Үнді сериалдары ұлттық болмысымызды бұзып барады

Үнді сериалдары ұлттық болмысымызды бұзып барады

Бір кездері телеарналарда түрік сериалдары қаптағанда, ол сериалдардағы интрига, меланхолия және трагедияның мөлшерден асып кеткендігін айтып, қайраткерлер Мәжілісте мәселе көтерген. Мұның бәрі халықтың рухани дамуына кері әсерін тигізетінін, «келешек үшін үлкен қауіп туғанын» айтып, шырылдаған еді.

«Ащы ішектей созылған сериалдардың ақыры неге апарады?» деп бұған дейін де жазғанбыз. Кез келген елдің сериалы сол елдің мүддесін қозғайтынын да сөз еттік.
Үндінің сериалы – үндінің құндылығын, қытайдың сериалы – қытайдың мәдениетін, корейдің сериалы – кәрістің мүддесін қорғайтынын да айтқан едік. Алайда, өзге елдің құндылығын насихаттауға мүдделі арналарға әлі тыйым болмай тұр. Ұлттық құндылықтарды ойлағысы келмейтін арналарға үндінің мәдениеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі көбірек ұнайтын секілді.
Қазақ телеарналары өзге елдің сериалдарын насихаттауға құмар-ақ делік. Әрі өзге елдің өнімі қазақ арналарында көрсетілмесін деген тыйым да жоқ. Дегенмен, телеарнаның, оның ішінде сериалдардың адам факторына әсері қандай? Зияны қандай, пайдасы қандай деген мәселелерге тоқталуды жөн көрдік.
Көзді ғана емес, көңілді де үркітіп біткен бүгінгі жаһандану заманында басты тәрбие құралы не? Әрине, телеарна. Қолымызда бар бүкіл тәрбие құралдарының тетігі оң бағытқа қызмет етпесе, ұтыларымыз хақ. Ұлт ұрпағының тәрбиесіне тікелей ықпал ететін телеарналардың ұлттық тәрбиеге кері әсерін тигізуі де көңілімізге селкеу түсіріп келеді. Кейде арналарымыз ұлттық құндылықтарымызды емес, өзге елдің мүддесін қозғап жүргендей әсер қалдырады.
Қазір екінің бірі ұлттың тарихын білмеуі мүмкін. Есесіне, Анандидің тағдырын жақсы біледі. Жақсы білетіні соншалық, Анандимен өмірі біте қабысып, бірге өмір сүріп келеді. Проблемасы жетерлік: күнделікті ас-суын айыра алмай отырса да, сериалға телміруге мәжбүр. Психологтар мұны дерт санайды. Яғни сериалдың ескірткіден айырмасы шамалы. Ол да сені еріксіз мәжбүрлейді. Өзіне басыбайлы етеді. Анандидің бір сериясын өткізіп алса, екінші күні ауырып қалатын апаларымыз көбейді.
Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де жиі талқыға салынады. Мәселен, елге белгілі бір журналист өзінің жеке парақшасында: «Өткенде бір құдағиымыз қан қысымы кенеттен көтеріліп, құлап қалыпты деп естідік. Тіпті қан қысымы ми тамырларын зақымдап, бір қолы жансыз болып қалыпты. «Ойбай-ау, дені-қарны сау, кеше ғана шауып жүрген кісі емес пе еді? Бұған аяқ асты не боп қалды?» деп таңданып, хал-жағдайын сұрастық. Сөйтсек, құдағиымыздың қан қысымының көтерілуіне сериал себеп болыпты. Құдағи әдеттегідей Ичаны тамашалап отырған. (Ича – сериалдың кейіпкері). Ича көлік апатына ұшыраған сәтте, құдағиымыз да бірге құлап бара жатыр дейді. Сериалға қатты беріліп кетсе керек» деп жазады.
Жуырда ғана ғаламтордан бір әженің Ичаны (әлгі кейіпкерді) жоқтап, «бейшара, бала-шағасының қызығын көре алмай кетті» деп жылағанының да куәсі болғанбыз. Бірін құлатып, мүгедек етсе, бірін зар жылатқан бұл сериалдың құдіреті не? Айдаладағы үнді қызының (оның өзі сериалдың кейіпкері) мұңына қайғырған көңілшек әжелердің бұл тірлігі – ерсілік пе, әлде көңілшектік пе?! Мүмкін, жүйке жұқартудың жаңа тәсілі шығар.
Психологтар не дейді? «Телевидениенің, болмаса кез келген ақпараттың барлығы, мультфильм, кино, сериал болсын, адамға беретін тәрбиелік мәні болуы шарт. Сол арқылы адам кейде түзу шешім қабылдайды».
Демек, сериалдағы ұрыс-керіс, жанжал, ата-ананың балалармен қарым-қатынасы, ене мен келіннің арасындағы шиеленіс, ағайындылардың бір-бірімен алакөзденуі, әпкенің сіңлінің отбасына ортақтасуы (керісінше де болуы ғажап емес), күйеу бала мен балдыздың арасындағы махаббат хикаялары және тағы басқа сериалдардағы түрлі «ғажайыптардың» адам өміріне әсері болмауы мүмкін емес. Әсері болмаса, орыс психологтары неге балаларға ерте бастан сериал көрсетудің зиянын айтып, байбалам салады?
Бір кездері телеарналарда түрік сериалдары қаптағанда, ол сериалдардағы интрига, меланхолия және трагедияның мөлшерден асып кеткендігін айтып, қайраткерлер Мәжілісте мәселе көтерген. Мұның бәрі халықтың рухани дамуына кері әсерін тигізетінін, «келешек үшін үлкен қауіп туғанын» айтып, шырылдаған еді. Қоғам қайраткерлерінің байбаламы түрік сериалдарына тыйым жасағанымен, оның орнын үнді сериалдары басты.
«Әсіре қызыл тез оңар» деген, бала телеарнадан көргенін қабылдайды. Әрі баланың санасын улаудың жолы оңай боп тұр. Ащы ішектей созылған сериалдардың адам баласына кері әсерін тигізетін бірнеше факторы бар:
