ҰҚК неден ұтып, неден ұтылып жүр?
13 шілдеде Қазақстанның көрінбейтін майдан шебіндегі Штирлицтері, Рихард Зоргелері, Альфред Редльдері қызмет ететін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 17 жыл толды. 1992 жылы 13 шілдеде Елбасы Жарлығымен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып қайта құрылған болатын.
КГБ-дан ҰҚК-ге дейін...
Кеңес заманында атын атауға қорқатын НКВД, ОГПУ, МГБ, КГБ құрылымдары мемлекеттік мүддені желеу етіп, тоталитарлық жүйеге қызмет етті. Әсіресе, НКВД мен ОГПУ сырттағы жауларынан гөрі елдегі азаматтарға көбірек зардап шектірді. Кеңес заманында Берия бастаған чекистердің қанды қырғыны тарихтың қайғылы беттеріне айналды. Дегенмен кәсіби жағынан салыстырғанда, АҚШ-тың барлау қызметі КСРО-ның КГБ жүйесінің қасында жіп есе алмайтын. КГБ-нің болмысы Ресейде сақталып қалғандай. Қазіргі Ресейдегі билік тұтқасының 77 пайызын «үш әріп» өкілдері құрайды екен. 1991 жылы 22 қазанда КГБ-нің күні бітіп, өзге тәуелсіз мемлекеттермен бірге Қазақстан да өзінің ұлттық қауіпсіздігінің кепілі – ҰҚК-ны құрды. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік жүйесі де – кешегі аңызға айналған КГБ жүйесінің үздік жетістіктерін еншілеген құзырлы орган. ҰҚК-ның алдында мемлекеттілікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері тұрды. Қазақстанның озық техникамен жарақтандырылған ұлттық қауіпсіздік органдары ТМД бойынша ең таңдаулылардың қатарынан саналады. ҰҚК Әскери институтының 70 жылдық тарихында оның 40 түлегі мен бес қызметкері Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Президенттің күзет қызметі, «Арыстан» арнайы қызметінің өкілдері ТМД шеңберіндегі жарыстарда талай рет топ жарып, кәсіби шеберліктерін паш етіп келеді.
Құпия қызметке қырағылық қажет
Дегенмен анық жайлармен бірге қамықтыратын жайлар да жоқ емес. Атынан ат үркетін құрылымның қызметін айқындап алмай, тіпті ұсақтатып жүрген сықылдымыз. Жылда өтетін Ұлттық бірыңғай тестідегі дұрыс жауаптарды мемлекеттік құпия деңгейіне жеткізіп, бұдан басқа жұмысы қалмағандай, оған ҰҚК қызметкерлерін кірістіріп жібердік. Кейде қызметіне дандайсып, тәртіпсіздік жасаған ҰҚК қызметкерлері туралы баспасөзде айтылып қалып жүргені жасырын емес. Ұлттық қауіпсіздігімізге тірек болар мекемеге лайықсыз адамдардың көптеп кездесіп жататыны өкінішті. Жастардың арасында КНБ-ға жұмысқа кіру, бір жағынан, «авторитет» болса, екінші жағынан – ақшаны күреп табудың оңай жолы. Өйткені тәртіпсіздік жасаған ҰҚК қызметкерлеріне «тәйт» дейтін ешкім жоқ. Сондықтан құпия қызмет өкілдерінің моральдық-патриоттық және біліктілік жағынан іріктеу емтиханын қатаңдату керек сияқты. 1999 жылы маусымда Қорғаныс министрлігінен Шекара қызметі мен Ф.Э.Дзержинский атындағы Жоғары шекаралық командалық училищенің Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарамағына өтуін оңды құбылыс деп бағалауға болады. Алайда құпия қызмет өкілдері шекарадағы контрабандалық тауарлар тасқыны мен гастарбайтерлердің «жорығына» тосқауыл қойып отыр деу қиын. Ел ішінде қаптап жүрген миссионерлер мен туристер өзге елдердің жансызы шығар. Елдегі еркін ойлы азаматтардың ізіне түскеннен гөрі бөтен пиғылды миссонерлерді келген жағына қарай қайтарып жіберген жөн емес пе? Кезінде «үш әріпті» басқарып, қазіргі кезде ұлттық қауіпсіздігімізге қауіпті тандемге айналған Әлнұр Мұсаев пен Рахат Әлиевтің опасыздық әрекеттеріне байланысты қауіпсіздік органдары тарапынан тегеурінді іс-қимыл қажет-ақ. Әлбетте, ондай жайлар – әлемде үйреншікті нәрсе. Чекистер билеп-төстеп отырған Ресей елден безген «сатқын» Борис Березовскийді, Қытай өздерінің «жауы» Далай-лама мен Рәбия Қадырды құрықтай алмай отыр емес пе? Кейде ҰҚК атына ардагер-чекистердің атынан сын айтылып та қалады. Мысалы, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тұңғыш басшысы Болат Баекенов арнайы қызметтің саясиланбауы керектігін айтса, кезінде ҰҚК-ны басқарған, қазіргі депутат Сәт Тоқпақбаевтың Парламент отырыстарында өзін жасырын тыңдаған құзырлы органдарға өкпесін білдіргені есімізде. Әрине, мұны депутаттың субъективті пікірі деп қабылдауға болар.
Ой-тұжырым
Жоғарыда аталған олқылықтардан сабақ алу үшін ұлттық қауіпсіздігіміздің ұстындары қайтара айқындалып, көрінбейтін майдандағы Рихард Зоргелерімізді біліктілігі мен моральдық-патриоттық тұрғыдан әбден шыңдау керек. Сонда ғана құпия қызмет өкілдерінің көкірегін мемлекетшілдік рух кернеп, Отан үшін өзін құрбан ететін патриоттық қасиеттер бойынан табылары анық.
«Үш әріптің» үш анығы
Бірінші анық:
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары – Қазақстан республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйенің басым бөлігі болып табылатын және оларға берілген құзыреттің шегінде тұлға және қоғамның қауіпсіздігін, конституциялық құрылысты, мемлекет егемендігін, аумақтық тұтастықты, экономикалық, ғылыми-техникалық және елдің қорғаныс әлеуетін қамтамасыз етуге арналған Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнайы мемлекеттік орган болып саналады.
Екінші анық:
Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының біртұтас жүйесіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті, оның құрамына кіретін департаменттер және өзге құрылымдық бөлімшелер; Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстардағы, республикалық деңгейдегі қаланың және Республика елордасының аумақтық органдары мен оларға бағынатын қалалық және аудандық басқармалары (бөлімдер, бөлімшелер); қарсы барлау органдары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Барлау» қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, арнайы мақсаттағы бөлімшелер, оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелер және өзге ұйымдар кіреді.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетін Республика Президенті мен Республика Парламенті Сенатының келісімімен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын төраға басқарады.
Үшінші анық:
1995 жылы 21 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» Заңының 2-бабы бойынша ҰҚК мiндеттерi – жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеу мен iске асыруға қатысу; Қазақстан Республикасының мүддесi үшiн барлау ақпаратын iздеп табу; шетел мемлекеттерi арнайы қызметтерi мен ұйымдарының, сондай-ақ жекелеген адамдардың Қазақстанның қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге бағытталған барлау және өзге де қызметiн анықтау, алдын алу және тыю; Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауiпсiздiгiн әлсiретуге бағытталған терроризм және өзге де қызметтi анықтау, алдын алу және тыю; Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын күзетудi және қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Сол заңның 26-бабы бойынша ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметін Бас прокурор мен оның уәкілді прокурорлары қадағалайды.