Ұлттық сананы қалай жаңғыртқан жөн?
Елбасы өз мақаласында рухани жаңғыру мен сананы жаңа сапаға көтерудің жалпы бағытын көрсетті. Енді осы бағдарды қоғам болып талқылап, одан жуық онжылдықтарда не істеуіміз керектігі туралы нақты бағдарламалар құру, бағдарымызды жүйелеу сіз бен біздің, яғни, қоғамның міндеті. Оны да билік жасап береді деп қол қусырып күтіп отырар болсақ, онда санамыздың өзгергені қане? Мүмкіндігінше әр азамат ой түбінде жатқан дүниелерін ортаға салғаны жөн деп ойлаймын. Ұлттық сананы жаңғыртуды жүзеге асыру былайша жүйеленсе дейміз.
Рухани жаңғыру бағыты
Санадағы ескіден арылмай, жаңаны сіңіре алмаймыз. Бұл бағыттың мақсаты – Елбасы айтқандай, бірінші кезекте ұлттық сананы жаңғыртуға, дамуға кері әсері бар әдеттерден арылу. Әрине, арылуға тиісті керітартпа әдеттер қатары аз емес. Алайда дамуымызға кедергі болатын ең бастыларынан бастау қажет.
Біз дамыған мемлекет болғымыз келеді. Қоғамды дамытатын – адам. Олай болса, әр адам ең алдымен неден арылуға тиіс?
ҚҰЛДЫҚ САНА. Ұлттың өзін қандай да басқа ұлттан кем санауы оның батыл дамуына, жаңғыруына жол бермейді. Оны өзін кем санау психологиялық комплексінен арылтудың төте жолы – патриоттық рухын көтеру, жауынгер халық қазақтың, ерлігі мен өрлігін паш ету, бір замандағы үстем ұлттың ұпайын түгендеу үшін жазылған жалған тарихты сақ, ғұн, түркі заманынан бастап қайта жазу, тұмса мәдениетімен, әдебиетімен ұлтты қайта таныстырып, рухын көтеру.
ПАРАҚОРЛЫҚ. Санасын жаңғыртқысы келетін ұлт парақорлықтан арылуға тиіс. Алушының аранын ашатын – берушінің көптігі. Пара беріп мәселе шешу – қалыпты нәрсеге ретінде қабылданатыны, тіпті ұлттық мінезге айналып бара жатқаны қауіпті.
ЖЕМҚОРЛЫҚ. Ұлт санасын жаңғырту – ең алдымен жемқорлықты түп тамырымен жоюдан басталуы керек. Өйткені егер ұлттық жаңғыруға, дамыған елдер қатарына ене алмауымызға бір кедергі алдымыздан шығар болса, ол – жемқорлық. Әрине, билік жемқорлықпен күреспей қарап отырған жоқ. Сол күрестің нәтижесінде небір жоғары лауазымды, шенді шенеуніктердің арамнан жиған дүниесі тәркіленіп, әділ жазасын алуда. Алайда жемқорлықтың себеп-салдарымен күрескенімізбен, оны санадан түп тамырымен суырып алып тастадық деп айта алмаймыз. Жемқорлық сүйексіңді болып барады.
ЖАҒЫМПАЗДЫҚ. Қоғамдағы белді азаматтарды, әсіресе мемлекеттік қызметтегі шенеуніктерді көтере мақтау мен жағымпаздыққа толы мадақнамаларды тыю қажет. Олай болмайынша, күні ертең жастардың, мектеп оқушыларының арасынан, ертеңгі күннің жағымпаздары қаулап өсіп шығатын болады. Имидж, пиар деген мәселе сауатты жасалуға тиіс. Жағымпаздықтан арылып, санамызды саналы, сапалы тұлғалар тәрбиелеу – болашақтың басты мақсаты.
«Ұлттық жаңғыру» оқу – ағарту бағыты
Мақсаты – жаңа заманғы ұлтымыз эволюциялық жолмен дамуы, бәсекеге қабілетті болуы үшін нені үйренуі керектігі туралы оқу-ағарту жұмыстарын жүргізу. «Ұлттық жаңғыру» оқу ағарту бағдарлама ретінде құрылса құба құп. Онда жастарды ғылыми технологиялық даму мен инновациялық бастамашылдыққа, бәсекеге қабілеттілікке баули отырып, олардың ұлтына қарамастан, санасына мемлекетшілдік, ұлтжандылық, отаншылдық, бір сөзбен, «Бір ел – бір ұлт» рухын егу мүмкін болар еді.