Ең алдымен, ұлттық идеологияға әсері. Үнді сериалдары үнді мүддесін көздейтіні белгілі. Болливудтың кез келген фильмі өз ұлтының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен алыс кетпейді. Ұлттық бояуы қанық киімдері мен дәстүрлі музыкасын, ұлттық биін, салтын насихаттауды бірінші кезекке қояды. Бізде қалай? Үнді сериалдары көрсетіле бастағалы бері, қазақ көрермендері керісінше, үнді болуға айналды. Үндінің киімдерін иыққа іле бастадық.
Екіншіден, сериалдағы қандай факторлар адамдарға қаншалықты әсер етеді деген сауалға жауап іздегендер мынадай қорытынды шығарыпты: 21 пайыз адамдар қастандық жасауды үйренсе, 14 пайызы меланхолияға шалдығады. Сериалдың музыкасының адамдарға әсер етуі – 26 пайыз болса, сценарийдің әсер етуі – 6 пайыз ғана екен.
Әдетте, кино дегеніміз – идеология деп жатамыз. Сол киноларды күнделікті көрсететін – телеарналар. Қазақстан телеарналары тәуелсіз еліміздің идеологиясына қызмет етуге тиісті емес пе? Осы орайда бір қисынды сұрақтың төбесі қылтимай тұрмайды. Қазақстан телеарналарына рейтинг қымбат па? Ел мен мемлекет қымбат па? Өкінішке қарай, қазір рейтинг көрсеткіштерін қуу белең алды. Соның салдарынан еліміздің жастарына патриоттық тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, қазақтық қалпымыздың құндылықтарын кеңінен насихаттау, елдік және мемлекеттік рухты өрлету секілді маңызды мәселелер сол рейтингтердің тасасында қалып қойды. Сонда еліміздің Тәуелсіздігін баянды етуге қызмет етпеген телеарналарды мемлекет тарапынан қаржыландыру қажет пе өзі деген өткір сауал туындайды.
Қазір барлық телеарналарда Үндістанның арзанқолды сериалдары кеңінен көрсетіліп жатыр. Телеарна басшылары Еуропа мен Американың озық фильмдерін сатып алып көрсетуге келгенде қаржы аяйды, одан да түріктің, кәрістің, үндістің арзан киноларын прокаттау әлдеқайда оңай әрі жеңіл. Енді мұның артында қандай «батпан құйрықтың» жатқанын бағамдап көрейік. Үнді фильмдеріне біздің жастарымыз тез ұйиды. Тез еліктейді. Қазіргі таңда кришнаизмге кіріп кеткен жастар аз емес. Үнді сериалдарын ұдайы көру адамның, әсіресе он екіде буыны бекімеген, бұғанасы қатпаған жас ұрпақтың санасын жаулап алатыны белгілі. Сонда біз өзге елдің діні мен ділін өз ұрпағымыздың бойына мықтап сіңіріп жатқан жоқпыз ба? Осыны ойлаған телеарна басшылары бар ма екен? Күні ертең Қазақстан жастарының белгілі бір буыны кришнаизмге топырлап кіріп жатса кімді кінәлаймыз? Алысқа бармай-ақ, кәрістерді алайық. Оңтүстік Корея бұл күнде протестанттық ағымға толық ден қойды. Олар өздерінің ежелгі діни ұстанымынан тез айырылып қалды. Ал осыған сол елдегі телеарналар тікелей ықпал етпеді деп айта аламыз ба? Сол кәріс сериалдарын қызыға тамашалап отырған қазақ жастары діни ұстанымдарын өзгертіп жатса, қайтеміз?
Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ, журналист:
– Кино – адамның санасына мықты әсер ететін идеологиялық құрал. Қыруар ақшаға сатып алып, үнді сериалдарын көрсету арқылы біз өзге елдің салт-дәстүрін, болмысын насихаттап қана қоймай, адамдардың денсаулықтарына нұқсан келтіріп жатырмыз. Нақтырақ айтқанда, бұқараға бірте-бірте әсер етіп, тәуелділікке әкелетін у беріп жатырмыз. Брежневтің патшалық құрған тұсында кез келген киноның әр эпизодында арақ ішуді көрсетіп, насихаттау арқылы идеология тұтас бір ұрпақты араққұмар етіп шығарды. Соның зардабын кейінірек бүкіл қоғам тартты. Әлі де тартып келеді. Әлі де ішімдік пен темекіні саудаға кеңінен шығару үшін алпауыт кәсіпкерлер аямай қаржы құйып, бұқаралық ақпарат құралдарында жымын білдірмей насихаттап жүргені жасырын емес.
Сондай-ақ мына отандық телеарналардағы ойдан шығарылған, ертегіге ұқсас бітіп болмайтын «Келін», «Қыз ғұмыры», «Сүйген жар» тағы да басқа сериалдар арқылы адамдардың алтын уақыттары ұрланып, санасы тұманданып жатыр. Бұлай дейтін себебіміз, мұнда да отбасы мүшелері арасындағы бір-біріне деген өшпенділік, аяқтан шалу, кек алу, апалы-сіңілі қыздардың бір-бірінің махабаттарына опасыздық жасауы, тағы да толып жатқан адами құндылықтарға жат дүниелер насихатталады. Сол арқылы халықтық қалпымыз бен ұлттық болмысымызға нұқсан келуде.
Осы сериалдардағы өзге діннің шылауында жүрген адамдардың ойлау қабілеті, таным-түсінігі, өмірді қабылдауы бізге қарағанда өзгеше болғандықтан, фильмдердің сенімсіз тұстары көп. «Осының бәрін адамдарға үзбей көрсету – зорлап қабылдату болып шықпай ма?» деген ой мазалайды.
Сондықтан өзге елдің қымбат дүниелеріне қаржы шығарып, босқа шығынданғанша, өзіміздің отандық сериалдарды неге көбірек көрсетпеске деп ойлаймын. Кейінгі кезде бізде де жақсы-жақсы кинотуындылар өмірге келіп жатыр. Болмаса, киногерлерімізге халықтың көңілінен шығатын фильмдер жасауына жағдай жасауымыз керек. Сонда ғана көсегеміз көгереріне күмән жоқ.

