Жас тұлпар тұяғының дүбірі Ұлы даланы оята алды ма?
Өткен ғасырдың 60-70 жылдары бодандықтың қара бұлты сейілмейтіндей көрінген кезде қазақ жастары тәуелсіздіктің ақ таңының ататынына сеніп, азаттық жолындағы Алаш зиялыларының күрес жолын жалғастырған еді. Осының бір көрінісі сол тұста құрылған "Жас тұлпар" қозғалысы. «Жас тұлпар» ұлттың мұратын көпшілікке жеткізуді мақсат еткен, жастардың санасын серпілткен, тарихымызды түгендеуге тырысқан, ұлттық рухты оятқан ұйым ретінде тарихта қалды. "Жас тұлпар" қозғалысының құрылғанына бүгінде жарты ғасыр уақыт болыпты. Таяуда осы "Жас тұлпар" қозғалысының тарихынан сыр шертетін "Жас тұлпар дүбірі" атты кітап жарық көрді. Осы кітапты шығаруды өзіне парыз санаған автор Әміржан Әлпейісовтің кітабының тұсаукесер салтанатына «Алаш айнасы» тілшілері де қатысып қайтқан еді.
Кеңес заманындағы билік Олжас Сүлейменовше айтсақ, тамырсыз ағаштай етіп бізді тарихымыздан ажыратты. «Ал тамырсыз ағаш жай бағана секілді. Оған тек шам ілуге немес дауыс зорайтқыш іліп қоюға жарайды. Ал біз бағаның тамырын өсіруге тырыстық» дейді О.Сүлейменов. Қайраткер бұл тұста 1960-70 жылдардағы жастардың қайсар әрекетін меңзеп отыр.
Осыдан жарты ғасыр бұрын Мәскеуде білім алған бір топ жас қазақ ұлтының тамырын іздеп, ертеңіне алаңдаушылық танытып, ұлттық мүдде үшін күресуге бел буған еді. Білімді, ұлтшыл, текті отбасылардан шыққан қазақтың қайсар ұл қыздарының серпілуіне себеп болған сол кездегі жас студенттер Мұрат Әуезов, Алтай Қадыржанов, Болатқан Тайжан сынды біртуар азаматтар "Жас тұлпар" атты ұйым құрып, ең алдымен Мәскеуде оқитын 1438 қазақ жастың басын қосты.
Мұрат Әуезов, мемлекет және қоғам қайраткері: «Біз өзіміздің кім екенімізді, тарихымызды білгіміз келді. Қазақ ұлтына жасалып отырған әділетсіздікті көрдік. Сол уақытта қазақ мектептері жабыла бастады. Семей полигонында ядролық жарылыстар басталды. Қазақстанның бес облысын қамтитын тың өлкесі құрылды. Бес облыс үшін бір ғана қазақ газеті шығарылатын. Оның өзі орыс тілінен тікелей аударылатын. Ата-аналарымыздан ашаршылық жайлы еститінбіз, бірақ ешқандай дерек жоқ болатын. Осындай біраз ақиқаттың ашылмай жатқанын ішіміз сезетін. Атылып кеткен алаш зиялылары, ақын-жазушылары отарлау саясатына құрбан болып жатқан байлығымыз бізді қатты толғандыратын. Бірде жігіттер жиналып, Болатқан Тайжан, Алтай Қадыржанов, Әнуар Сартбаев төртеуміз 1,5 айдың ішінде Мәскеудегі 46 жатақхананы аралап, қазақ жастарына үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Барған жерімізде қазақ әндерін саламыз, ақын-жазушыларымыздың өлеңін оқимыз...»
Ресейде жүріп «мен қазақпын» деп айтуға тайсалмаған жастар "Жас тұлпар" ұйымының эмблемасын, туын жасады. Жастұлпарлықтардың үш түстен тұратын (қара, қызыл, көк) туына тұлпардың суреті салынған болатын. Осы туды сол тұста Мәскеуде білім алған белгілі қырғыз суретшісі Асаналы Бейшенов салған екен. Идеясы Белгілі суретші Бахтияр Тәбиевтікі. Қара түнектен шығып, қызылды аттап, көкке жетіміз деген көкейдегі арманды ту еткен жастар кейіннен Ресейдің басқа қалаларында оқитын қазақ жастарын да осы ұйымға тарта бастады. Ол кезде Ленинградта, Киевте, Ригада, Харьковта жоғары оқу орындарында озық ойлы, талантты жастар көп оқыды. Алғашында әдеби, мәдени үйірме ретінде жұмысын бастаған бұл ұйым туралы сыбыс Қазақстандағы жастардың құлағына да жете бастады. Егемендікті армандауға да батылы бармаған қазақ жастарында үміт пайда болды. Жиындарда жастар қазақ ақындарының өлеңдерін оқып, тарих жайлы ой бөлісіп, ұлт мәселесін талқылайтын. "Жас тұлпардан" кейін еліміздің әр қаласында , айталық, Қарағандыда "Жас қазақ", Қостанайда "Жас түлек", Өскеменде "Ұлттық мамандарға әділеттілік тобы", Семейде "Тайшұбар", Павлодарда "Жас ұлан", Алматыда "Сарыарқа", Шымкентте "Адыр қасқырлары" секілді жасырын ұйымдар құрыла бастады. Белсенді жастар ауыл-ауылды аралап қариялармен тілдесіп, тарих жайлы, Алаш зиялылары туралы мағлұматтар жинады.
Тәуелсіздікті аңсаған тұңғыш жастар қозғалысмының көш басында Мақаш Тәтімов, Жәмилә Аухадиева, Сара Тыныштығұлова, Роза Жаппарова, Амангелді Сембин, Болат Хисаов, Серік Байкенов, Жеңіс Өмірбеков, Қалқаман Тілеуханов Рахима Мащанова, тағы көптеген қазақ жастары болды. Ұйымның мүшесі белгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев «Жас тұлпар» әнін жазған еді. Ақиық ақын Мұқағали да жастардың игі әрекетіне әрдайым қолдау көрсетіп отырды.
Мырзатай Жолдасбеков, мемелкет қайраткері, ғалым: «Жас тұлпар» ұйымы құрылғанда мен Алматыда осы ғимаратта болған жалғыз қазақ жоғарғы оқу орнының аспиранты едім. Мәскеуде ұлтын сүйген қазақ жастары бірігіп жатыр дегенді естігенде делебеміз қозып жүрді. Бұл хабарды біз газеттен оқығамыз жоқ. Бұл студенттер арасында кең таралған сыбыс болды. Ол кезде КГБ деген тажал бар еді ғой. Үйде отырып сыбырлаған дауысыңды еститін, сыбысты жеткізетіндер де болды. Алайда қандай қауіп төніп тұрғанын түсініп тұрсақ та, жастық жалын, ұлтым деп соққан жүрек алып ұшып, ұйымды қолдауға барымызды салдық. Бүгінде кешегі «Жас тұлпардың» жастары үлкен мемлекет қайраткерлеріне айналды. Қазіргі жастар осы азаматтарға құрметтен бөлек, олардың адами қасиеттерін бойына сіңіргені дұрыс деп есептеймін.
Адамзат тарихында қандай игі іс жасалса да, ұлттық мүдде үшін жасалған деп түсінуіміз керек. Жас тұлпардың тұяғының дүбірінен оянған Ұлы дала төскейіндегі халқымыз қайта мүлгімесе екен дейміз.