Ұлттық алдын алу механизмі деген де болады екен
Тәуелсіз еліміз дамып, өркениетті қоғамға нық қадам басып келеді. Алайда солай бола тұра, көп жағдайда адами құндылықтар мен гуманизацияға көңіл бөле алмай жатамыз. Бұған соңғы жылдары ел тұрғындары тарапынан келіп түсетін шағымдардың артуы дәлел болса керек. Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілге тек өткен жылдың өзінде 1300-ден астам шағым келіп түскен екен. Ауызша келіп түсетін арыздардың саны да бұрнағы жылдармен салыстырғанда 38 пайызға өскен.
Бұл, әрине, жалаң деректерге сүйеніп айтылған дүние емес. Халықаралық деңгейдегі бірнеше ұйымның басын қосып, Астана төрінде «Қазақстандағы ұлттық алдын алу механизмі: қалыптасу және іске асыру мәселелері» атты конференция өткізген адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровтің пікірі. Қалың бұқара әсіресе сот шешімдері мен құқық қорғау органдарының әрекетіне наразы болып жатады. Бұл – соңғы бірнеше жылда байқалып отырған құбылыс. «Өткен жылы адам құқықтарын бұзу бойынша халықтан түскен арыз-шағымдардың саны көбейді. Талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай, азаматтардан келіп түскен шағымдардың басым бөлігі сот және құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне, сондай-ақ тұрғын үй саласындағы тәртіп бұзушылықтарға байланысты», – дейді Шәкіров мырза. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл арыз-шағымдардың көбі Астана, Алматы және Қарағанды қалаларының тұрғындарынан келіп түсіп жататынын атап өтті.
Жиында Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Барыс жылы атқарған жұмыстарының есебі ғана тыңдалған жоқ. «Ұлттық алдын алу механизмі туралы» Заң жобасына қатысты өзекті мәселелері мен халықаралық тәжірибелер де талқыланды. Қазақ елінің осы саладағы жетістігі сөз етілді. Мамандардың айтуынша, адам құқықтарын сақтау және оны дамыту жолындағы іс-әрекеті өткен жылы еліміздің ЕҚЫҰ-на төрағалық еткен кезде ерекше көрініс тапқан. Елімізде адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтауды барынша көздейтін Ұлттық алдын алу механизмі әзірленіп жатыр. «Бұл құжат та БҰҰ-ның зорлық -зомбылықты болдырмау жөніндегі конвенциясына сай дайындалуда. Жоба мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасында біраздан бері талқыланып келеді. Механизм әсіресе бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі азаматтарды азаптауға, олардың құқын таптауға жол бермейді», – дейді Шәкіров.
Азаптауға қарсы демекші, өткен жылы бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі заңсыздықтар біршама азайған. Адам құқы жөніндегі уәкілдің айтуынша, азаптауларға қатысты шағымдар былтыр 3 пайызға кеміген. «Превентивті механизм азаптауларға қарсы қолданылады. Біздің мемлекет азаптауларға қарсы халықаралық конвенцияға қосылған болатын, сондықтан елде осындай механизм болуы керек. Бұл механизмге адам құқы жөніндегі уәкіл мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысады», – деп атап өтті ол.