Жаңа экологиялық партия құрылмақ
«Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов экологиялық саяси партия құратындығын мәлімдеді.
«Ондай партияның қажеттігі бұрыннан туындады. Біздің партиямыздың басқа партиялардан айырмашылығы — біз барлық нәрсеге экология тұрғысынан қараймыз, себебі ол адам денсаулығы мен өміріне тікелей байланысты», — дейді ол. Баспасөз мәслихатында таратылған ақпараттық баянда айтылғандай, партия саясаты Қазақстан ресурстарына ақылмен және ұқыптылықпен қарау саясатына негізделеді. «Партия мақсаты: қоршаған ортаның сапасын жақсарту және қоғамның экологиялық тұрақты дамуының тиімді деңгейін қамтамасыз ету. Партияның міндеті: қоршаған ортаға антропогендік зиянды әсерін азайту. Экожүйені сақтау және қалпына келтіру. Қоршаған ортаның сапасын басқару жүйесін жетілдіру», – делінген ақпараттық баянда.
М. Елеусізов атап көрсеткендей, партияны құру идеясы жастардың «Ағаш отырғыз» экологиялық қозғалысынан туындады. Ол қозғалыстың өкілдері оған осындай ұсыныспен шығыпты. Бірақ әзірге партияны құру енді басталып жатыр және оның аты да белгісіз.
«Мен бұрыннан қалыптасып қалған «Қазақстан жасылдар партиясы «Табиғат» дегенді ұсынып отырмын. «Зеленных» деген сөз орыс тілділерге түсінікті болса, «Табиғат» деген бөлігі қазақтілділерге түсінікті. Бізде әзірге тек бастамашыл топ бар. Жақында ұйымдастыру комитетін құрамыз. Тез арада бағдарламасын, жарғысын жасап, съезге дайындық жұмыстарына кірісу керек. Одан соң 40 мың қол жинау керек. Бізді ешкім де қаржылай қолдап отырған жоқ, бізде ешқандай қаражат та жоқ. Мен кез келген партия олигарх-алпауыттар есебінен емес, мүшелік жарналар есебінен күн көрулері тиіс деп есептеймін», – деп түсіндірді М. Елеусізов.
Оның айтуынша, «Табиғат» экологиялық одағы партияға айналмайды. «Партия басқа ұстанымдар негізінде құрылады. Егер біз тек экология мәселелерімен айналыссақ, партия барлығымен – экономика, мәдениет, білім проблемасымен, қоғамның барлық тыныс-тіршілігімен айналысатын болады», – деп ол атап көрсетті.