"Жұмысқа алыңызшы": Назарбаевтың желідегі парақшасына қандай хаттар келеді
Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатқанына қарамастан, ақпарат кеңістігінде белсенді. Бүгінде Instagram желісінде Елбасы баспасөз қызметінің арнайы парақшасы да бар. Ал тұңғыш президент ғаламторда талқыланатын тақырыптардан хабардар ма? Бұл сұраққа Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жауап берді деп жазады BAQ.KZ.
Елбасының баспасөз хатшысы бүгінде парақшаға келіп түсетін хат-хабарлардың саны артып жатқанын айтады.
"Әлбетте, олар бойынша Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы есеп дайындалады. Әлеуметтік желі, ақпараттық ресурстарға мониторинг жасап, трендтерді айқындап, жаңалықтар топтамасын беріп отырамыз. Солардың кейбіріне Елбасы соңғы сұхбатында арнайы тоқталып кеткен болатын", - дейді Айдос Үкібай.
Сонымен қатар, ол бүгінде билік пен халық арасындағы диалог жаңа деңгейге шыққанын, сондықтан трендтен қалыс қалмауға тырысатынын тілге тиек етті.
"Қазіргі таңда Instagram парақшамызда 20 мыңнан астам қолданушы бар. Белсенді жұмыс бастағанымызға бірнеше ай ғана болды. Хаттар жайлы айтар болсақ, оқырмандардан сан-алуан хаттар келіп жатыр. Көпшілігі Елбасыға жақсы тілектер айтып, қолдауын білдіріп жатады.
Кейде қызықты, ерекше хабарламаларды көреміз. Мысалы, өткенде бір қолданушы "Құрметті Елбасы, мені жүргізуші етіп жұмысқа алыңызшы" деп жазыпты. Тағы бір Иманжанова Жанна есімді оқырман "Жаңа ғана түсімде Елбасымен сөйлесіп отыр екенмін! Өзім соған қатты қуанып отырмын! Рахмет Сізге, Елбасы!" деп түсінде көргенімен бөлісті. Дегенмен, нақты проблемаларын жазатындар да жоқ емес. Біз оларды жауапты мекемелерге, "Nur Otan" партиясына жібереміз",- деп толықтырды Елбасының баспасөз хатшысы.
Жалпы алғанда, Айдос Үкібай азаматтар негізгі мәселелерін Қазақстан Республикасының "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" заңына сәйкес құзырлы органдарға тікелей жібергені жөн деп есептейді.
Дегенмен, ол біздің қоғамда бастыққа, әкімге, министрге, тіпті президентке кіріп айтпаса, хат жазбаса іс бітпейтіндей ой қалыптасқанын жоққа шығармайды.
"Оның астары да жоқ емес. Жергілікті деңгейде мәселе шешілмеген соң тұрғындар осылай жасауға мәжбүр. Ауыл, аудан, қалалардың деңгейінде шешілуі тиіс мәселелер республика деңгейіне шықса, жергілікті билік өкілдерінің жұмыс тиімділігіне және сапасына назар салу керек деген ой туындайды.
Сол себепті де Елбасы Партия фракциясына әлеуметтік желідегі жұмысты күшейтіп, халықтың мұң-мұқтажына уақытылы жауап беруді, қоғамдық қабылдауларды белсенді ұйымдастыруды, қоғам талқысындағы резонансты мәселелерге араласып, пікір білдіріп отыруды тапсырды",- дейді Назарбаевтың баспасөз хатшысы.