Еңбек кодексін бұзған шетел жұмысшыларымен бірге мекеме басшысын да неге қатаң жазаламасқа?!
Ғабиден ЖАЙЛИН, заң ғылымының кандидаты:
– Әрине, қылмыстың да, жазаның да түрлісі болады. Мәселен, ел аумағындағы шетелдік компаниялар жұмысшы алу ережесін бұзса, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұнымен қоса жіберген қателіктеріне байланысты олар қылмыстық не болмаса мүліктік жазаға да тартылуы мүмкін. Бұл жағынан біздің заңымыз ешқашан есе жібермейді. Екіншіден, шетелдік компанияларға жазаны қатайта беруге болмайды. Себебі олар заңды түрде тіркелгендіктен, Қазақстанның тәртібімен жұмыс істеп жатыр, біздің елге пайда келтіруде. Бүгінде Қазақстан өзін әлемде экономикасы тұрақты, бейбітсүйгіш ел ретінде көрсетіп отыр. Осы арқылы еліміздің халықаралық беделі жоғарылап, инвесторлар көп тартылуда. Егер жазаны тым қатайта беретін болсақ, бұл беделден айырылып қалуымыз кәдік. Үшіншіден, заңды қай кезде қатайтуға болады? Егер шетелдік компаниялардың ісі шектен шығып, еңбек кодексіне бағынбайтындай болса немесе екі ел арасында араздық туатын болса, сонда ғана заң қатайтылады. Ал мұндай келеңсіз оқиға бізде жоқ, әрине. Мұның бәрі Қазақстанның халықаралық міндеттемелерінде жақсы көрсетілген.
Хайрулла ҒАБЖӘЛЕЛОВ, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті:
– Бұл – үлкен мәселе. Біздегі асқынған аурудың бірі дер едім. Мынаны қараңыз, қазір облыстарда шетелден келген компаниялар жұмыс істеп жатыр. Олардың еңбек кодексін бұзып жатқаны туралы жиі айтылады. Дегенмен ешқандай шара қолдана алмай отырмыз. Неге? Себебі облыс әкімдігі, прокуратура, салық басқармасы, қаржы полицейлері, басқа да құқық қорғаушылар олардың істеріне көз қысып қарайды. Көп жағдайда олар тек пара алумен шектеліп қалады деуге болады. Сондықтан ең алдымен шетелдік компаниялардың ісіне немқұрайды, көзді жұма қарағаны үшін құқық қорғаушыларға жаза қолдануымыз керек. Сондай-ақ жазаны үнемі ұлғайтып отыру керек. Екіншіден, Еңбек кодексін бұзған шетелдік компания басшыларын жазалап, компания жұмысын тоқтату керек.
Бексұлтан ҚҰРМАНҚҰЛОВ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі:
– Бұл мәселеге арналған бізде ҚР Еңбек кодексі бар. Онда отандық және шетелдік жұмысшылар мен жұмыс берушілерге қатысты баптар енгізілген. Дей тұрғанмен, кейде шетелдік компаниялар еңбек тәртібін, еңбек кодексін бұзады да, көп жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал қатаң жазаға келгенде бас тартып кетеді. Мәселен, бір компанияның бірнеше рет айыппұл төлеп, жұмысын жалғастырып жатқаны жайлы фактілер бар. Менің пікірімше, бұл дұрыс емес. Себебі шетелдік компаниялардың ұғымында айыппұл төлесек болды екен деген пікір қалыптасып кетуі мүмкін. Сондай-ақ осы күнге дейін көптеген компаниялардың жұмысшылары елдеріне кері қайтарылды. Ал компаниялар сол күйінде әлі жұмысын жалғастырып жатыр. Елдеріне кері қайтарылып, онда құжатын ауыстырып, қайта келіп жатқан жұмысшылар да бар. Мұның барлығы кейбір шетелдік компания басшыларының тәртіпке бой ұсынғысы келмейтінін көрсетеді.