Жаңа заң букмекерлік кеңсені тұрғын үйден алыстатып, Интернет-казиноны ауыздықтайды
Еліміздегі ойын бизнесі, оның ішінде саңырауқұлақтай қаптаған букмекерлік кеңселерге қатысты заң жобасы дайындалғалы халық қалаулыларының пікір екіге жарылған-ды. Оны тұрғын үйлерден аулаққа орналастыру туралы әңгіме туындағанда депутаттардың кейбірі мұның қажетсіз деп тапқанын да құлағымыз естіді. Алайда бүгін Сенатта мақұлданып, екінші оқылымға жіберілген ойын бизнесіне қатысты заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты депутаттар тек оның зияны туралы ғана әңгімені мысалға алды.
Мәдениет және спорт министрі Арыстан Мұхамедиұлы Парламентке жеткізген маңызды құжатта еліміздегі ойын бизнесі саласындағы заң нормаларын жетілдіруді қарастырып отыр. Онда ойын бизнесі туралы заңды белден басып өтуге мүмкіндік беретін алшақтықтар мен қайшылықтарды жою шаралар көзделген. Тағы бір айта кететіні, Интернет-казино жұмысына, сонымен қатар, Қазақстан аумағындағы шетелдік интернет-казино қызметіне тыйым салу қарастырылған. Бұдан кейін ойын бизнесін ашу үшін лицензия алуға өтініш берушілерге талаптарды қатаңдату да назарда ұсталады. Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзін бақсақ, заң жобасы арқылы букмекер кеңсесі және тотализатор кассаларынан алынатын салық көлемі 75 АЕК-ден 150 АЕК-ге дейін көлемі өспек. Ал ойын бизнесі үшін электрондық кассасына салынатын салық 2000 АЕК-ге дейін арта түседі екен. Бүгінде, орташа есептік көрсеткіш бойынша ғаламтор арқылы букмекерлік кеңседе бәс тігушілерді саны 200 мың адамды құраған. Ал олардың жартысына жуығы тұрақты қолданушылар санатына кіреді. Алғашқы оқылымда сенатор Сәрсенбай Еңсегенов заңның кейбір бөлімдеріне шүйлікті. Оның айтуынша, «министр заңға қатысты жақсы айтқанымен, ол кәсіби заңгер емес. Сондықтан бұл заңға әлі де кәсіби заңгерлердің араласуы ауадай қажет» көрінеді.
Cәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Заңды қарау кезінде кейбір қарама-қайшылықтарын да атаусыз қалдыруға болмайды. Мысалы, 11-баптың үшінші бөліміндегі бірінші сөйлемде «Букмекерлік кеңселер ойын мекемелері тұрғын емес жайларда орналасуға тиіс» делінген. Ал тұрғын емес жай дегеніміз көп қабатты үйдің адамдар тұрмайтын бірінші қабаттағы бөлігі. Сонда букмекерлік кеңселер тұрғын үйлердің бірінші қабатында қала береді деген сөз бе бұл? Оған қоса заңның тағы бір бөлігінде «Букмекерлік кеңселер тұрғын үйлерде орналасуға болмайды» деген де сөйлем бар. Осындай қарама-қайшылықтарға көз жұма қарамай, екінші оқылымына дейін қарау керек.
Жабал Ерғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Бұл Заң жобасын қолдау баршамызға парыз болса керек. Өйткені, қаралып отырған мәселе бүгінгі біздің қоғам үшін аса маңызды болып саналалады. Бүгінгі дүниенің ағы мен қарасын да, бәрін де заманнан көріп, сылап-сыйпай салуға болмас. «Заманды билемек адам болса» біздің ендігі арада мемлекет тарапынан интернет казиноның қызметіне тыйым салуымызды Заңдық тұрғыдан жүзеге асыруымызды да, букмекер кеңселері мен тотолизаторлар қызметіне бақылауды күшейтуімізді де әбден орынды деп санаймын. «Ойын бизнесі туралы» Заң қабылданып, Алматының іргесіндегі Қапшағай мен Көкшетаудың баурайындағы Бурабайда ойынханалар заңды қызмет ұсынатын аймақтар ретінде белгіленген кезеңдерден бері, ойын автоматтары залдарының орнын букмекер кеңселері қаптап кеткендігі де жасырын емес. Тіпті букмекерлік кеңселердің санының артуы қоғам үшін қауіп туғызатын деңгейге жетті. Елорданың өзінде 500-ге жуық букмекерлік кеңселер бар. Әсіресе,жастар спортпен айналасқанан гөрі, өздерінің алтын уақыттарын осындай орындарда өткізеді. Букмекерлік кеңсені жағалап оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер мен тез арада байып шыға келуге деген құмарлық ең алдымен, кірісі төмен адамдарды, сондай-ақ жастарды «баурап» алып жатыр.