Жиын өтті, жадымда жаңғырығы қалды
Былтыр жылдың соңында өткен мемлекеттік, әлемдік деңгейдегі ең бетке ұстар жиын – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитінен кейін оған қатысушы елдердің мемлекеттік лауазымды тұлғалары, түрлі мемлекеттік ұйымдар өзінше талдау жасап, өзінше ой түйді. Тобықтай түйін жасаған тағы бір құрылым болды, ол – үкіметтік емес ұйымдар яки қоғамдық бірлестіктер. Азаматтық құқықтық қоғам келбетін түзуде үлкен рөл атқаратын осы санаттағы ұйымның өкілін – «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанділда Әжіғалиұлы Жақыповты әңгімеге тартқан едік.
– Жанділда Әжіғалиұлы, сіз осы дүбірлі мәжіліске тағы бір беделді жиыннан соң, атап айтқанда, «Азаматтық қоғамның ЕҚЫҰ параллельдік конференциясынан» кейін қатыстыңыз. Саясаткерлер «параллельдік саммит» деп атап кеткен осы мәжіліс туралы айтып өтсеңіз.
– Параллельдік конференцияда кейбір мемлекеттердің қоғамдық өміріндегі, құқық қорғау саласындағы жетіспеушіліктер мен кемшіліктер туралы біраз айтылды. Дегенмен сол жиын барысында басқа елде орын алып жатқан құқық бұзушылықтарды естігенде, төбе шашым тік тұрып, өзімнің мемлекетім үшін ризашылық, тәубешілдік сезім бойымды толқытты. Дәл осы өз еліміздің, өз үйіміздің берекесі үшін қанағаттанарлық сезім 2009 жылы Польша жерінде болған ЕҚЫҰ-ның адам құқығы саласындағы шолу конференциясында алғаш рет бойымды тебіренткен еді. Армения, Шешенстан, Грузия секілді бізге жақын елдердің өзінде адам құқығының аяқасты болып жатқандығын осы ЕҚЫҰ мінберінен естігенімде, ішімнен «біз айналайын екенбіз ғой» деген ой келді де отырды. «Сызықтың түзу екендігін сол сызықтың қасында қисық сызық болғанда ғана білесің» деп айтқан екен бір данышпан философ. Жалпы, шетелдерге шыққан өзге де сапарларымда бастан кешкен кейбір эпизодтарым біздің өмірімізді осы салыстыру арқылы көп биіктетіп жүрді.
– «Астана саммиті Стамбулдан кейін 11 жылға үзіліп қалған жоғары деңгейдегі кездесулер өткізу дәстүрін қалпына келтіреді. Ал мұның өзі – ұйымды дәуірлету белгісі. Біз бүгін Еуроатлантикалық және Еуразиялық біртұтас және ажырағысыз қауіпсіздік қауымдастығын қалыптастыруды бастап береміз», – деді ғой Елбасы. Сіздің бұған қосарыңыз?
– Хиллари Клинтон ханымның өзі біздің жетістіктерімізді мақтаныш етуге шақырып, жетіспеушілігімізді сынға алу керектігін дипломат ретінде айтты деп санаймын. Себебі параллельдік конференцияның өзінде Қазақстандағы билікті сынау көп болды. Алайда сол отырыс барысында өзімізге көрші өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік елдері мен Ресей және Қиыр Кавказда көптеген адам өлтіру мен мыңдаған заңсыз бас бостандағынан айыру, еркін сөз бен әділ соттың мүлдем жоқтығын т.б. адам құқығы жағынан орын алған оқыс мысалдарды көп естідік. Оның қасында біздің елімізде «бәрі жаман» деп айтушыларға көңілім толмады.
«Біз кедейшілік өзіміздің жас демократиямызды кемсітпеуі үшін алдымен экономиканы дамыттық, – деді Президентіміз. – Өйткені Қазақстандағы тұрақтылық – бұл, ең алдымен, сенімді экономикалық өсу». Барлық 140 этностың және 46 конфессияның төзімділігі, татулығы мен келісімі республикамыздың қоғамдық өмірінің берік іргетасы болып отырғанын да Елбасымыз қадап айтты.
Осыдан екі ай бұрын мен «Рухани мәдениеттің әлемдік форумына» қатысып, өзімнің Қазақстан азаматы екеніме риза болып қайттым. Себебі де – сол. Еліміздегі тыныштық, тұрақтылық, сосын қазағымыздың кеңпейіл қонақжайлылығы, мен айтар едім – қонақ күтудегі бірегей ерекшелігі. Мен осы жиынға келген Үндістан елінің өкілі мен АҚШ азаматтарына түскі үзіліс мезетінде ел ішінде жүрген бір әңгімені, құқықтық қиссаны айтып күлдіргенім бар. «Осыдан бірнеше ғасыр бұрын үлкен жолда арып-ашып келе жатқан жолаушы астындағы көлігі болдырып, күн бата кезіккен бір ауылға түнеуге мәжбүр болса, әлбетте, кездейсоқ кез келген үйдің қазығына атын байлайды. Киіз үйде құлып түгіл, көлденең адамға кедергі болар дәнеңе де болмайды. Енді жол жүрген жолаушының, қонақтың құқығына бірден көшейін. Қонағымызды сол тоқтаған үйінің отбасы түгел жылы қабақпен төрге отырғызып, алдына асылған ет пен жылы-жұмсағын қояр, қалыңдап көрпе-төсегін салар, атына да жем-азық қояр. Тіпті үстіне шапан жауып, шаршаған көлігін де тың атқа айырбастап берген. Бірақ қандай да бір себеппен осы қонаққа немкетті қаралса, онда әлгі жолаушы ауылдың ақсақалдар кеңесіне уәж айтқан. Үлкендер бәтуаласып, салғырт қараған үйге жазасын жариялап, қонақты тиісті дәрежеде күтіп жіберген».
Тарих қойнауында жетілген бұл мінез – біздің саф қазақшылығымыз! Мен осыны ағылшынша шетелдік әріптестеріме жеткізгенде, олар таңданыстарын жасыра алмай, өте риза көңілмен мәз-мейрам болды. Оларға біздің табиғи дарқандығымыз бен жұмсақ мінезіміз шынымен таңсық дер едім.
– Сіз көптеген жыл бойы Ресей елінде, оның алдында Германия мемлекетінде қызмет еттіңіз. Соңғы 15 жылда туған жеріңізге қайта оралдыңыз. Екі бірдей адам құқығы жөніндегі ұйымдарға жетекшілік етесіз. Көкейіңізге сауал боп орнайтын қандай келеңсіздіктерді байқайсыз?
– «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігі сонау 1997 жылы Қазақстан халқы Асcамблеясы мүшелерінің қолдауымен халыққа тегін заңгерлік кеңес беру мақсатымен құрылған. Женева қаласындағы БҰҰ-да тіркелген. Хегай Аркадий Юрьевич атты беделді азамат басшы болған, өзі ІІ дәрежелі мемлекеттік кеңесші, әділет генерал-майоры, «Құрмет» орденінің иегері. Сол азамат басшы болып тұрғанда, репрессиядағы 20 мыңға жуық азамат пен олардың үрім-бұтағы сот, прокуратура арқылы толығымен ақталып шықты.
Мен 2007 жылы мемлекет қызметінен денсаулыққа байланысты босап, осы ұйымға президент боп тағайындалдым. Бірлестіктің негізгі миссиясы: азаматтардың заңгерлік сауаттылығын көтеру және құқықтық жауапкершілігін арттыру, еліміздегі демократиялық процеске өз үлестерін қосуына жағдай жасау. Бүгінде біз 32 мыңнан астам адамға заңгерлік көмек көрсеттік. 2009 жылы біздің бірлестік Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен еліміздің сегіз облысында халыққа тегін заңгерлік кеңес беру орындарын ашты. Осы жұмыстың нәтижесінде біздің ұйым лауреат есебінде марапатталды. Әлеуметтік мәселелер төңірегінде көз жеткізгеніміз – еліміздегі азаматтардың құқықтық сауаттылығы өте төмен болып шықты.
Ал екінші бірлестік «Қылмыстық атқару реформасы» деп аталады. 2002 жылы Халықаралық құқық қорғау орталығының қолдауымен құрылған. Міндетіміз – түрмеде отырған, сотталған азаматтардың құқығын қорғау, олардың проблемаларына бейжай қарамау, қоғамдық өмірге қайта қосылуына көмектесу. Өз басым осы салада қазір ғылыми жұмыстар жүргізудемін.
Тағы бір көңілімнің толмайтыны – тіл мәселесі. Осы 2010 жылы өз басым мемлекеттік тіл төңірегінде көп ойландым, осы жағдай туралы мәселелер де көтердім. Қара қазағымыз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы туралы өз тілінде басылымдарды толығымен көре де, таныса да алмады. ЕҚЫҰ құрылғаннан бергі шығарылған декларация мен ұсыныстарды қазақ тіліне аудару мәселесі толығымен шешілмеген. Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тіліміздің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеу керек», – деп түйіндеген сөздеріне қарамастан, тілге деген ілтипат кем.
– Елімізді төрткүл дүниеге танытудың әліппесі әлі де парақталуда. Айтыңызшы, қазақ елінің жер-жаһанға мәшһүр болуы қаншалықты маңызды?
– Бұрын-соңды елімізді білетіндер тек қана Қазақстанның Қытай мен Ресей елдерінің ортасында орналасқанын, географиясын білетін еді. Тағы бір білетіні – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық бомбадан бас тартуы, сосын бірнеше жыл бұрын біздің ЕҚЫҰ-да 2010 жылы төраға болатындығымыз туралы ақпарат.
Азиаданы өткізумен басталған жаңа жылда тағы бір маңызды төрағалық тосып тұр емес пе? Исламдық конференцияны басқару, сонымен қатар Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесі 2011 жылы Қазақстанды әлемге таныту қарқынын күшейтпек.
Бұл болғалы отырған шаралар қазақстандықтардың ұлттық мақтанышын одан ары өрістетуге жаңа мүмкіншіліктер беріп отыр.
ЕҚЫҰ саммитінің алдында Қазақстан туралы сыртқы саясат алаңында «ашулы Бораттар» туралы ғана айтылып, әлем жұртшылығының еліміздің респектабельді саясаткерлері мен мемлекеттік қайраткерлері туралы бағасы жоғарылау емес еді деп ойлауға негіз бар. Ал енді әлемдік қауымдастық біздің Мемлекет басшысына өткізілген саммит үшін, Астана үшін, тыныштық пен ынтымағымыз үшін жылы лебіздерін білдіруде. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, қандай заманда да әлемнің бір бұрышын ұстап тұрған Рим папасының елшісін саммит мінберінен Абай Құнанбаев атамыздың Махаббат пен Адалдық туралы данышпан сөздерін айтқызуға көндіру мүмкін емес еді ғой! Жоғары жиындардың биік мінберлерінен небір саяси қатал сөздерді мен өз құлағыммен еститінмін. Ал біздің еліміздің атына, төрағалығымызға мысқалдай да теріс емеурін, мін айтылған жоқ. Осыған мың да бір тәубе!
– Әңгімеңізге көп рақмет! Азаматтарымыздың құқықтарының аяқасты болмауы жолындағы қажырлы еңбегіңіз жемісті болғай!