Жаһандық экономикалық интеграцияға жаңа, тиімді әрі әділ архитектура керек
Жер жаһанның алдында тұрған түрлі келеңсіздіктер туралы ашық пікірталас алаңын құраған Астана экономикалық форумы жетінші рет елордада жалауын көтерді. Былтырдан бері Біріккен Ұлттар ұйымының демеуімен форум аясында Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция да өткізіле бастаған. Әлемнің көшбасшы тұлғалары, беделі зор сәуегей саясаткерлері, қаржы һәм экономика саласының элиталары, мемлекет қайраткерлері, сақа сарапшылары, халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтардың басшылары Қазақ елінің астанасында тағы да бас қосып, жаһан үшін жайлы жолды іздестіру мақсатында пікір таластыруға жиналған болатын. Астана экономикалық форумының бұл жолғы жаңалықтары туралы «Алаш айнасы» интернет газетінің (ахиреф қоя салсаңыз) тілшісі таратады.
Үш күнге жалғасқан алқалы жиынның пленарлық отырысына форум авторы әрі жиынның негізін қалаушы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Ал Мемлекет басшысынан бұрын планерлық отырыстың тізгіншісі Болгарияның экс-президенті Петр Стоянов Астана экономикалық форумының маңызы туралы баяндап, бүгінгі жаһан алдында жаңа қаржылық жағдай ушығудың қаупінде тұрғанына назар аудартып еді. «Экономика тұрғысынан алсақ, кім-кімге де күрделі тиген қаржы дағдарысынан әлем елдері әлі де есін толық жиып біткен жоқ. БРИК елдерінің дамуы болжанғаннан төмен қалыпта тұр, сәйкессінше ғаламдық тұтыну шабандап, жұмыссыздық атты нәубет белең алып барады. Бұған қоса, қазіргі таңда қаржы дағдарысына саяси-әлеуметтік сипаттағы дағдарыс қосылып, жаһандық үйлесімге ешкімнің қауқары қалмағандай күйдеміз. Бұндай жағдайда жаһандық мәселелердің шешімін табу қиынның қиыны», - дейді Петр Стоянов. Оның айтуынша, әлем алмағайып күйді басынан кешіріп отырған тұста дара шабамын деу бекершілік. Ендеше барша ел күш біріктіруі, ортақ шешімдер үшін бас қосуы керек. Сол тұрғыдан алғанда Қазақстан Президентінің G-global платформасы аса өзекті болып табылады. «Бұл G-20 мен G-8-ге де ешқандай балама емес, дегенмен бұл - дүние дискуциясын толықтыратын қосымша құрал. Сондықтан да, біздің ойымызша, Астана экономикалық форумының жылдан жылға табысты бола түсетіні сөзсіз», - деді Болгарияның экс-президенті.
Форумның өңірлік пікірталас алаңынан шығып, жаһандық экономикалық ахуалды қаузайтын деңгейіндегі маңызға ие болғанын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өз сөзінде дәлелдеп айтты. Ал жаһандық күн тәртібі туралы мәселе турасында Президент әлемдегi жағдай барлық елдердi әлi де алаңдаушылықта ұстап отырғанын алға тартты. «Бiз әлемдiк үрдiстер дамуының түрлi нұсқаларына дайын болуымыз керек. Жаһандық қаржы, қарыз дағдарысының және еуроаймақтағы әлеуметтiк шиеленiс пен араб елдерiндегi бiрқатар әлеуметтiк дүрбелеңдердiң басылмай жатқан жаңғырықтарымен қатар, бiз жаңа қауiп-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз. Бiрiншiден, дамыған мемлекеттер экономикасы қалпына келе бастаған тұста экономикасы дамып келе