Жер сатылмайды, тек қазақстандықтарға ғана жалға беріледі...
Жер реформасы туралы комиссияның қашан, қай жерде, неше мәрте отырыс өткізгенінен гөрі, халыққа сол отырыста қандай шешім қабылданатыны маңызды екені аян. Дегенмен айта кетейік, комиссия кезекті отырысын таяуда Алматы облысы, Талғар ауданы, Арқабай ауылында өткізді. «Байсерке-Агро» агрохолдингі кешенінде өткен Жер реформасы жөніндегі комиссияның көшпелі отырысында Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлерiн жекеменшiкке сату және шетелдiктерге жердi 25 жылға жалға беру мәселелерi талқыланды. Комиссияның Алматы облысындағы отырысына да ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық етті.
Комиссия төрағасының айтуынша, Жер реформасы жөніндегі комиссияның Call-орталықтарына осы уақытқа дейін 9500 қоңырау түскен. Бір ғана Алматы облысы бойынша 500-дей қоңырау шалынған. Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев айтылған талап-тілектердің бәрі ескерусіз қалмайтынын айтты. Отырысқа төрағалық еткен бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев халықтың жер төңірегіндегі пікірлерінің тиянақталып қалғанын да тілге тиек етті, дегенмен бір шешімге келу үшін әлі біраз уақыт керек секілді.
Жер мәселесіне халық қатты алаңдаушылық білдіргеніне байланысты президент Жер кодексінің бірқатар нормаларына жыл соңына дейін моротрий жариялаған болатын. Сондай-ақ Елбасы кең көлемді түсіндіру шараларын жүргізіп, бұл жұмысқа бүкіл партиялар мен қоғамдық ұйымдарды тартып, жер мәселесі бойынша өз позициясын білдірген барлық азаматтарды диалогқа шақыруды тапсырған еді. Дегенмен халық арасында комиссия мүшеліріне, нақтырақ айтқанда комиссия құрамындағы «атқамінерлерге» деген сенімі аздау екені байқалады.
Жер реформасына қатысты комиссияның бесінші отырысының бастапқы кезінде сөз алған адамдар Алматы облысына қарасы шаруа қожалықтардың иелері жерді Қазақстан азаматтарына жеке меншікке беру мен шетелдіктерге жалға беруді қолдайтындарын айтып жатты. Жерді сату мен жалға беруді қолдаушыларды осы отырыста сөйлету үшін облыс басшылары арнайы әзірледі деген де пікірлер айтылды.
Дегенмен Алматы облысында жермен айналысатын кәсіпкерлер, диқандар, өндіріс басшыларының кейбіреулері жерді Қазақстан азамттарына сатудың тиімділігін алға тартса, енді біреулер бұл пікірге жерді сатып алуға кез келген қарапайым адамның шамасы келе бермейтінін айтып қарсылық білдірді. Яғни, отырысқа қатысқан адамдардың пікірі біржақты ғана болды деуге де болмайды.
Жерді жекеменшікке сатуды қолдаушылардың уәжі бойынша, егер жермен айналысатын адамның меншігінде біршама гектар жер болса, онда ол жерін кепілдікке қойып, банктен несие ала алады, ал қаржыны өндірісіті кеңейтуге, пайданы еселеуге пайдаланатынын айтты. Сондай-ақ олар жер жеке адамның меншігінде болса, онда ол сол жерге өзі үшін жақсы қарайтынын, өнімді мол алуға барынша күш салатынын айтты. Жеке меншік иесі жерді өзі игере алмаған жағдайда жалға бере алатыны да айтылды.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, соңғы 15 жылда топырақтың құнарлығы едәуір төмендеген. Ал 31 миллион гектар жер эрозияға ұшыраған. 2014-2015 жылдары ауыл шаруашылығы жерлері түгенделген болатын. Сол кезде 7,5 млн гектардай жердің пайдаланылмай, бос қалғаны анықталды. Алматы облысының жер қоры 22 миллион гектардан асады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 8 млн 632 мың гектар. Ал 547 мың гектардан астам телімдер жекенің иелігінде.
Ермек Келімсейіт, Алматы облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Еліміздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің бүгінде 100 млн га айналымда жүр. Жерлерді игермесек, ауылдың дамымай, мешел күйінде қалатынын көрсетіп отыр, инвестициялар келмей жатыр. Ауылды дамытамыз, оның болашағын ашамыз десек, жер мәселесіне реформалар керек. Осыған дейін оның халыққа дұрыс түсіндірілмеген жерлері бар. Ауылда жерді жеке меншікке алуға біз неге қарсы боламыз? Бұл дұрыс емес. жерлер ауыл тұрғындарына берілуі керек. Бірақ ол берілген жерлердің тиімді пайдаланылуын талап ету керек. Шетелден инвестиция келмей, біз өз қаржымызбен бәрін істей аламыз дей алмаймын. Бірақ мемлекет халыққа кепілдік беріп, шетелдік азаматтарды келтіруге болады. Болашақты осыны дұрыстап шешу керек. Шетелден келетін инвесторларға қазірдің өзінен көптеген талаптар қою керек
Мэлс Елеусізов: - Жерді жекеменшікке сатуға жол беруге болмайды! Ал жалға беру мерзімі қысқа әрі ол мемлекеттің қатаң бақылауында болуы тиіс. Жерді жалға алушыларды және жердің пайдаланылуын қатаң бақылайтын арнайы орган құрылуы тиіс.