«Құндылықтарды құнттау» бағыты
Бұл бағдардың мақсаты – бүкіл ұлттық құндылықтарды қайта түлету. Оның ішіне бізді өзге ұлттан ерекшелендіретін, ұлттың өзіне тән салт-дәстүр, ұлттық мінез, тарих және тарихи мұрағаттар, тіл, дін, діл, мәдени, рухани өнер (ән, терме, жыр, қиса , күй, айтыс), қолөнер (зергерлік, ұсталық, ағаш кесте, тоқыма, тері өңдеу), ұлттық спорт, ұлттық әдебиет, кино, тағы да басқа құндылықтарды жаңғырту. Алайда жаңғырту деген оны реформалау, өзгерту емес. Мүмкіндігінше ұлттық құндылықтар әуелгі тұмса қалпын сақтаса, ол соншалықты құнды.
Көшірінді дүниелерді келер ұрпақ «өзімнің төл руханиятым екен» деп қабылдап, ұлттық руханият солардың көлеңкесінде қалмауға тиіс. Қазірдің өзінде осы үрдіс байқалады.
Кеше Димаштың өзі Қытайдағы халықаралық байқауда халық әні «Дайдидауды» айтты, домбырасын тартты, таңқалдырды, табындырды. Анау жылдары Тасқын есімді азамат қазақтың халық әні «Дударайды» айтып бүкіл қытайды жылатқан, тәнті еткен.
Тереңіне үңіле білсек, терме – ақылдың кені, философия, айтыс – ақиқаттың жаршысы, жыр, қисса – тұнған тарих, күй – теңдесі жоқ саз. Әрқайсысының өз орны бар.
Ұлттық – өнім, ұлттық бренд
Үндінің шайы, француздың иіс суы, түркіменнің кілемі немесе ақалтеке жылқысы, қытайдың жібегі сияқты қазақтың ұлттық бренді бола алатын, олардың нарығында, сөресінде жоқ ұлттық өнімдермен енудің орны ерекше. Мәселен, академик Т.Шармановтың жолымен бие сүтінен қымыздан бастап, балалар тамағы, балмұздаққа, тіпті косметикаға дейін шығару арқылы. Құрт, шұбат, жылқы еті, тағы басқа шетелдіктерге таңсық тағамдарға сұраныс болуы мүмкін.
Бұл орайда ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртудың да маңызы ерекше. Киізден, теріден, сүйектен жасалатын бұйымдар әлемде қатты қызығушылық туғызады. Сондай-ақ текемет, ши тоқу, ою салу, зергерлік бұйымдарды жасауды қайта жаңғырту қажет. Бұл біріншіден, алушыны өзінің табиғилығымен, ұлттық ерекшелігімен тартады, сұраныс пайда болады. Екіншіден, қолөнердің, шағын өнеркәсіптің дамуына сеп болады.
«Жаңғырған БАҚ – сана жаңғыруының қозғаушы күші»
«Озық технология – озық ұлт» және «Адам капиталы» инновациялық даму бағдарларына тоқталмадық. Өйткені бұл туралы Президенттің үшінші жаңғыру туралы Жолдауында айтылды, талқыланды, біраз мәселелер қолға алынды.
Ендігі әңгімені сананың жаңғыруындағы, демократияны дамытудағы БАҚ-тың орны, идеология құралы ретіндегі рөлі, адам психологиясына әсері туралы өрбітейік.
Жалпы, сананы жаңғыртуды ақпарат саласынан бастау керек. Өйткені бүгінгінің үлкен-кішісін БАҚ (телеарналар, баспасөз, әлеуметтік желілер) тәрбиелейді. Жаманды да, жақсыны да солардан естиді, көреді, бойына сіңіреді.
Сананың жаңғыруына БАҚ-тың әсері туралы айтқанда, БАҚ-тың ақпарат тарату қызметінен бөлек, идеялогиялық функциясына да ерекше мән берілуі қажет.
Бүгінгі күні мән – мағынасыз көшірінді теледодалар, ұлттың ділін бұзатын үнді мен түріктің немесе атыс-шабыстан тұратын батыс пен Ресейдің фильмдерінен эфир босамайды. Солардың идеологиясы санаға сіңіріліп, менталитеті ұлттық мінезді алмастыра бастады. Тележобалардың да басым бөлігі көшірінді. Осы қажетсіз дүниелердің орнын біз жоғарыда айтқан ұлттың ұлы тұлғалары туралы, фильмдер, өзіміздің төл руханиятты насихаттайтын телебағдарламаларымыз жабуға тиіс.
«Конструктивті сын – даму кепілі» бағдары
Объективті сын бар жерде – даму бар. Егер байқасаңыз қазір сын жоққа тән. Әр жерде мәу деп қалатын репликалар туралы айтып отырған жоқпын. Кәдімгі сапалы, профессионалдық сын. Қаймықпай шындықты айта білетін санасы азат ұрпақ өсуі және соған лайық, бұлтартпас шындықты мойындап, сөзге тоқтай білетін билік тәрбиелеу – демократиялық елге тән қасиет. Яғни, билік даму жолын бетке алған екен, сынды мемлекеттік деңгейге қоюы тиіс.
