Отандық телеарналардың зорлық-зомбылықты көрсетуіне тыйым сала аламыз ба?
Ахмет ДҮЙСЕНБАЕВ, психофизиолог:
– Қарап отырсақ, соңғы кездері отандық телеарналарда атыс-шабыс, қылмыстық оқиғалар жиі көрсетіліп кетті. Халық бүлініп бара жатқандай. Сондықтан бұл өзекті мәселе болып тұр. Ресей телеарналарының да әсері жаман, бірақ олар бізге бағынбайды, ал қазақстандық арналардың мұндайды көрсетуіне тыйым салу керек. Болған қылмыстарды жаңалық ретінде көрсетуге болар, бірақ оны әшкерелеп, жиіркендіріп көрсету қажет. Жаңалықтардан айтылатын қылмыскерлердің әрекетін жастар әлдеқандай ерлік, батырлық деп қабылдамайтындай болуы тиіс. Сол сияқты, Американың зорлық-зомбылық киноларына еліктеу бар. Америкаға еліктеп, мұндай киноларды – Ресей, Ресейге еліктеп, біз де шығарып жатырмыз. Қазір Иранды көпшілік жақтырмайды, бірақ бұл елде тәртіп қатты, ғаламтордан бастап, барлық ақпарат құралында тәрбие мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Бізде бұл тұрғысында дінбасылардың да рөлі күшті емес.
Серік НҰРМҰРАТОВ, философия ғылымының докторы:
– Телеарналардағы зорлық-зомбылық көріністері, сондай ақпараттар қоғамға теріс әсер етіп отыр. Біз адамдарды руханилыққа тәрбиелеуіміз керек. Бірақ, меніңше, мұндай нәрселерге тыйым салу әзірше мүмкін емес. Телеарналар қашан да төтенше оқиғаларды көрсетуден ұпай жинайды, көрермен тартады. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары, жалпы адамзаттың дүниетанымы тұтыну психологиясына бағынып отыр. Неғұрлым елең еткізетін дүниені көп көрсетсе, оның тұтынушысы да соғұрлым көп болады және табатын пайдасы да соғұрлым еселенбек. Осындай прагматикалық көзқарас бізге адамға келетін зиян жайлы ойлауға мұрша бермейді. Мемлекеттің де телеарналарға тыйым сала алмайтыны сондықтан. Қазіргі қоғамның өзінде күштінің ықпалында жүру психологиясы басымырақ. Зорлық-зомбылықты насихаттаудың дұрыс еместігі айтылуы мүмкін, ал іс жүзінде оған тыйым болмай жатады.
Дмитрий ДВОЙНЕВ, тележурналист:
– «Тыйым сала аламыз ба?» деген – оңай сұрақ емес. Зорлық-зомбылық ұғымының өзі, оның нақты әсері мұқият зерттелуі керек. Себебі әлдекімдер үшін маса өлтіру де зорлық болып есептелуі мүмкін. Біз Ұлы Отан соғысы туралы әскери-патриоттық фильмдерді тамашалап, тәрбиелендік. Керек десеңіз, оларда да зорлық-зомбылық, атыс-жарылыс болды. Меніңше, телеарналар мен кинематографияны бұлай кінәламау керек. Есі дұрыс адам атыс-шабыс туралы фильмді көре салып, қандай да бір сорақы әрекетке бармайды. Адам тәрбиелі, ақылды, әрі заңды сыйлайтын болса, оған ешқандай келеңсіз көрініс әсер етпейді. Сондықтан бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген жөн. Телеарналар мен кино саласында онсыз да цензура бар. Ғаламтордағы зорлық-зомбылықты насихаттайтын ресурстарға келсек, онда тыйым салумен келісуге болады, өйткені жастар отырған монитордың арғы жағында сананы улап, зорлықты қалай және не үшін жасау керектігін керемет сөздермен, әдістермен түсіндірушілердің болатыны рас.