Дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймай, науқасты әуреге салуы олардың біліксіздігінен бе, әлде жауапкершіліктен қашу ма?
Совет-Хан ҒАББАСОВ, медицина ғылымының докторы:
– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыттың ішінде екі жүйе қатты тұралап қалды. Бірі – медицина саласы болса, екіншісі – білім саласы. Жемқорлыққа батып, заңсыздықтар орын алып, небір тәртіпсіздікке жол беріп жатқан бұл жүйелердің зардабын қарапайым халық тартып жатыр. Халық та бұл мамандарға деген сенімін жоғалтты. Қазір халық ауырса, дәрігерге қаралудан қорқып тұрады. Себебі дәрігер науқастың ауруынан гөрі қалтасындағы ақшасына бірінші мән береді. Бұл білімсіз, біліксіз дәрігердің әрекеті екені түсінікті. Дәрігер өзін адам жанының арашасы ретінде емес, мамандығын «ақша табудың көзі» деп қана түсінеді. Сондықтан мамандығын ойлап білімін жетілдіруді, аурудың науқасын дәл анықтауды ойламайды, ойлауға шамасы да жетпейді. Оның үстіне білімі жоқ дәрігер жауапкершіліктен қашпағанда не істейді? Науқастың ауруы асқынып кетсе де бәрібір, келесі дәрігерге сілтеп отыра береді. Тек науқас өз алдында өліп қалмай, кетіп қалса болды. Медицина саласының сынға ұшырағанына біраз уақыт болды. Бірақ келеңсіздіктер жойылар емес. Бұл – өте қорқынышты нәрсе. Медицина саласына қатаң тәртіп орнатар кез жетті. Тіпті дұрыс диагноз қоймақ түгілі, дәрігерлер дәріханалармен жең ұшынан жалғасып алып, науқасқа керекті-керексіз дәрілерді сатып алуына анықтама жазып береді. Олар үшін дәріханадағы дәрісі өтсе болды. Ал ол дәрілер науқасқа пайдасы бар-жоғына бас ауыртпайды да. Алла тек ауыртпасын...
Нұра ТЫНЫСҚЫЗЫ, заңгер:
– Қазіргі таңда дәрігер алдына барған науқастардың жартысынан көбі дұрыс диагноз қойдыра алмайды. Мұның себебі дұрыс диагноз қоюға дәрігердің білімі мен білігі жете бермейді. ҚР қылмыстық кодексінде өз кәсібіне жауапкершілікпен қарай алмаған дәрігерді айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыру жазасына дейін қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Қосымша мамандығына байланысты лицензиясын қайтып алу секілді талаптар да қарастырылған. Алайда көп жағдайда бұл жазалар қолданылмайды. Дәрігерден зардап шеккен науқастар қанша қудаласа да, әділдікке жете алмай жатады. Бұл – дәрігерлерге деген заңның әлсіздігі. Сондай-ақ өз ісіне сенімді адам жауапкершіліктен қашпайды. Дәрігерлер өзінің біліміне сенбегеннен кейін жауапкершілікті мойнына алудан қашады.
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, саясаттанушы:
– Қоғамдағы күннен-күнге жағдайлары оңалу орнына кері кетіп бара жатқан мұғалім мен дәрігер мамандықтары туралы ештеңе айтқым келмейді. Адамға ең керекті мамандық бола тұра, екі мамандықтан да қадір қашты. Қазір қанша сынап жатсақ та, олардан нәтиже жоқ. Бұл олардың қауқарсыздығының көрінісі болса керек. Емханаға барып қай кабинетке бас сұқсаңыз да, дәрігерлер көміліп қағаз жазып отырады. Яғни жоғары жақ олардан соны талап етеді. Дәрігерге сонша көп қағаздың не керегі бар? Оларды қағазбастылықтан арылтып, жұмыс істеуіне жағдай жасайтын кез келді ғой. Мемлекеттік қызметкер ретінде жиналыстар мен партияның жиындарында да залды толтырып отыратын – дәрігерлер. Өзіміз осылайша олардың жұмыс істеуіне жағдай жасамай отырмыз. Жалақылары да мардымсыз. Сондықтан алдымен жағдай жасап барып, талап қою керек. Қазір мектепті енді бітірген баланың өзі мұғалім мен дәрігер болудан қашады. Себебі абыройсыз жұмыс екенін біледі. Осы орайда алдымен дәрігер мен мұғалім мамандығының беделін көтеріп алу керек. Жағдайы жоқ адамға сын айту – ұят тірлік.