Бірқатар шаруақожалықтарының иелері жерді өз азаматтарымызға 49 жылға жалға беруді қолдады. Олардың айтуынша, егер жер жеке меншікке берілетін болса, онда жер қалтасында ақшасы бар шағын ғана топтың иелігіне өтіп кетеді. Өйткені біздің елімізде жеке меншігінде жүздеген гектар жері бар адамдар санаулы, ал қарапайым ауыл халқының жеке меншігінде ары кетсе 5 гектар жер телімі ғана бар.
Талдықорған қаласының маңындағы шаруа қожалықтардың бірінің иесі Еркінбек Исләмов жүздеген гектар жерге соя мен қызылша егеді, ол комиссия отырысына келіп, өзінің ұсынысын айтты: - Жерді пайдалану құқығы нарықта болуы керек. Жер үкіметтікі болғаны дұрыс. Мысалы, Израильде жердің 99 пайызға жуығы мемлекеттің меншігінде. Қытайда, бірқатар Еуропа мемлекеттерінде де солай. АҚШ-та жердің 66 пайызы жалдамалы. Жердің жеке адамның менщігінде болуы шарт емес. Мәселе жерге қандай мақсатта, қанша инвестиция тартылатынында, деді ол.
Мұхтар Тайжан: - Екі аптадан бері Алматы облысында жүріп, Шеңгелді деген ауылға бардым. Шынымды айтсам, екі-үш жылдан бері пияз өсірумен айналысып, шаруалармен жиі кездесемін. Ол жақта маған жүзден аса қол жинап, жергілікті тұрғындардың талабын жеткізді. «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін, латифундистерге жол жоқ». Мен оны ресми түрде штабқа тапсырамын. Енді сөзден гөрі нақты іске көшетін кез келді. Комиссиядағылардың бәрі дерлік өз азаматтарымызға жерді жалға беруге қарсы болып отырған жоқ. Демек, бұл мәселені жүйелеп Парламентке ұсына беруге болады деп ойлаймын.
Жер реформасына қатысы комиссия отырыстарында көп мәселе талқыланғанымен нақты шешімдер шығарыла қойған жоқ. Дегенмен әр отырсытың өз ерекшеліктері бар. Алматы облысында өткен кезекті отырыстың ерекшелігі туралы нақты пікір білдірген саясаттанушы Дос Көшімнің abai.kz сайтында жарияланған пікірін назарларыңызға ұсынамыз.
Дос Көшім, саясаттанушы:
– Бұл жолғы жиынның ең басты ерекшелігі комиссия басшылығының өзгеруі болды. Бақытжан Сағынтаев мырза Алматы облысындағы жиынды соңына дейін өзі басқарып, ендігі тізгінді Асқар Мырзахметов мырзаның қолына тапсырды. Бес жарым сағатқа созылған жиналыста әртүрлі позициядағы пікірлер айтылды. Рас. Жиын басында «жерді шетелдіктерге жалға беру керек» деген ойды айтқан біраз азаматтар болды. Меніңше, олар осы Алматы облысы аумағында көп мөлшерде жер иеленіп алған адамдар болуы мүмкін. Бәлкім үкімет ыңғайымен жүріп тұратын үкіметтік емес ұйымның төрағалары шығар. Олардың пікіріне залда отырған төрт жүзге жуық азаматтың ішінен сөз сөйлегендер жеткілікті деңгейде қарсылық көрсетті деп ойлаймын. Мен мұны біріншіден биліктегі бірқанша адамдардың, жері көп азаматтардың пікірі деп білемін. Екіншіден, олар да өз ойларын айтуға құқылы. Үшіншіден «әкімдіктегілер арнайы дайындады» деп көзбен көріп, қолмен ұстамаған жайтты сөз еткім келмейді. Жиынға қатысушылар олардың сөзіне селт етпеді. Керісінше, «жерді шетелдіктерге жалға беруге болмайды» деген ыңғайда сөйлегендерге көп қол соғылды. Жалпы, арнайы дайындалған қойылым ешқашан шынайы шықпайды. Шынайы айтылмаған пікір ешкімді ұйытып әкете алмайды. Сонымен қатар, өз басым жерге қатысты екі жақты пікірдің болуын заңдылық деп қараймын. Мәселен, жиында Рысбек Сәрсенбайұлы мен Хасен Қожа-Ахмет комиссияның жұмысын қатты сынға алды. Бұл сындар шынайы болғанын мойындауымыз керек.
Осы уақытқа дейін жер комиссиясының бес жиыны өтті. Енді уақыт оздырмай осы уақытқа дейін айтылған мәселелерді жинақтап, аралық бір қортынды жасау қажет сияқты.
