франция тарихын Мишленің еңбектеріне сүйеніп зерттемейді ғой? Қазіргі заманғы социобиология мен антропологияның жетістіктерінен кейін мемлекеттің шығу тарихын Энгельс мәтіндері бойынша оқыту күлкілі болар еді. Былайша айтқанда, бүгін тарих ғылымында ескі әдіс-тәсілдерден бас тартып, зерттеулерді өзге арнада жүргізу үдерісі болып жатыр. Біз ұлттық тарихымызға формациялық көзқарас тұрғысынан қарап, Түркі қағанаттарының бірегей өркениетін ерте феодализм терминдерімен пайымдайтын болсақ, ештеңені де түсіне алмаймыз және қара дүрсін сұлбаны қайталай береміз. Сол сияқты егер қазақтар этногенезін марксистік структурализм аясында қарастырсақ, онда біз кезекті тығырыққа тірелеміз. Себебі ескірген ғылыми тілдің арқасында бүгінгі ғылымның биігіне шыға алмайсың. Сондықтан біздің тарихнамамыздың өзінің әдістемелік және тілдік сипатын барынша өзгерту керек», – дейді М.Тәжин.
Сақтар тарихын кеңінен зерттеу керек
Әлбетте, ұлттың бүгінгі тарихын қайта жазып шығу қиын емес. Оған кейбір сауатсыз тарихшылардың еңбектерін алып қарасақ та жеткілікті. Алайда оны ұлттық тарих деп айта алмаймыз. Себебі онда шындық жоқ. Осыған байланысты Қазақстанның қалыптасқан белесінде біз өз тарихымызды осы заманғы ғылым биігінен пайымдап, оның ұлттық бейнесін қалыптастыруға тиіспіз. Ұлттық тарих тұтас, ал ондағы оқиғалар мен үдерістер бір-бірінің сипатын ашуы шарт. Өкінішке қарай, біздің бұған дейінгі тарихографиямыз тек 500 жылмен ғана шектеліп келген. Шынтуайтында, қазақ ұлтының тарихы, кем дегенде, бірінші ғасырдың екінші жартысына дейін барады. «Қазақстанның қазіргі аумағы, көп жағдайда, қазақ этносын қалыптастырған тайпалардың таралу аймағы деп саналады. Алайда ол тайпалардың XV ғасырда аяқ астынан қалыптаса қалмағаны айдан анық. Қазақ этносының қалыптасуы – талай мыңжылдықтарға созылған үдеріс. Өкінішке қарай, ол жеткілікті деңгейде зерттелмей жатыр. Біздің ғалымдар әлі күнге дейін көне түркілік Дешті Қыпшақ даласындағы ертедегі мемлекеттік құрылымдардың құрылуы мен ыдырауы, түркі-қыпшақ жұртының таралу аймағы, Еуразия топономикасының тарихы және тағы басқа да аса күрделі әрі ауқымды тақырыптарды жаңа көзқарас тұрғысынан қарастырмай келеді. Ал біздің заманымызға дейін III дәуірде біздің жерімізде көшпенділердің алғашқы ірі империясы қалыптасып, көп ұзамай, ол Забайкальеден Тибетке дейін, Орталық Азиядан Хуанхэға дейінгі алып аймаққа ие болған жоқ па?» – деп атап көрсетті М.Тәжин. Осы орайда ол сақ мәдениетін, әсіресе Арал бойын мекендеген массагеттерді, Жетісу жерінде болған тиграхауд-сақтарды және Шығыс Қазақстан мен Алтай жерін мекен еткен аримпастардың тарихын тереңдей зерттеу қажеттігін жеткізді. Қаңлы мен Ғұн дәуірі дербес ғылыми еңбектерді қажет етеді. Ал Ежелгі түркі мемлекеті, Түргеш және Қарлұқ қағанаттарының тарихы басты назарда болуы шарт. Себебі қазақтардың түркілік болмысы сол дәуірден бастау алады. «Соңғы барлық тарихи жәдігерлер, оның ішінде «бірінші Алтын адам» – 70-жылдары Есік қорғанында табылған сақ сарбазы, «екінші Алтын адам» – 1999 жылы Атырау облысында қазылған сармат сарбазы, 2002 жылы Шығыс Қазақстан облысында табылған «үшінші Алтын адам», Берелдегі хан қорымы, сондай-ақ 2011 жылы Қарқаралыда ашылған «бесінші Алтын адам» көне түркілердің тілі, салты мен дәстүрі осы уақытқа дейін көп өзгермегенін көрсетті. Алайда аталған тарихи факті біздің ұлттық этногенезімізді қалпына келтіру үшін ешбір қолданылған жоқ», – дейді Мемлекеттік хатшы.