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ, жазушы:
– Қазіргі үнді телехикаялары адамның жүйке-жүйесін зақымдап, тез ашуланшақ, қызба ғып жібереді. Себебі, үнді телехикаяларында әділетсіздік шектен тыс, жауыздық әркез жеңіске жетеді, ал әділ, таза, шыншыл кейіпкерлері иегінің астындағыны көрмейтін ынжық, ез, әлжуаз, кім не айтса соған сенетін, бір сөзбен айтқанда мүмкіндігі шектеулі адам. Жауыз, сұрқия кейіпкерлері ойларына келгенін іске асырып жүре береді. Яғни ақ пен қараның балансы жоқ. Көрерменді үміттендіріп, серпілтіп отыру да керек қой. Осыны үнемі көрген адам қаны көтеріліп, ашуланып, ызаланбағанда қайтеді?! Жүйкеге үлкен салмақ. Осы телехикаялардың көрерменнің жүйке-жүйесіне, денсаулығына тигізіп жатқан кесірін бір психолог талдап айтып берсе, дұрыс болар еді.
Түйін: Сиырдың ащы ішегіндей созылмалы сериалдар қазақ қоғамын теріс бағытқа бұрып жіберді. Мемлекеттік тұрғыда ақпараттық қауіпсіздік мәселесін жедел қайта қараудың қажеттігі білініп тұр. Ал әзірге шұбалаң сериалдар Қазақстан арналарын жаулап алды. Ұлттық қасиеттеріміз бен құндылықтарымыз қолжаулық бола бере ме? Мұның шешімі табылатын күн қашан туар екен?!.

aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста