Зиялылардың саяси беделі қандай болу керек?
Қазір қазақта зиялы қалмады деген пікір жиі айтылып жүр. Бұған нендей себептер бар екен? Жұртшылық зиялы деген ұғымның қатарына негізінен, халықтың сөзін сөйлейтін адамдарды жатқызады. Қалай дегенмен, зиялы ұғымы – адамның білімінің деңгейіне ғана емес, сол білімнің әртүрлі жолдармен қоғамның игілігі үшін жұмсалуына қарай телінеді. Кеңестік заманда интеллигенция атаулының саяси беделі аса күшті еді. Тоталитарлық, авторитарлық жүйедегі қоғамда биліктен қысым көретін халық, белгілі бір топ білімді, жігерлі адамға үміт артатыны заңдылық. Ал капиталистік қоғамда, демократиялық елдегі зиялының рөлі мен бағыты, саяси салмағы қандай болмақ?
Күрескер болмаса, зиялы емес
Бейбіт заманда әскери сарбаздың шен алып, батыр атануы қиындайтыны сияқты, демократиялық қоғамда зиялы қауымның да толыққанды көрініс беруі сирек жағдай. Қайбір заманда болса да интеллигенция өкілі атанған есімдер, ең алдымен, күрескер болған. Халықты қанаушы билікке қарсы, кедейлерге күн көрсетпейтін шонжарларға қарсы немесе надандыққа қарсы күреседі. Ал енді бүгінгі күні бұл жағдай қалай болады? Мәселен, Дания мемлекетін алайық – экономикалық һәм саяси мәселелер толық шешімін тапқан деп айтуға болады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 39 мың доллардан келеді, елдегі қылмыстық көрсеткіштер өте төмен, сыртқы әскери қауіптер жоқтың қасы, елдің ғылым-білім және денсаулық сақтау саласы көптеген елдермен салыстырғанда көш ілгері жатыр. Мұндай жағдайда қоғамда күрескер тұлғалардың пайда болуы қиындайды және оған қажеттілік те шамалы. Дегенмен бүгінде Батыс елдерінде зиялы қауымның саяси салмағы басым деген пікір жиі айтылады. Алайда мұнымен толық келісуге болмайды. Себебі онда зиялы, білімді адамдардың емес, өнерлі адамдардың дәурені жүріп тұр. Саясаткерлер мен партиялар халықтан басым дауыс жинау үшін сайлаушылардың құрметіне ие болған Леди Гага, Джастин Тимберлейк секілді әншілерді, актерлерді немесе Дэвид Бекхем секілді футбол жанкүйерлерінің «құдайына» айналған есімдерді өз жағына тартуға тырысады (көбіне ақшалай ынталандыру арқылы).
Ал енді «бүгінгі қазақтың зиялылары қайда кетті» деген сауал туындайды. Бұған беретін алғашқы гипотезалық жауабымыз – қазақ осы өміріне толық қанағаттанып отыр. Сан жылдар бойы Кеңестік заманның қысымы мен теперіштерін көріп келген халық осы еркін өміріне риза. Дегенмен елімізде тіл мәселесі, дін мәселесі, тіпті экономикалық проблемалар да баршылық қой. «Зиялы қауым соны көре тұра қалай тыныш жатады» деген тағы бір сауал туындауы мүмкін. Қазақта тек деген ұғым бар. Қазақ қана емес, әлемнің көптеген елдері тектіден текті туатынын, тектілік тұқым қуатынын мойындайды. Ендеше, сталиндік репрессияның қазақтың қаймағын құрайтын 125 мың текті азаматты оққа ұшыратып, тұқымын құртқанын ескерсек, қазақтың қаймағының қайта түзілуіне біраз уақыт қажет-ау деген ой туындайды.
Зиялы қауым болашаққа бара ма?
Жалпы, демократиялық қоғамда «интеллигенцияның салмағы жоғалып, интеллектуалдардың беделі артады» деген ауызекі қағида бар. Бұл бір жағынан асыра айтылған тұжырым болғанымен, нақты өмірде осы қағиданың растығын дәлелдейтін құбылыстар көптеп байқалады. Мәселен, қайбір замандағы интеллигенция қоғамда болып жатқан кез келген салаға, кез келген оқиғаларға тікелей араласып отырды. Бір кездегі Алаш азаматтары ғылым мен өнерді қатар игеріп, нақты мамандықтан гуманитарлық салаға, одан билік істеріне араласып кете береді. Саяси-мәдени қайраткер атанған Смағұл Сәдуақасов әдебиет пен театр өнеріне ерекше еңбек сіңіргенімен, негізгі мамандығы – инженерлік. Қазақстанның шикізат көзіне айналып кетпеуі үшін Мәскеумен күрес жүргізеді. Академик Қаныш Сәтбаев қазақ геология ғылымының атасы бола тұра, әдебиетке сіңірген еңбегі орасан бағаланады. Ал қазірде көпшілік зиялы атап жүрген жазушылар мен өнер қайраткері еліміздің экономикалық мәселелері мен сыртқы саяси құбылыстар жөніндегі пікірлері көпшілікке қарабайыр болып көрінуі мүмкін.
Біреулер «зиялы қауым жоқ» дегенді айтса, енді біреулер «зиялы жоғалған жоқ, ол жаңа заманға бейімделіп, трансформацияланып жатыр» дегенді айтады. Бұл – ойға қонарлық пікір. Мәселен, бұл күнде есімі елге танылған адамдар тар шеңбердегі салаларға кетіп жатады. Немесе артынан өсіп келе жатқан балаларын міндетті түрде бизнеске, басқа да нақты салаға қарай икемдейді. Дегенмен «болашақта зиялы ұғымы жойылып, атауы пайдаланылмай кетуі мүмкін» деген пікірлер бар. Бірақ бұл «болашақта халық құлақ асатын элита болмайды» дегенді білдірмесе керек. Қоғам әр істе өзінің маманына құлақ асуға барынша бейімделуі мүмкін. Мәселен, қазіргі қоғамда жекелеген салаларға қатысты жиі қолданылатын сарапшы ұғымдары (саяси сарапшы, экономикалық сарапшы деген сияқты) кеңінен қолданысқа енеді.