жатқан елдердің бәсекеге қабiлеттiлiгi құлдырай бастады. Сарапшылар капитал ауысуының үдеуiн болжап отыр. Бұл жағымсыз сценарий бойынша дамушы елдерге инвестицияның 50 және одан да көп пайызға қысқаруына алып келуi мүмкiн. Екiншiден, табыс теңсiздiгi ұдайы өсуде. Өмiр сапасына байланысты бай мен кедей арасындағы алшақтық ұлғаюда. Бұл өз кезегiнде әлеуметтiк шиеленiстi күшейтеді. Халықаралық зерттеулер бойынша 2014 жылы әлемдiк түйткiлдер рейтингiнде кедейшілік және бай мен кедей арасында ұлғайып келе жатқан алшақтық проблемасы бүкiл дүниежүзi бойынша 3-орында тұр. Дегенмен бұл кедей елдердiң проблемасы емес. Батыс Еуропа, Германия, Австрия, Испания, Франция тұрғындары кедейлер мен байлар арасындағы алшақтықты рейтинг бойынша 1-орынға қойды», - дедi Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Елбасы Халықаралық еңбек ұйымының статистикасына сүйене отырып, былтырғы жылы әлемдегі жұмыссыздар саны 5 млн. адамға толыққанын атап өтті. ҚР Президентiнiң атап өткенiндей, қазiргi кезеңде әлеуметтiк шиеленiс жағдайында экономикалық, әлеуметтiк және саяси қақтығыстар жиiлеп, нағыз әскери операциялар мен шынайы экономикалық санкциялар енгiзуге ұласуда. "Бүгiнгi кезде әлем әлеуметтiк шиеленiстердiң өршiп кету және әскери күш-қуаттың еселену фазасына түсіп отыр. Бiрақ "Кiм күштi - соныкi ақиқат" деген әлеуметтiк дарвинизм қағидаты - деструктивтi. Өйткенi мұндай жағдайда қаншама ұрпақтардың жылдар бойы қалыптастырған нәрселерінiң барлығы құрдымға кетуi мүмкiн. Бiз проблеманы шешуге емес, одан әрi ушығуға алып келетiн қақтығыстар үшiн тым қымбат баға төлейтінімізді ұмытпайық", - дедi Н. Назарбаев.
Қазақстан кедейлікті жоюдың жол картасын әзірлеуге дайын
Президент форумдағы сөзінде негізінен қарапайым адамдардың әлеуметтік көңіл күйіне қатысты мәселелерді көлденең тартты. Елбасы әлемде 1,5 млрд.-қа жуық адамның күніне 1 долларға өмір сүріп жатқанын айтып, 2,5 млрд. адамның табысы күніне 2,5 долларға да жетпейтінін сөз етті. Яғни, қазіргі таңда Жер шары халқының 40 пайызы осындай жағдайды бастан кешіріп отыр деген сөз. 200 млн. адам жұмыссыз болса, 1,5 млрд. адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар немесе уақытша ғана жұмысбастылар. Ал африкалық және азиялық көптеген мемлекеттер кедейлік «қақпанында» тұр. «Менің көзқарасым бойынша, аталған мақсаттарды шешу үшін екі бағытта жылжу керек. Біріншіден, экономикалық дамудың әлеуетін барынша пайдалану және жаңа экономикалық толқуларға жол бермеу керек. Екіншіден, кедейлікті жоюға негізделген жол картасын әзірлеу қажет. Онда Азия мен Африканың кедей мемлекеттерінде адами капиталды дамыту тұрғысында ауқымды тетіктер қарастырылуы тиіс»,-деді Елбасы. Ал тура осы кедейлікті жоюдың жол картасын Қазақстан БҰҰ, Бүкілдүниежүзілік даму банкімен және басқа да қаржы құрылымдарымен бірлесе әзірлеуге дайын. «Кедейшілікті жоюмен сатылы түрде күресу тікелей менің және тұтастай Қазақстанның басты міндеті болды және бұл солай болып та қала бермек», - деді бұл туралы Қазақстан Президенті.
