Түркі тілдес мемлекеттердің интеграциясын дамыту үшін нақты қандай шаралар ұсынасыз?
Ғарифолла Әнес, филология ғылымының кандидаты, лингвист-ғалым:
– Соңғы уақыттарда түркі тілдес мемлекеттердің бірігу қажеттілігі турасында жиі-жиі айтылып, биік мінбелерден талқылана бастады. Бұл идеяны енді нақты іс-шаралармен жүзеге асыру ғана қалды. Түркі тілдес мемлекеттердің тарихи тамыры бір болғандықтан, олардың өзара ынтымақтастығын дамыту аса қиын шаруа емес. Бұл үшін ең алдымен Түркі кеңесіне кіретін өзге елдермен қатар, Қазақстан да латын алфавитіне көшуі керек. Бұлай болмаған күнде ақпараттық кеңістігіміз тарылған үстіне тарыла бермек. Бұған қоса түркі халықтарына ортақ Терминологиялық қор жасауымыз қажет. Бірақ біз жаңа сөз ойлап табудан аулақ болуымыз қажет. Ол үшін ғалымдар бас қосып, үлкен ғылыми жұмыстар жүргізілуі тиіс. Осы орайда бір айта кетерлік мәселе, біз түркі мемлекеттері арасында ортақ тіл қалыптастыра алмаймыз. Бұл мүмкін де емес. Біз тек ортақ алфавит, яғни ортақ жазу ғана қалыптастыра аламыз. Бұлай болған жағдайда түркі әлемінің байланысуы мен өзара түсінісуі арта түсер еді.
Асылы Осман, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:
– Қазақ айтады: «Бармасаң, келмесең, жат боласың». Осы бір қарапайым ғана сөздің түбінде үлкен мән жатыр. Сол себепті бүгінгідей жаһанданған әлемде түркі мемлекеттерінің интеграцияға нақты қадам жасап отырғаны біздің тұтастығымыздың кепілі бола алады. Күні кеше ғана алты түркі тілдес мемлекет басшылары бас қосып, осы мәселелердің бір шешімін тапқандай болды. Бұл ретте түркі әлемін біріктіру бастамасы Қазақстан тарапынан бастау алғандығы біздің шын мәнінде ықпалды мемлекетке айнала бастағанымызды көрсетіп отыр. Түркі халықтарының бір мәмілеге келіп отыруы – заңды құбылыс. Өйткені біздің дініміз бен тарихымыз бір. Сондықтан да бұл бастама алдағы уақытта ары қарай жетіліп кетуі үшін түркі дүниесін зерттеп жүрген тілші, тарихшы ғалымдар ортақ тарихымыз бар екендігін әлемге барынша жария етуге тиіс. Бұл идея әсіресе бүгінгі жас ұрпақтың санасына мықтап сіңірілуі қажет.
Сайын Борбасов, саясаттанушы:
– Түркі тілдес халықтардың ынтымақтасуын нығайту үшін бірқатар мәселелер өз шешімін табуы тиіс. Біріншіден, Түркі кеңесінің барлық мүше мемлекеттеріне ортақ латын алфавитін қабылдауымыз шарт. Бұл өз кезегінде рухани кеңістігімізді кеңейтумен қатар, саяси, экономикалық бағыттағы қарым-қатынасымыздың жақсаруына септігін тигізбек. Екіншіден, Түркі кеңесіне кіріп отырған алты мемлекет арасындағы ірі экономикалық байланыстар мен шағын сауда-саттықтағы алыс-берісті жеңілдету үшін ортақ кедендік жүйе жасақтау қажеттігі туындайды. Бұл Қазақстан нарығының экспортқа шығуына кең дәліз ашып береді. Үшіншіден, әскери саладағы ынтымақтастығымызды жетілдіру керек. Жалпы, түркі халықтарының интеграцияға бет бұруы бұл біздің саяси қауіпсіздігіміздің күшеюіне мүмкіндік береді.