Отандық мультипликацияны дамытудың қандай жолдарын ұсынасыз?
Батыр ХАМЗАҰЛЫ, аниматор:
– Мультипликацияның Америка мен Жапонияда қарқынды дамығаны белгілі. Себебі бұл елдерде комикс өнері ертеден қалыптасқан. Кейінгі кезеңдерде осы тарихи тәжірибе оларға мультфильмді дамытуға мүмкіндік берді. Ал бізде карикатура немесе соған ұқсас өнімдер шығару тәжірибесі өте кеш пайда болды. Кеңес Одағы кезінде шетелдің кинематографиясына тағы қызығушылық таныта алмадық. Мультипликаторларға керекті дереккөз болмады. Ал бүгінде мүмкіндік көп. Бірақ толықметражды мультфильм жасауға ақша бөлетін демеуші табу өте қиын. Бұл – бір. Екіншіден, біздің жоғары оқу орындарында бұған маман даярлайтын бөлімдер жоқ. Анимация жасауға қызығушылық та бәсең. Балаларға америкалық телеарналардың орысша нұсқаларын көрсетіп жүрміз. Сондықтан мультфильмдер жасайтын студиялар ашылып, арнайы курстар болуы қажет, жастардың қызығушылығын арттыру керек.
Жаңабек ЖЕТІРУОВ, кинорежиссер:
– Ең алдымен, тәжірибелі мамандарды көбейту керек. Екіншіден, бізде мультфильмдерді сапалы жасауға қажет техника жетіспейді. Ал бұл сала ең соңғы технологиялармен бірге дамып отыр. Сапалы дүние жасалмайтындықтан, көрермендердің өзі батыстың мультфильмдеріне әуес болып кетті. Өз мультфильмдерімізге онша құштарлық танытпайды, менсінбейді. Сондықтан бұл салаға мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет. Қазір Жәкен Дәненов деген ағамыз «Ер Төстік» мультфильмін түсіріп жатыр. Бұған көп қаржы бөлінді. Егер бұл фильм техникалық-көркемдік жағынан өте жоғары деңгейде шығып жатса, онда біздің мультипликацияға үлкен үміт артуға болады. Жәкен ағамыз қазіргі жастардың ойлау жүйесіне, талғамына сай дүние жасауға тырысып отыр. Осы мультфильмнің жарыққа шығуы отандық мультипликация төңірегіндегі қордаланған мәселелерге жауап береді деп ойлаймын.
Мақсұт ЖАРЫМБЕТОВ, режиссер-мультипликатор:
– Кез келген жақсы дүниені жасау үшін қаржыландыру да жақсы болуы керек. Бүгінде мемлекеттің бұл салаға бөліп отырған қаржысына жылына бес-алты мультфильм жасауға болады. Ал саланы дамыту үшін біз жылына 10-нан астам дүние шығаруымыз қажет. Өйткені мультфильм – идеология құралы, ол – тәрбие құралы. Қазір балаларымыз алыс шетелдік өнімдерді тамашалап жүр. Ресейлік фильм көрсе, соған қуанатын болдық. Біз қазіргі шығармалардың, халық ертегілерінің, эпостардың негізінде отандық мультфильмдерді көптеп шығаруымыз керек. Сол үшін салаға қыруар қаржы керек, негізінде бізде суретшілер де, мультипликаторлар да бар, бірақ аз қаражатқа ешкімнің жұмыс істегісі келмейді. Ақша болса шығармашылық күш табылады.