Рухани жаңғыру тақырыбы актуалды болып тұрғандықтан, әуелі әдебиет сынын көтеру маңызды.
Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның назарына төмендегі мәселелелерді ескеруді ұсынғым келеді.
1. Ғылыми технологиялық даму мен инновациялық бастамашылдыққа баули отырып, келер ұрпақ жаһандану ұйығына жұтылып кетпес үшін олардың санасына мемлекетшілдік, ұлтжандылық, отаншылдық рухын егу мақсатында «Ұлттық жаңғыру» оқу ағарту бағдарламасы құрылса;
– Осы бағдарлама аясында барлық мектептерде парақорлықтан, жемқорлықтан, жағымпаздықтан, тағы да басқа ұлтты кері тартатын әдеттерден тыйылу тұрғысында арнайы «Ұлттық жаңғыру» пәні енгізілсе;
– «Ұлттық жаңғыру» пәніне балабақшадан жоғары оқу орындарына дейін жас ерекшелігі ескерілген оқулықтар шығарылуы қолға алынса;
2. Батырларымыз бен ақындарымызды, ұлттық тұлғаларымызды барлық аймақта бірдей насихатталуы үшін барлық ірі қалаларда, аудан орталықтарында, тіпті ауылдарда бас алаңдарда немесе парктерде батырлар мен тұлғалардың суреттері ілінген «Ұлттың ұлы тұлғалары» аллеясы ашылса;
3. Сананы жаңғырту, ұлттық құндылыққа қайта оралуда киноның орны ерекше. Сондықтан
ең алдымен «Қобланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Ер Төстік» сияқты эпостық шығармалар желісінде мультфильмдер түсірілуі және хандарымыз бен Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Наурызбай, тағы да басқа айбынды батырларымыз туралы көп сериялы патриоттық кинолар түсірілсе;
4. Ұлттық нақыштағы жаңа ән мен күй шығаратын композиторлардың жаңа легін тәрбиелеу қолға алынып, жыл сайын олардың арасында ең жақсы шығармаға бәйге жарияланып отырса, «Ұлт рухы» наградасы белгіленсе;
5. Бүкіл ел көлемінде «Ұлттық – өнім, ұлттық бренд» патриоттық бастамасы қолға алынып, бағдарлама түзіліп, қымыз, шұбат, тағы да басқа ұлттық тағамдарды заманға лайық өңдеу, консервілеу, сондай-ақ ұлттық қолөнерді қайта жаңғырту қолға алынса, жасалған тауарларды әлемдік нарыққа шығарудың бағдарламасы жасалса;
6. Ұлттық руханиятты көтерудің ең үлкен қозғаушы күші болып табылатын әдебиет, театр, музыка, кино сыны қайта түлетілсе және тележобалар жұмысына талдау жасап, сынға алып отыратын тәуелсіз кеңес құрылса;
7. Ақпарат саласының жұмысы ұлттық сананы жаңырту мен рухани жаңғыруға орайластыра қайта құрылса және барлық тележобалар мен түсірілетін сериалдардың ұлттық менталитетке лайықты болуы және берері болуын басты мақсат етіп алынса. Телеарналарда рухани, танымдық, кәсіпке баулитын, интеллектуалдық хабарлар қатарын көбейту мақсатты түрде қолға алынса;
8. Ұлттың патриоттық сезімін көтеру мақсатында Астана төріне, қаладағы ең биік ғимараттардан да биік әрі көлемі кемі бір шақырымды алып жататындай етіп қанатты жолбарыс үстінде тұрған Алтын адам бейнесіндегі ескерткіш-ғимарат кешені салынса;
9. Барлық ірі қалаларда неше жүздеген киіз үйлер тігіліп, этно-ауылдар ұйымдастырылып, онда қазақтың салт-дәстүрі, қолөнері, руханияты насихатталса. Этно ауыл қысы-жазы үздіксіз жұмыс істеуі үшін қазіргі сауда орталықтары тәрізді бірнеше қабат арнайы жабық ғимараттар ішінде орналастырылса.
Техника мен технологияның, роботтандырудың, жасанды интеллектінің заманында ұлттық құндылықтардың жұтылып кетуі оп-оңай. Техникалық дамуды қуып жетеміз деп аласұрған адамзат сол дамуға жетекші болып тұрған елдің мәдениеті мен болмысына қалай сіңіп жоғалып кеткенін білмей қалады. Ұлттың рухани деградацияға ұшырамаудың басты жолы – ұлтқа тән пішінімізді, рухани, мәдени ерекшелігімізді, ұлттық мінезімізді тұмса қалпында сақтай отырып даму болмақ.
Әділбек ҚАБА