Қазақстан халықаралық қауымдастыққа өз алаңдаушылығын жариялады
Сөз арасында Мемлекет басшысы бүгінгі әлемдік ахуалға тоқтала келе, ең ауыр жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарысты бастан өткеріп отырған әлемнің қайта құлдырау мен рецессия жағдайына түсіп кетуінен қауіптенетінін айтты. Бұл ретте Президент «халықаралық қатынастардың теңдік жүйесі ұстараның жүзінде тұрғанын, ал жаһандық диалогтың доғарылуы - аса қауіпті тенденция» екенін айтып, бұған қатысты Қазақстанның өз ұстанымын жариялады. «Біріншіден, Қазақстан жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселесі бойынша жетекші державалар диалогының тоқтап қалу мүмкіндігіне қатысты ерекше алаңдаушылық білдіреді. Бұндай диалогтың үзілуі соңғы онжылдықтарда ядролық қатерлерді қысқарту жөніндегі қол жеткізілген жетістіктердің барлығын жоққа шығарып тастауы ықтимал», - деп атап өтті Н. Назарбаев. «Екіншіден, Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Украинадағы белең алып отырған қақтығысты шешудегі қауқарсыздық белгілеріне де алаңдайды. Бұндағы себептердің бірі - 2010 жылы өткен тарихи Астана саммитінен кейін де аталмыш Ұйымды реформалауға қатысты саяси ерік- жігердің болмауында жатыр», - деді Мемлекет басшысы. Үшіншіден, Қазақстан бүгінгі күні кейбір мемлекеттердің өткен ғасырдың ең сорақы мұраларын клондап жатқанына алаңдаулы. Бұл ретте Президент төзімсіздін танытып, қақтығыстарды күш қолдану арқылы шешудің ақталып жатқанын айтып отыр. «Бұл басқа әлем үшін қауіпті жағдай. Мемлекетаралық дауларды шешуде обективтілік те мұндайда далада қалады», - деді Елбасы. Төртіншіден, Қазақстан санкция салу саясатының жаһандық еркін сауда және еркін рынок қағидатын жоққа шығаратынын қаперге салады. «Еске сала кетейін, халықаралық қатынастардағы мұндай тәжірибе тарихта ешқашан да нәтижелі болған емес. Бұндай шара сөзсіз жаһандық экономикалық өсімді тежейді, жаһандық әділ энергетикалық жүйені қалыптастыруға кедергі болады», - деп атап өтті Елбасы Н. Назарбаев. Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдік саясатта сенімділік деңгейінің төмендеуі - аса қауіпті құбылыс. «Өйткені, ХХІ ғасырдағы сенім - бұл өте-мөте экономикалық категория. Сенім жоғары болған сайын, әлемдік экономиканың ауқымды өсу мүмкіндігі де зор бола түседі», - деп түйіндеді Қазақстан Президенті.
Пан Ги Мун жастар арасындағы жұмыссыздыққа алаңдайды
VII Астана экономикалық форумы мен II Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференциясы қатысушыларына Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун бейнехабарлама арқылы жолдау жариялаған болатын. Мұнда Бас хатшы әлем экономикасы 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан әлi айықпағанын, ал қазіргі уақытта БҰҰ экономикалық болжамдары жағымды болғанымен, жаһанда көптеген маңызды мәселелер баршылық екенін алға тартады. «Менi жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесi қатты алаңдатады. Олар өз армандарын iске асыруға және бiздiң ортақ iлгерiлеуiмiзге үлес қосулары тиiс еді. Осыған байланысты мен барша үкiметтерді жұмыс орындарын ашуға бағытталған тұрақты өсу саясатын қабылдауға шақырамын», - деді жолдауында Бас хатшы. Оның айтуынша, қазiргi уақытта БҰҰ алдында өзара байланысты 3 мiндет тұр. Бiрiншiсi - Мыңжылдық мақсаттарына қол жеткiзуге қатысты кедейлiкпен күрес. Бұл проблеманы қазiргi әлем елдерi бастарынан кешуде. Екiншi мiндет - 2015 жылдан кейiнгi дамудың жаһандық күн тәртiбiн қалыптастыру. Үшiншi мiндет - климаттық жағдайлар саласында мақсатты түрде тиiстi келiсiмдер жасау. «Мен 23 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында шешiмдер мен iс-қимылдарды жұмылдыру үшiн климаттық мәселелерге арналған форумды шақыртуды жоспарлап отырмын. Қазiргi сынақтар мен өзгерiстер заманында елдердiң көшбасшылары адамдардың және жалпы Жер шарындағы бүкiл халықтардың игiлiгiне жұмысты бiрлесе iстеуi және кейiнгi ұрпаққа лайықты мұрасын қалдыруы тиiс», - дедi Пан Ги Мун бейнехабарлама арқылы.