Күйзеліс буын ауруларына әкеліп соғады
Күйзеліске ұшыраған адамда артрит пен артроз сынды буын аурулары жиі кездеседі дейді Еуропа ғалымдары. Frontiers in Public Health ғылыми журналы жариялаған мақалада мамандар күйзелістен келетін аурулар жайында кең көлемде мәлімет таратып отыр.
Ғалымдар зерттеу жұмыстарын медицинасы аса жоғары дамыған Швейцария елінде жүргізді. Оған жасы 15-тен асқан 14 348 адам қатысқан. Жалпы, ғалымдардың Швейцарияны таңдауы бекер емес. Өйткені, бұл елде жыл сайын 400 мыңнан астам адам күйзеліске ұшырайды екен. Ал, әлем бойынша бұл көрсеткіш 350 миллионды құрап отыр.
Осынау зерттеу жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, күйзелістің салдары буын ауруларына, атап айтқанда артроз бен артритке алып келеді екен. Оның себебі мынада: әдетте күйзеліске спортпен шұғылданбайтын, қимыл-қозғалысы аз адамдар ұшырайды. Ал, олардың буындары бірінші болып ауруға шалдығатыны айтпаса да түсінікті.
Артрит - көп жағдайда мүгедектікке әкеліп соғатын, әртүрлі ревматикалық аурумен анықталатын созылмалы қабыну, ал артроз - жеңіл жарақат алғаннан, физикалық жүктеме көп түскеннен және суық тигеннен пайда болатын ауру түрі.
Мамандардың айтуынша, бұл аурулардың алдын алу үшін тамақтану тәртібін дұрыс сақтап, салауатты өмір салтын ұстану керек, суық тиюден және жарақатқа әкеліп соғатын ауыр жұмыстардан сақтану керек екендігін айтты.