Мысалы, жерді қазақстандықтарға жалға беруді комиссияның барлық мүшесі қолдап отыр. Яғни, бәріміз бір келісімге келіп отырмыз. Оны кейінге қалдырмай Парламентке ұсына беруге болады. Бұл- бірінші мәселе.
Екінші мәселе, ауыл айналасындағы жайылым жерлерді сатуға да, жалға беруге де болмайды. Қазір еліміздің көп жерінде ауыл халқы мал жаятын жер таппай қиналып жүр. Сондықтан, ауыл маңындағы жайылымдық жер жекеменшікте болмауы қажеттілігін бекітетін Заң керек. Мұндай Заңның үлгісі іргедегі қырғыз ағайындардың өзінде де бар көрінеді. Бұл мәселеде де комиссия мүшелерінің ойы бір жерден түйісіп отыр. Бұл жайылымдық жерлер сол аймақтағы тұрғын саны, мал санымен есептеліп, реттелгені дұрыс деп отырмыз.
Үшінші мәселе, шекара маңындағы жерлер мүлдем сатылмауы, жалға берілмеуі керек. Шекара маңынан шамамен 100-150 шақырымдай жер мемлекеттің қарауына беріліп, ешкімге сатылмауы һәм жалға берілмеуі тиіс.
Міне, осындай мәселелерді бір жинақтап, комиссияның нақты жұмысын көрсететіндей етіп, Парламентке өз ұсынысымызды ұсынғанымыз жөн.
Жиындарда бүгін айтылған жайтты ертең қайталап отырмас үшін комиссия отырысын екі аптада бір рет өткізіп, комиссия ішінен құрылған төрт жұмысшы тобының жұмысын жандандырған дұрыс.
Біз басында комиссия бүкіл облыстарды аралап, халықпен жүздесуі қажет дегенбіз. Әрине, барлық Қазақстанды қамту үшін комиссия мүшелері 10-15 адамнан бөлініп, бірден үш-төрт облысты аралағаны жөн болар еді. Қазір заманауи технологиялардың дамыған заманы. Сол технологиялардың көмегімен барлық жиындарды бір орталықтан қадағалап отыруға болады деп ойлаймын.
Осылай жұмысты қарқынды жүргізбесек, қыркүйекке дейін Заң жобасын дайындап үлгермей қалуымыз мүмкін.
Әрине, әр жиында артықшылықтармен бірге кемшіліктер де көп болып жатыр. Мәселен Алматы облысындағы жиында жерді жалға беруді инвестиция тарту деп қана түсінетін адамдарды көрдік. Тіпті кейбіреулер жерді жекеменшікке алу мен жалға беруді ажырата алмайтынын байқадық. (abai.kz сайтына жарияланған пікірі).
Бес сағатқа созылған комиссия отырысын комиссия төрағасы былайша қорытындылады:
«Комиссия отырысының жөн-жобасы дұрысталып келе жатыр. Жер реформасы жөнiндегi комиссияның отырысы нағыз пікірайыс алаңына айналды. Иә, мұндай шетін мәселер көшеде емес, осындай отырыстарда шешіледі. Біздің бір жөнге келгендей түріміз бар. Мысалы, жерді жалға беру мәселесі. Қайда барсақ та, оған қарсылық болып жатқан жоқ. Халықтың пікірі бір жерден шығып жатыр. Оған ешкім қарсы емес. Екінші мәселе, шекара маңындағы жерлер. Бұл сұрақ та бір жүйеден шығып келе жатыр. Мысалы, бізде заң бойынша жерді шекарадан үш шақырым қашықтықтан ғана жалға беруге болады. Бүгін оны 100-200 шақырымға жеткізу туралы ұсыныстар айтылды. Енді, бұл жағын мамандар шешуі керек. Тағы бір мәселе — жайылымдық жер. Яғни, ауыл тұрғындарына ауылдың айналасынан белгілі бір радиуста жайылымдық жер беру. Оның ені 10 шақырым бола ма, 20 шақырым бола ма, оны да шешу керек. Өйткені, бұл туралы да халықтың пікірі бір жерден шығып жатыр. Бұл жерде мемлекеттің өз нормалары бар. Ауыл айналасындағы жерлердің қазір жеке меншікте болуы әбден мүмкін. Сондықтан, сол жерлерді тұрғындардың мүддесі үшін, жайылымдық жерге айналдыру мақсатында мемлекет қажеттілігіне деп сатып алу керек шығар деп ойлаймын. Шығындарын төлеп, ол жерлерді жайылым ретінде тұрғындарға берсе, олар малдарын жайып, пайдасын көрер еді», — деді Б. Сағынтаев.
Алматы облысындағы жер реформасына қатысты комиссия отырысында 73 адамның пікірі тыңдалды. Еске сала кетсек, Жер реформасы жөніндегі комиссияның келесі отырысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өтеді.
«Бұған дейін бірнеше отырыс өтті. Оларда көптеген мәселелер көтерілді. Енді, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Исабекұлы Мырзахметов комиссия төрағасы болып тағайындалды. Сөйтіп, енді ол комиссияның келесі көшпелі отырыстарына жетекшілік жасайтын болады», — деді Б. Сағынтаев.