Қазақстан тарихын әлем тарихының ажырамас бөлігі ретінде көрсету – басты міндет
Бүгінгі тарихшылар алдында тұрған тағы бір маңызды міндеттердің бірі – Шыңғыс хан империясы дәуірінің нақты көрінісін қайта жаңғырту. Мемлекеттік хатшы М. Тәжиннің айтуынша, бүгінде Қазақстан тарихын әлем тарихының ажырамас бөлігі ретінде көрсетіп, оның нақты орнын анықтап алу қажет. Қазіргі Қазақстан мен Орталық Азия аумағында тұрып жатқан жалпы (арғы түркілік) антропологиялық тип пен арғы түркілік тілдік топты қалыптастырудағы рөлі қандай? Олардың Қытай, Рим, Кушан империяларымен, Парфия және басқа да мемлекеттермен өзара саяси-экономикалық және мәдени байланыстары қандай болған? Ұлы Жібек жолының, әсіресе оның Қазақстан аумағы арқылы өтетін бөлігі – Дала жолының дипломатиялық және сауда-экономикалық рөлі неде? Осы ұлы жолдар мәдениеттердің өзара кірігіп, бірін-бірі байытуына Орталық Азия мен Еуразияның басқа да мемлекеттеріне, әсіресе Шығыс елдерінің мәдениеті мен өркениетіне қалайша әсер еткен? Міне, осы сауалдардың төңірегінде ой өрбітіп, еңбек жазған аса маңызды. XII-XIV ғасырлар аралығында Шыңғыс хан мен оның ізбасарлары империясы билік құрған Қазақ даласының тарихы, оның ішінде Алтын Орда және одан кейінгі қазақ хандарының орыс мемлекетімен арадағы қарым-қатынасы да тыс қалмағаны жөн. «Өкінішке қарай, еуроцентризмнің ықпалымен қазіргі тарихта көшпелілер мен отырықшы халықтар арасындағы текетірестерге жиі басымдық беріліп жатады. Түркі-славян тарихы тек соғыс, әскери жеңістер мен жеңілістерден ғана тұрмайды ғой. Бұл, ең алдымен, сан қырлы сауда, саяси, әскери, мәдени байланыстарының тарихы екендігін естен шығармау қажет. Неге екені белгісіз, бүгінде біз мәдениет мен өркениет саласындағы байланыстарымызды назардан тыс қалдырып, екіжақты қақтығыстарға көбірек ден қоямыз», – деген М.Тәжин «бұл адамның кәсіби деңгейін көрсетпейтінін» де еске салды.
Кеңестік «ностальгияға» берілмей, Қазақстанның қазіргі заман тарихын жазу қажет
XX ғасырдағы Қазақстан тарихы. Бұл – ұлттық сана-сезімді аяусыз жаншып-басқан тоталитарлық жүйенің тарихы. Оны да сызып тастауға болмайды. Себебі бұл – ата-бабаларымыздың қанымен жазылған тарих. Әлбетте, кеңес дәуірін көрген Қазақстан азаматтары үшін өмірдің мән-мағынасы болған. Олардың да өзіндік қуанышы, жеңістері мен жетістіктері бар. Оған да құрметпен қарау қажет. Алайда тарихты жазған кезде, «ностальгияға» берілген қауіпті. Оны Мемлекеттік хатшы М.Тәжин де ашық айтып отыр. «Біріншіден, өткен дәуренді дәріптеп отырудың пайдасы жоқ. Баяғы бір тәртіпті аңсай бермей, XX ғасырдағы қиыншылыққа толы тарих туралы ашық айту керек. Сол тәртіптің тұсында миллиондаған ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін біз жақсы білеміз. Сондықтан тоталитарлық мемлекетте ұлт мәселесін шешудің барлық «ғажайып» жолдарын ашып көрсету – қазіргі тарихшылардың парызы. Екіншіден, өткен күнге объективті көзқараспен қарап, XX ғасырдың тарихын барынша таразылап алған жөн. Ол үшін барлық материалдар бар. Оны жан-жақты зерделеп, тиісті шешімдерді жасау қажет. Бірақ асығыс ой-шешімдерге берілмеу керек», – дейді М.