Азат Перуашев: Мәжіліс сайлауына ұсынған кандидаттарымыздың 60 пайызы – жаңа адамдар
«Ақ жол» демократиялық партиясының Мәжіліс сайлауына ұсынған партиялық тізіміндегі кандидаттардың 60-дан астамы - жаңа азаматтар. Бұл туралы партия төрағасы Азат Перуашев Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингіде айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Негізі біздің Мәжіліске ұсынатын тізімімізде 54 үміткер бар. 54 үміткердің ішінде заңның талабы бойынша, 18 адам, яғни, кандидаттардың 33,3 пайызы - әйел әріптестеріміз, жастар және кемтар азаматтар», - деді ол.
Оның айтуына қарағанда, бүгін ОСК тіркеген тізімде бұған дейін «Ақ жол» ҚДП атынан V, VI, VII шақырылымда болған депутаттар да бар.
«Қазір нақты айта алмаймын, бірақ тізімдегі 20-дан астам адам жергілікті филиал басшылары мен өкілдерінен іріктелді. Жаңадан келіп қосылған үзеңгілестер бар. Шамамен өзгергені 60 пайыздан кем емес. Тізімдегілердің 60 пайыздан астамы – жаңа азаматтар», - деді Азат Перуашев.