Тәжин. Осыдан кейін Қазақстанның қазіргі заман тарихын қолға алу қажет. Біз үшін бұл – жаңа бағыт. Сол себепті ол қоғамдық институт ретінде әлі қалыптаса қойған жоқ. Қазақстан үшін олқылықтың осы бір тұсын тез арада жою маңызды. Тарихтың бұл беті кеңестік жүйенің ыдырауынан басталуы қажет. Ал мемлекеттік менеджмент пен стратегиялық басқару жүйесі, саяси-әлеуметтік үдерістер, қоғамның жаңа әлеуметтік құрылымы, жаһанданудың ұлттық мәдениетке ықпалы, мемлекеттік құрылымның қазақстандық моделі және басқа да көкейкесті тақырыптар Қазақстанның қазіргі заман тарихында қамтылуы шарт. «Егемен еліміздің тарихында үшінші онжылдық басталды. Осы жылдар ішінде, расында да, ғасырларға тең жолдан өттік. Ойымызды жинақтайтын кез жетті. Қазақстанның өтпелі кезеңінің ерекшелігі неде еді, қалыптасқан мемлекет дегеніміз не, нақты Тәуелсіздіктің негізгі белестері қандай, қандай қауіп-қатерлерден өттік, қоғамның экономикалық, саяси және мәдени жүйесі қалай құрылды? Осы сұрақтардың бәріне дәйекті әрі анық жауап беру – тарихшылардың кәсіби қоғамдастығының міндеті. Осы орайда мен Қазақстанның мемлекеттік басқару моделінің негізін қалаушысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін атап өтер едім», – деді М.Тәжин. Осындай келелі мәселелердің басын қайырып, ортаға ой тастаған М.Тәжин Б. Аяған, Х.Әбжан, Б.Байтанаев секілді ғалымдардың пікірлерін тыңдап алғасын, алдағы атқарылар нақты істерге қатысты да қорытынды тұжырымдары мен тапсырмаларын жария етті.
Тарихты оқытудың заманауи жаңа мемлекеттік стандарты қажет
Мемлекеттік хатшының айтуынша, бұл міндеттердің бәрін шешу үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тарихты оқытудың осы заманғы және шын мәніндегі ғылыми біртұтас мемлекеттік стандартын жасау керек. Ол стандарт қазіргі ең заманауи зерттеу тәсілдері мен оқыту әдістеріне негізделуге тиіс. Бұл, әрине, бірінші кезекте жоғары оқу орнындағы, сосын орта мектептегі гуманитарлық білім беру саласындағы оқыту процесін әдіснамалық тұрғыдан қайта құруды қажет етеді. Тарихи білім берудің жаңа мемлекеттік стандартына сәйкес, еліміздің барлық ЖОО-лары мен мектептеріндегі оқу-әдістемелік жоспарларды бөлуді қайта қарау керек болады. Барлық біліктілікті арттырудың арнайы курстарын ЖОО-дағы Қазақстанның ұлттық тарихын оқытушылар үшін – 2014 жылы, орта мектептегі тарих мұғалімдері үшін 2015 жылы өңірлік ЖОО-лар базасында жеке қарастыру керек. Бізге оқыту-әдістемелік процесті іс жүзінде бекіту қажет. «Өйтпеген күнде, мұның бәрі ізгі интеллектуалдық ниет күйінде ғана қала бермек», – деген М.Тәжин алдағы жұмысты бірнеше жүйелі бөлікке бөліп, бағдарды да айқындады.
Ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың орталық буынына айналуы тиіс
Біріншіден, «Мұнда назарды бір қағидалы маңызды нәрсеге аударғым келеді: мемлекеттік жоғары оқу орындары түрлі сылтаулармен Қазақстан тарихы кафедраларын жабуды тоқтатқаны жөн» деген ойын жеткізген Мемлекеттік хатшы Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісіне осы мәселені мониторингілеп, сараптама жасауды тапсырды. «Министр мен ректорлардың осы мәселені бақылауға алуын өтінем, өйткені процесс жүріп жатыр. Оған қоса, ЖОО ректорларының, мен әзірге мемлекеттік оқу орындарын айтып отырмын, бөлінген кредиттерді өз еріктерімен қысқартып тастау деректері бар. Бұл үдеріс болашақта тарихшылар корпусын қалыптастыру ісіне соққы болуы мүмкін. Тарих пәнінен студенттерге бөлінетін квоталар да жылдан -жылға қысқарып келеді. Бұл проблеманы да бірлесіп шешуіміз қажет. Қазақстанның әрбір мемлекеттік жоғары оқу орнында өз алдына дербес Қазақстан тарихы кафедрасы болуы тиіс деп ойлаймын», – деген Мемлекеттік хатшы өзге техникалық мамандықтарды оқыту жүйесіне де тым құрығанда бір семестр Қазақстан тарихын қосу қажеттігін, олай болмаса, елімізде өз тарихын білмейтін білікті инженерлер дайындайтынымызды да алға тартты.
Екіншіден, Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын сапалық жаңа деңгейде жасап шығуға тиіспіз. Бұл тұжырымдама бүкіл әлемдік тарихпен тығыз байланыста болуы, Қазақстанның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олардың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуі тиіс.
Үшіншіден, Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлуге тиіспіз.
Бұл орайда, тарихи артефактілердің (бұл қазіргі заман тарихына да қатысты) барлық негізгі шетелдік қоймаларын ұқыпты зерттеуге, сондай-ақ ол тарихи материалдарды Қазақстанға қайтару мүмкіндігі жөніндегі мәселені қарауға, егер ондай мүмкіндік болмаса – олардың көшірмесін жасатып, болашақта зерттеушілер мен жалпы жұртшылық үшін қолжетімді ету қажет.
Төртіншіден, орталықазиялық номадтық (көшпенді) өркениетті зерттеудің маңыздылығына назар аудару керек. Қазіргі таңда ол өркениеттің сақтаушысы қазақ этносы болып отыр.
Мемлекеттік хатшы бұл тұста Қазақ этносының археологиясын, антропологиясын, этнографиясын, фольклорын, мәдениеті мен дәстүрлерін зерттеуге күш сала отырып, қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағдарламасын дайындауды тапсырды. Сонымен қатар Орталық Азия өңірінің тарихы мен, тұтастай алғанда, жалпы тарих туралы өзіміздің, ұлттық пайым-түсінігімізді қалыптастыра бастау мәселесін қарастыру керектігін де айтты.
Бесінші. Тарих пәні бойынша сапалы оқулықтар даярлау мәселесі. Бүгінгі оқулықтардың көбісі эмпиристік мәліметтер мен даталарға, топонимика мен сандарға, есімдерге тұнып тұр. Мұндай жағдай оқушылардың білімінің артуына емес, керісінше әсер береді. Тәуелсіздік кезеңіне арналған бөлімдер көбіне комментаторлық, кейде тіпті үстірт баяндаушылық сипатқа ие. Сондықтан бүгінгі күннің оқу-тәрбиелік және дүниетанымдық талаптарына жауап беретін, жаңа буынның оқулықтар кешенін жасауға күш жұмылдыру қажет. Жаңа оқулықтар ескі тарихнама әдісінен арылған және әсіре саясиландырылмаған болуы тиіс.
Алтыншы. Ұлттық тарих мәселелері бойынша салиқалық ғылыми пікір-талқы алаңдары құрылуы тиіс. Соған байланысты телеарналар мен радиоларда, газеттер мен интернетте ұлттық тарих мәселелері бойынша платформалар жасалуы қажет.
Мемлекеттік хатшы сондай-ақ Қазақстан тарихы оқулықтарына кез келген сандық форматта кез келген адамның қолы тегін жететін Қазақстан тарихының мамандандырылған веб-порталын құруды тапсырды. Оның сөзінше, бұл веб-портал қазақстандық интернет сегментіндегі тағы бір ағартушылық құралға айнала алады.
Осындай ұлт тарихына қатысты аса өзекті мәселелердің санамалап шыққан М.Тәжин: «Отандық тарихшылар қауымы өздерінің ең басты функциясы – әрбір азаматымыздың бабаларға деген құрметін, елдің қазіргісі мен болашағы үшін өзіне моральдық жауапкершілік алу сезімін, өз мемлекеті мен оның тарихына қатыстылығын қамтамасыз етуді орындауы тиіс. Бұл жұмыста шығармашылық одақтарды, ғылыми-шығармашылық зиялыларды тарту төтенше маңызды деп ойлаймын», – деп түйіндеді сөзін.